Облысқа ақпараттық-насихаттық топ келді

Кеше облысымызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық — Жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі басымдықтарын насихаттау және халыққа түсіндіру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ келді.

Осы күні облыс әкімдігінде республикалық және облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің, облыстық басқармалар мен орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімдері басшыларының, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Елбасы Жолдауының негізгі басымдықтарын насихаттауға арналған актив өтті. Бұл жиынға облыс әкімі Елеусін Сағындықов төрағалық етті. Актив жұмысына 200-ден астам адам қатысты.

Ал Жақсылық Досқалиев бастаған  республикалық ақпараттық-насихаттық топ құрамында ҚР Индустрия және сауда министрлігінің индустриялық-инновациялық және салааралық үйлестіру департаментінің директоры Ренат Айтаев; ҚР Құрылыс істері және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық жөніндегі агенттігінің төрағасы Серік Нокин; ҚР экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров; ҚР білім және ғылым министрлігінің құқық департаменті директорының орынбасары Жанат Асантаев; ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының меңгерушісі Қозы-Көрпеш Жаңбыршин; ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің вице-министрі Еркін Дүйсенбаев; ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің салық саясаты және болжау департаментінің директоры Толқын Баймұханова бар.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов жиынға қатысушыларға Астанадан келген ақпараттық-насихаттық топ мүшелерін таныстырғаннан кейін, еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз ететін құжат ретіндегі Елбасы Жолдауының маңызына, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында облысымызда жоспарланып отырған ірі істерге тоқталды.

Елбасы Жолдауы халқымыздың рухын көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімін бекіте түсті. Бүгінге дейін мен  Жолдауды насихаттап-түсіндіру  мақсатында қарапайым еңбеккерлермен 10-нан астам  кездесуге барыппын. Осы кездесулерде халықтың Елбасы Жолдауына үлкен үмітпен қарайтынына көз жеткіздім, — деді облыс басшысы.

Елеусін Наурызбайұлы 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясында белгіленген міндеттерді Ақтөбе облысының алдағы бес жыл көлемінде, яғни 2015 жыл белесінде орындап шығуға мүмкіндігі бар екенін атап көрсетті.

Индустрияландыру, жұмыссыздықты азайту балаларды мектепке дейінгі мекемелермен толық қамту; немесе басқа да бағыттардағы міндеттерді 2015 жылға дейін орындап шығуға біздің мүмкіндігіміз бар. Барлық көрсеткіштерімізді, жетістіктерімізді жан-жақты талқылап, саралай келе, осындай қорытынды жасадық, — деді облыс әкімі.

Елеусін Сағындықов облысымызда елді-мекендерді газдандыру бағытында үлкен істердің қолға алынып жатқанын айтты.

Біздің облысымыздың жері кең. Мысалы, еліміздің солтүстік өңірлерінде бір ауыл мен екінші ауылдың арасы 20 шақырым болса, бізде — 100 шақырым. Осыны ескерсеңіздер, облысымыздың шалғай жатқан елдімекендеріне көгілдір отын жеткізу айтуға ғана оңай. Әйткенмен біз осы үлкен шаруаны жауапкершілікпен қолға алып отырмыз, — деді Елеусін Наурызбайұлы.

Елеусін Сағындықов үстіміздегі жылдың өткен екі айы ішіндегі облысымыздың экономикалық даму көрсеткіштерінің былтырғы жылдың алғашқы екі айы ішіндегі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары екенін жеткізді. Айталық, өнеркәсіп өнімдерін өндіру көрсеткіші өткен жылғыдан екі есеге жуық жоғары. Ал салық түсімінің көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,5 есе артық.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев өз сөзінің басында үстіміздегі жылдың қазақстандықтар үшін ерекше жыл екенін атап өтті.

Қазақстан биыл  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету абыройына ие болып отыр. Жыл басында  Елбасымыз бізге 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын айқындап берді. Біз еліміздің дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып отырмыз. Біздің топтың бір мақсаты — осы тұста Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында ел-жұрттың «мынаны ескеру керек», «былай еткен дұрыс» — дейтіндей ұсыныстарымен, ой-пікірлерімен танысу, —  деді Жақсылық Ақмырзаұлы.

Ол жиналғандарға 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясында көрсетілген бес негізгі міндетті жүзеге асыру мақсатында әзірленіп жатқан бағдарламалар, Үкімет жоспарлап отырған істер жөнінде әңгімеледі.

Алға қойылған міндеттер — тек  Президенттің немесе Парламент пен Үкіметтің ғана шаруасы емес. Елбасы айтқандай, «ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын» үлкен істерге баршамыз бірге жұмылуға тиіспіз. Біз, әсіресе, жастардан түсіністік пен белсенділік күтеміз, — деді Жақсылық Досқалиев.

Денсаулық сақтау министрінің сөзінен кейін жиынға қатысушылар ақпараттық-насихаттық топ мүшелеріне сауалдар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Мысалы, «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ізімғали Көбенов бірнеше ұсыныс айтты:

Біріншіден, тұрғындарының саны көбейіп, қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі — Темір ауданында орталық аурухана құрылысы тезірек қолға алынса деген халықтың тілегін өздеріңізге жеткізсем деймін. Екіншіден, бүкіл батыс өңірде онкологиялық диспансер жоқ екен. Ақтөбеде осындай емдеу орнын ашуға мүмкіндік бар: ғалымдар, дәрігерлер жеткілікті. Және бұл бүгінде батыс өңір үшін — үлкен қажеттілік. Үшінші айтарым, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Әлия мен Мәншүкке «Халық қаһарманы» атағы берілгенін қалаймыз.   Төртіншіден, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар биылдан бастап облыстық әкімдіктердің құзырына берілді. Бұл — өте құптарлық шешім. Енді ӘКК-лер, аттары айтып тұрғандай, әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл аударса деген тілек бар, — деді ол.

Осы ұсыныстарға орай Жақсылық Досқалиев Темір ауданында орталық аурухана құрылысын қолға алу және онкологиялық диспансер ашу мәселелерінің бүгінде қаралып жатқанын, жақын уақытта шешілетінін айтты. Ал үшінші ұсынысты жоғары жаққа жеткізуге уәде берді.

Осы арада облыс әкімі Елеусін Сағындықов Темір ауданында орталық аурухана салу мәселесінің алдағы үш жылдық жоспарда бар екендігін айта келіп, министрден бұл мәселенің шешілу уақытын әлі де  бері жылжытуға жәрдемдесуін сұрады.

Жиынды облыс әкімі Елеусін Сағындықов қорытындылады.

Республикалық ақпарттық-насихаттық топ мүшелері бүгін және ертең Ақтөбе қаласы мен аудандар тұрғындары арасында Елбасы Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды.

Индира ӨТЕМІС.

Айдары: Жаңалықтар

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress