Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Жерлестеріміздің табыстары қуантады

Жерлестеріміздің табыстары қуантады

Ажар ЖҰБАНОВА,

академик, биология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

 — «Туған жер» республикалық форумы — бұл адамдарды ізгі мақсат жолына біріктіру жолы. Біздің ұғынып отырғанымыздай, бұл шараның негізгі көздеген мақсаты — біздің тамаша Ақтөбе жері үшін, біздің тамаша жерлестеріміз үшін мақтаныш сезімін тудыру! Менің өзім де осындай көңіл-күй жетегінде елге келмекпін.

Ақтөбе жері ерекше танымал тұлғалар — даңқты тарышы Шығанақ Берсиев, жазушы Тахауи Ахтанов, Кеңестер Одағының батыры Әлия Молдағұлова, ұшқыш-ғарышкер Виктор Пацаев, жас әрі талантты әнші Димаш Құдайберген және басқа да көптеген ерекше жандарды өмірге әкелді.

Біздер де өз әулетімізбен Ақтөбе топырағында дүниеге келгенімізді мақтан тұтамыз. Бүгінде Жұбановтар тегімен тараған есімдерді Қазақстанда білмейтін адам кемде-кем болар. Он сегіз тіл білген ғалым-лингвист, профессор Құдайберген Жұбанов сталиндік қуғын-сүргіннің зұлмат жылдарында құрбан болды. Қазақстан Ғылым академиясының академигі, белгілі композитор, профессор Ахмет Жұбанов, оның үлкен қызы, ол да әке жолын қуған композитор, КСРО халық әртісі, профессор Ғазиза Жұбанова тарихта өз іздерін қалдырды.

Алматы көркемсурет училищесін жиырма жылдан астам уақыт басқарған Ақырап, Қазақстан Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бас павильонының директоры болған Қызғалдақ, әке жолын қуған Есет және Асқар ғылым докторлары атанып, барлығы да Жұбановтар әулетінің мәртебесін көтерді.

Біздің бір бұтағымыз әрі мақтанышымыз Алан Бөрібаев — ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Астана-Опера» театрының, Ирландия және Осаки қаласы (Жапония) Ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері. Ол — Ахмет Жұбановтың шөбересі.

Жұбановтар әулетінің кейінгі буынында комппозиторлар да, пианистер, скрипкашылар да, флейташылар да бар. Олардың бірқатары үлкен музыка әлеміне енді ғана қадам басса, бірқатары сол ауқымда танылып та үлгерді.

Ақтөбе облысы туралы не айтылып, жазылса да немесе телехабарлар арқылы беріліп жатса, жақсысына қуанып, қиындығына күйзеліп отырамын. Әйтеуір бейжай қала алмаймын. Мен мүмкіндігім келгенінше Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің жұмыстарына көмектесуге мүдделімін, облыстық филармония мен оркестрдің басшылығымен кездесіп отырамын. Менің туған өлкемдегі барлық оң өзгерістерге әрқашанда қуанышпен қараймын. Осы бір мен үшін толқулы күндері жерлестеріме жақсы көңіл-күй, денсаулық, бақытты сәттер мен қуаныштар тілегім келеді!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*