Басты бет » Жаңалықтар » 93 түлекке диплом тапсырылды

93 түлекке диплом тапсырылды

Сенбі күні Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының 93 түлегіне дипломдар мен төсбелгілер табысталды. Аталған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров қатысты.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев түлектер мен олардың ата-аналарын қуаныштарымен құттықтап, жылы лебізін арнады.

  • Әрбір мемлекеттің болашағы, дамуы оның қауіпсіздігіне байланысты. Сол қауіпсіздікті қамтамасыз ететін азаматтар үшін бүгінгі күн — тарихи күн. Сіздер жоғары оқу орнын бітіріп, еліміздің, Отанымыздың, халқымыздың алдындағы азаматтық борышты өтеуге кірісесіздер. Офицер — әскердің абыройы. Офицер тек мемлекеттік қызметкер емес, ол жеңісті ұйымдастырушы, басқарушы. Өздеріңіз білесіздер, биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Ең негізгісі, біз өз ұрпағымызды, жастарды Отанды, ұлтты сүюге тәрбиелеуіміз керек. Әрбір қазақстандық Қазақстанның нағыз патриоты болуы керек. Өзінің туған жерін ұмытпауы керек. Мен облыс басшылығы атынан бүгінгі түлектерді лейтенант атануымен, сондай-ақ олардың ата-аналарын қуаныштарымен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге сәттіліктер тілеймін, — деді ол.

Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров жиналғандарға Қорғаныс министрінің құттықтау хатын оқып берді.

Сондай-ақ шарада түлектердің ата-аналары жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Шара соңында оқу орнын лейтенант дәрежесінде тәмамдаған түлектерге дипломдар мен төсбелгілер табысталды. Диплом табыстау рәсімінен соң сапта жүріп өткен түлектер алаңда би ұжымдарының бишілермен вальс биледі.

Айта кету керек, жоғары оқу орнын бітірген 93 түлектің 11-і — Қырғызстан республикасы мен Тәжікстан республикасының әскери қызметкерлері. Олар ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бағдарламасы арқылы жоғары оқу орнына түскен.

Д.ТАУАНОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*