Басты бет » Басты жаңалықтар » 25 мың маманның ұясы

25 мың маманның ұясы

Мерейтой

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің құрылғанына биыл — 60 жыл. 1957 жылы КСРО Жоғары білім министрлігінің бұйрығымен батыс және солтүстік батыс Қазақстан аймағын жоғары білікті дәрігер мамандармен қамту үшін Ақтөбе мемлекеттік медицина институты болып ашылды. Сол уақыттан бері оқу орны 25 мыңнан аса маманды даярлап  шығарды. Қазір олар еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етіп жүр.

Мереке қарсаңында аталған оқу орнының ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор  Ербол Бекмұхамбетовпен  сұхбаттасқан едік.

— Алпыс жылдық мерейтой аясында қандай іс-шаралар жоспарлап отырсыздар?

— Әрине, дайындық қызу жүріп жатыр. Санаулы күндерден кейін Ақтөбеге жан-жақтан дәрігерлер ағылады. Ең алдымен осы оқу орнында тәлім алып, кейін ел медицинасының дамуына үлес қосқан түлектердің басын қосамыз. Барлығы 200-ден аса қонақ шақырылды. Оның ішінде жетеуі республикадағы медициналық жоғары оқу орындарының шетелдегі стратегиялық серіктестігінің өкілдері болса, тоғыз  тьютор алыс шетелден және тоғыз тьютор ТМД елдерінен келеді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық қоғам өкілдері, практикалық денсаулық сақтау саласының жетекшілері, дәрігерлер қатысады. Бұдан басқа  мастер кластар ұйымдастырылады, яғни әр сала бойынша шетелден мықты деген хирургтер шақырылып, олар біздің дәрігерлермен бірлесе ота жасайды. Қазір осы шараны өз деңгейінде өткізу үшін күні-түні тынбай еңбектеніп жатырмыз.

— Университет мақтаныштары да алпыс жылдық мерекеге келетін болар…

— Университет құрылғаннан бері 25 мыңнан аса маман даярлап шығарды. Қазір олардың ішінде жоғары оқу орындары мен Қазақстанның ғылыми-зеттеу институттарын, ғылыми ұжымдарын  басқарып отырған шәкірттеріміз бар. Алыс-жақын шетелде еңбек етіп жүрген мамандар бар. Үнемі мақтанышпен айтып жүретін медицина ғылымының докторы, профессор  Серік Ақшолақов біздің университеттің түлегі екенін көпшілік жақсы біледі. Бас миы мен ми жүйесінің базальды бөлігінің ісігіне күрделі нейрохирургиялық операция жасау екінің бірінің қолынан келмейді.  Оның жетекшілігімен ел медицинасына  микронейрохирургия, эндоскопиялық нейрохирургия негіздері енгізілді, Қазақстанда бірінші рет эпилепсияны жедел түрде емдеген Серік Қуандықұлы екенін мақтанышпен айта аламыз. Жақсылық Досқалиев, Раиса Көзденбаева, Намаз Ізімбергенов секілді белгілі ғалымдар Ақтөбе медицина институтының түлектері екенін жұртшылық жақсы біледі. Осындай ғалымдарымыз мерекеде төрден орын алады.

— Ербол Жасұланұлы, бүгінде еліміздегі оқу жүйесі халықаралық стандарттарға көшіп жатыр. Университеттің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай ма?          

— Университеттің материалдық-техникалық базасы, оқу сапасы жыл өткен сайын жаңарып келеді. Мәселен, университет құрылғанда студенттердің саны 1500-ден аспаса, қазір 5 мыңға жуық шәкірт білім алады. Біз оқыған жылдары оқу ғимараттары жан-жақта болатын. Ал қазір бәрі бір жерде орналасқан, жастардың  білім алуына өте ыңғайлы. Университетте 2500 студентке арналған жатақхана бар. Бұл жерде студенттердің ешқандай алаңдамай сабақ оқулары үшін барлық жағдай жасалған. Медицина ілімін терең меңгеремін деген студент үшін кітапханадағы кітап қоры жеткілікті. Жеті жүз мың дана оқулық бар. Оның он бес мыңы электронды кітап және кітапхана автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Бұрын кітапханашылар қағаз ақтарып отырса, қазір электронды жүйе арқылы әп сәтте сұраған кітапты тауып береді. Сонымен бірге «WebofScience» платформасы, «Springer» ақпараттық жүйелері де студент үшін таптырмас мүмкіндік. Иван  Сеченев атындағы медицина университеті кітапханасының  электронды абонементі, университет аумағындағы электронды ақпараттық ресурстар  және жеке клиникалардың IP мекенжайлары шәкірттердің сапалы білім алуы үшін қол жетімді болып отыр.

Универсиет шетелдегі 35 жоғарғы оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар шетелдерде  шығатын  ғылыми және өзге де салалық журналдарды жаздырып алады. Бір сөзбен айтқанда, университетте сапалы білім аламын деген жасқа барлық мүмкіндік бар.

Сондай-ақ университетте оқу-клиникалық, яғни симуляциялық орталық жұмыс істейді. Орталық жаңа заманғы оқу құралдары, оның ішінде тренажер, манекен, муляж және басқа да компьютерлендірілген жабдықтармен жарақталған. Сутуденттер  алған білімін осы жерде тәжірибеден өткізеді. Бесінші курстың студенттері ауруханаларда кезекшілікке барады.

Сонымен қатар оқу орны «Сириус» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізеді. Бұрынғыдай оқытушылар қағазға көміліп отырмайды, жаңа бағдарлама бойынша барлық шаруаны компьютермен атқарады. Бұл — студенттердің өзінің білім деңгейін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Оқытушы үшін де тиімді. Ішкі құжаттар, қағаз айналымдары осы жүйеге негізделген.

Оқу орнын бітірген түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналасып кетеді. Оның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша аудандарда жұмыс істеп жүрген мамандарымыз көп.

— Сапалы білім ең бірінші ұстазға байланысты. Оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіледі?

— Бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Себебі заманның талабына сай сапалы білім беру үшін оқытушылардың да біліктілігі өте жоғары болуы тиіс. Осы ретте университетте үздіксіз кәсіби даму орталығы қызмет етеді. Орталықтың негізгі міндеті —  медициналық қызметкерлер мен оқытушылардың біліктілігін арттыру, білім саласын зерттеу, тілдерді дамыту. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің этикасы мен коммуникативтік  дағдысын дамыту бойынша «Пациент — жинақталған күтім және дәлелді практика» модулі енгізілген.  Оқу сапасын арттыру мақсатында MOODLE (dl.zkgmu.kz) білім беру порталында университет пен медицина колледжінің оқытушылары үшін арнайы қашықтықтан оқыту курсы жүргізіледі. Резиденттер, магистранттар, докторанттар «Ғылыми зерттеулер әдістемесі», «Биостатистика» пәндері бойынша өз бетімен жұмыс жасау үшін  e-learning қашықтық компоненті ретінде «В Контакте» әлеуметтік желісін пайдаланылады.

— Кейінгі кезде оқу жүйесінде ағылшын тіліне мән беріліп жатыр. Университетте осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылуда?

— Халықаралық стандарттарға сай білім беру үшін ағылшын тілін студенттер міндетті түрде үйренуі керек. Қазір университетте үш тілде сабақ беру бағдарламасы енгізілді.  Бүгінгі күні ағылшын тілінде 99 студент білім алып жатыр. Шетелден келген студенттердің саны — 156. Оқытушылардың ағылшын тілін меңгеруіне де жағдай жасалуда. Қаладағы тіл үйрететін орталықтарда оларды тегін оқытамыз. Сонымен бірге тіл үйренемін деген оқытушы шетелдегі университеттерде тегін курста  оқуына болады.

Соңғы жылдары шетелдегі медициналық мектептермен де байланысты нығайттық. Оның ішінде Еуропадағы  мединалық мектептер ассоциациясы, Халықаралық денсаулық сақтау мектебі, Авецина медицина мектептері мен Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы бар.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*