Басты бет » Жаңалықтар » Көркемсөз оқу шеберлері сынға түсті

Көркемсөз оқу шеберлері сынға түсті

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай жастар арасында дәстүрлі Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын насихаттау, жастар арасында Абай шығармашылығы арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы Гүлмира Құбашева байқауға қатысушыларға сәттіліктер тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 15 үміткер қатысты. Олар Абайдың қара сөздері мен поэзиялық шығармаларынан, сондай-ақ М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінділер оқып, өзара сынға түсті.

Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың таңдалған шығармаларды оқығанда көрермендерге жеткізуіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстау шеберлігіне мән берді.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Ақмола облысынан келген Гүлзат Қайыргелді жеңіп алды. 1-орынды қостанайлық Хайран Ділдә, 2-орынды Маңғыстау облысынан келген Әлібек Тағабердин иеленсе, 3-орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Мейіржан Әлібеков пен павлодарлық Оразбек Бахатхан өзара бөлісті.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ үш талапкер ынталандыру сыйлығымен, жеті талапкер Алғыс хатпен марапатталды.

Д.ҚАЗИХАН.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*