Басты бет » Құқық » Құқықтық актіні тіркеу тәртібі қандай?

Құқықтық актіні тіркеу тәртібі қандай?

Облыстық әділет департаментіндегі негізгі мәселенің бірі — жергілікті мемлекеттік органдардан қабылданған нормативтік-құқықтық актілерді әділет органдарында мемлекеттік тіркеу. Себебі, мекемелер бұл жұмыстардың тәртібін біле бермейді. Ақтөбе облысы әділет департаментінің нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің бас маманы Жанна Сабырбаеваның айтуынша,  жыл басынан бері аталған  бөлімге мемлекеттік тіркеу үшін жергілікті атқарушы және өкілді органдардан 574 акті түскен.  Олардың  ішінде 463 нормативтік-құқықтық акті мемлекеттік тіркеуден өтсе,  42 актіні мемлекеттік тіркеуден департамент бас тарты. Ал 4 акті кері қайтарылған.

Актілерді тіркеуден бас тарту, кері қайтару себептері әр түрлі. Негізгі себептері нормативтік-құқықтық актілерге заң сараптамасын жасау кезінде анықталады.

— Егер азаматтардың заңда белгiленген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірсе, заңды тұлғалардың заңды мүдделерiн бұзса, жоғары деңгейде тұрған нормативтiк-құқықтық актiлерге қайшы келсе, нормативтiк-құқықтық актiнi шығарған орган құзыретiнiң шегiнен тыс болса, мүдделi органдармен келiсiлмесе, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса,  мұндай актілер тіркелмейді. Сонымен бірге  Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындыларынсыз қабылданса, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты болса және қоғамдық кеңестің ұсынымдарынсыз қабылданса, осы қағидалар бұзыла отырып қабылданса, мұндай актiлер де  мемлекеттiк тiркеуден өтпейді, — дейді бас маман.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобасының тұжырымдамасы «Құқықтық актілер туралы» заңның  19-бабында көзделген тәртіппен сараптамалық қорытынды алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілуі тиіс.

Жанна Сабырбаеваның айтуынша, мекеме өкілдерінің көпшілігі нормативтік-құқықтық актілерді тіркеудің тәртібін білмейді.

— «Құқықтық актілер туралы» заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген нормативтiк-құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуге жатады. Мұндай тiркеу олардың күшiне енуінің қажеттi шарты болып табылады.

Мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерін тіркеу жұмысын,  аумақтық әділет органдары құжаттар ұсынған күннен бастап, күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырады.

Нормативтік-құқықтық актінің күші жойылды деп танылған немесе оның қолданысы белгілі бір мерзімге тоқтатыла тұрған кезде, мұндай актіні мемлекеттік тіркеу құжаттар ұсынған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүзеге асырылады, — дейді Жанна Сабырбаева.

Әділет департаменті құқықтық мониторинг жүргізу нәтижесінде  жергілікті мемлекеттік органдарға 57 нормативтік-құқықтық акті бойынша 37 ұсыныс беріп және 69 нормативтік-құқықтық актілерге қатысты  33 ақпараттық хаттар жолдады.  Бұл ұсыныстарға сәйкес, жергілікті мемлекеттік органдарымен  кейбір актілердің күші жойылып, ал қалған актілер бойынша  заңға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*