Мектеп құрылысы неге кешіктірілді?
Сейсенбі күні облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалық етуімен мәжіліс болып өтті. Күн тәртібінде Шалқар ауданы Шілікті ауылы орта мектебінің құрылысында орын алған мәселе көтерілді.
Тоғыз орта мектебінің бұрынғы ғимараты 2006 жылы өртеніп кеткендіктен жаңасын салу үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. 270 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы 2007 жылдың тамыз айында басталған болатын. Аталмыш білім мекемесі 2008 жылдың қазан айында тапсырылуы тиіс еді. Алайда құрылыс межелі уақытында бітпеді. Бұл мәселе 23 ақпан күні облыстық «Актюбинский вестник» газетінде көтерілді.
Облыстық білім басқармасының ақпараты бойынша Тоғыз орта мектебі өткен жылы пайдалануға берілген. Жалған ақпарат жұртшылықты адастырып, күдік келтірді.
— Бұл облыс көлеміндегі төтенше жағдай, — деп мәлімдеген Елеусін Наурызбайұлы мәселені тікелей өз бақылауына алатындығын айтты.
Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Александр Дубовенко хабарлама жасады. Оның айтуынша, 2007 жылдың тамыз айында ашық байқау нәтижесінде «КазДосК» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме болып танылған. Серіктестікпен 269,993 миллион теңгеге келісім-шарт жасалған.
Мектеп құрылысы 2008 жылдың қазан айында аяқталуы тиіс еді, өз міндетін орындауға қабілетсіздік танытқан мердігер мекеме 2007-2008 жылдар аралығында 214, 709 миллион теңгені ғана игерген.
Осыған орай, Шалқар ауданының әкімдігі мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнамаға сәйкес, құрылыс жұмыстарын 2009 жылдың 10 тамызына дейін созған. Тапсырыс беруші болып табылатын Шалқар аудандық құрылыс бөлімі жауапсыздық танытқан мердігер мекемеге қатысты еш шара қолданбаған.
Құрылыс уақытының ұзартылғанына қарамастан, ғимарат пайдалануға берілмеді. Нәтижесінде 43, 41 миллион теңге игерілмей қалды. 2009 жылдың екінші жартысынан бастап, құрылыс монтаж жұмыстары мүлдем жүргізілмеген.
Өткен жылдың қараша айында тапсырыс беруші жақ Ақтөбе облысының мамандандырылған экономикалық сотына мердігер мекемемен арадағы келісім-шартты бұзу жөнінде арызданған.
2010 жылдың 28 қаңтарында «КазДосК» ЖШС келісім-шартты жүзеге асыра алмайтын мекеме ретінде танылды.
Мәжіліс барысында Шалқар ауданының әкімі Рахат Сыдықов пен облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов және Тоғыз орта мектебі директоры Әнес Жәмеков пікірі тыңдалды.
Осы мәселеге байланысты кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ал Шалқар ауданының әкіміне орын алған мәселе жайлы терең талқылап, қызметіне салғырт қарағандарды жауапқа тарту жүктелді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов істің жүру барысын қадағалап, басшылықты мән-жайдан хабардар етіп отырады. Құрылыс алаңындағы жұмысты аяғына жеткізу үшін наурыз айының ортасында байқау жарияланады. Алдағы уақытта Тоғыз орта мектебінің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, маусым айында құрылысы аяқталуы тиіс деп бекітілді. Балаларды қорғау күні қарсаңында шиеленіскен жағдай өз шешімін табады деп күтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.





11 Наурыз, 2010 - 10:45
кіналі тулгалар тартіптік жауапкершілікке тартылу тиіс дейди, нагыз кинали Шалкар Ауданынын акими да тендерди сол алып берсе барлыгына ози араласып отырса курылыс департаменти, жане мектеп басшылар калай жок деп айтсын. Осы шалкарда бар гой коррупциянын дамыган ортасы, барлыгын акимнин ози баскарып сонында ози суттен ак судан таза боп шыга келеди. биринши акимнин озине согис жариялау керек.