Басты бет » Құқық » «Сот кабинеті» сервисін пайдаланыңыз

«Сот кабинеті» сервисін пайдаланыңыз

Қазіргі таңда 50 мыңнан астам азамат «Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің тұтынушысы саналады. Жоғарғы Сот бұл жобаны 2014 жылы іске қосты. Соттарға қолжетімділікті қамтамасыз етуде «Сот кабинеті» сервисінің алар орны орасан зор.

Ақтөбе қалалық сотына 2017 жылдың 8 айында «Сот кабинеті» арқылы электронды түрде 13230 құжат тапсырылған, соның ішінде 12575 талап-арыз бар. Бұның өзі сервиске деген сұраныстың нақты дәлелі. Бүгінгі күні электронды түрдегі арыздардың үлесі 95%-ды құрайды.

«Сот кабинеті» сервисінің қызметі электрондық өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдету, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтар сотқа талап арыздарды, апелляциялық шағымдарды, сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінішхаттарды  сервис арқылы электронды құжат түрінде ұсына алады, әрбір тұтынушы үшін ыңғайлы жерде интернет арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн түрінде төлеуге мүмкіндік береді.

«Сот кабинетін» жаңғырту жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Бұған қоса, Жоғарғы Соттың және жергілікті соттардың сайтында «Сот құжаттарымен танысу» сервисі іске қосылған. Аталған сервис сот өндірісінің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сайтындағы электронды сот құжаттарымен танысуға мүмкіндік береді. Сотқа талап арызбен жүгінген азамат оның тіркелгені туралы талон алады, бірнеше күннен кейін оның ұялы телефонына немесе электронды поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен Интернет арқылы таныса алатындығы жөнінде SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл ретте азаматтар сот құжатын алуға сотқа барып уақытын кетіріп, қаражатын шығындап, әуреге түспейді.

Азаматтардың енді соттарға тек сотқа дейінгі дайындық және сот процесіне тікелей қатысу үшін баруға мүмкіндігі бар. Негізгі өтініштерді, сондай-ақ қосымша құжаттар мен өтінішхаттарды «Сот кабинеті» сервисі арқылы электронды  түрде беруге болады.

Сот кабинеті Қазақстан Республикасы сот органдарының электрондық сервистеріне қол жеткізуге арналған бірыңғай терезе болып табылады. Сервисті қолданушыларға ыңғайлы және түсінікті болу үшін сот кабинеті сервисінде Техникалық қолдау қызметіне сұранымдарды ресімдеу ережелері, Сот кабинеті сервисімен жұмыс істеу ұсынымдары, Сот кабинетімен жұмыс жөніндегі анықтама, сот кабинеті мобильді қосымшасының пайдаланушы нұсқаулығы  енгізілген.

Назгүл БАЖЕНОВА,

Ақтөбе қалалық сотының судьясы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*