Басты бет » Жаңалықтар » Еңбегіне қарай — құрмет

Еңбегіне қарай — құрмет

Еңбек күні

22 қыркүйек күні Металлургтердің мәдениет үйінде ақтөбелік кәсіпорындардың таңдаулы қызметкерлеріне құрмет көрсету кеші өтті. Бұл салтанат біздің елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетін Еңбек күніне орайластырылды.

Мәдениет үйінің кең залына облысымыздың түрлі кәсіпорындарынан таңдаулы қызметкерлері: еңбек ардагерлері, жұмысшылар әулеті, жастар тәлімгерлері, жастар жиналды.

Жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев адамның еңбексіз болашағы жоқ екенін атап көрсете келіп:

— Игіліктер еңбекпен жасалады, қоғамның дамуының негізі де еңбекпен байланысты, — деді.

Облыс әкімі бұл мерекенің өзінің еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастаған Елбасымыздың Жарлығымен белгіленгенін еске салды. Ақтөбе аймағы Социалистік Еңбек Ерлерімен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреттарымен даңқты болды. Ақтөбенің ферроқорытпа зауыты, өзге да көптеген кәсіпорындар осындай тарихқа бай.

— Біз еңбек адамдарын құрметтеуге тиістіміз. Сіздер тынымсыз еңбек етіп, қаламыз бен облысымыздың гүлденуіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Мен бізде әлеуметтік мәселелерді шешуге қатыспаған бірде-бір кәсіпорын жоқ екенін ашық айта аламын.

Мысалға, «Қазхром» ТҰК-сы Ақтөбе қаласында Шығармашылық академиясы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз»  Өнер орталығы ғимараттарын салды. Егерде осы қарқын сақталатын болса, бізде игіліктер бұлағы ешқашан да сарқылмайды. Сіздерге зор табыс, мықты денсаулық, отбастарыңа аманшылық тілеймін, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің қолынан облыстың түрлі кәсіпорындарының қызметкерлері —өндіріс озаттары, еңбек әулеттерінің өкілдері, жас жұмысшылар Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар алды.

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Түрікпенбай Айжарықов жиналғандарды құттықтап, облыс кәсіподақтарының еңбек адамдарын ешуақытта назардан тыс қалдырмағанын, әр кез моралдық, материалдық жағынан ынталандырып отырғанын  атап көрсетті.

Осы күні бірқатар адамдар «Еңбек ардагері» медалын алды. Сондай-ақ салтанатты жиналысқа облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

 Татьяна ВИНОГРАДОВА.  

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*