Біздің көмегіміз
Биылғы жылғы қаңтар айының соңында Қасеновтер отбасы ауыр жағдайға душар болып, тілсіз жау — өрттің кесірінен үйсіз, тамақсыз, киім-кешексіз абдырап қалды. Бұл отбасының бір мүшесі біздің институтымыздың тарих факультетінің 1-курс студенті Арайлым Қасенова еді.
Бұл жағдайдан хабардар болған институт ректоры Ғалымжан Жұмабайұлы бастаған қайырымды ұжым қолдарынан келген көмектерін аямай, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұстаздары атынан 100 мың теңге, ректор Ғалымжан Жұмабаев өз қалтасынан 50 мың теңге, кәсіподақ ұйымы, ағылшын тілі кафедрасы мен физика-математика кафедрасының ұжымы, филология факультетінің студенттері, Арайлымның өз тобының студенттері және институтта хабардар болған студенттер, кіші қызметкерлер көлемді мөлшерде ақшалай, киім-кешек, төсек-орын және т.б. көмек түрлерін көрсетті.
Кәсіподақ ұйымының төрайымы Бибіажар Тұрымова Арайлымның үйіне жоғарыда айтылған көмекті апарып бергенде Арайлымның атасы мен әжесі: «Бар халыққа, ағайын-тумаға рақмет, әсіресе, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына алғысымыз зор, ең көлемді көмек көрсетіп жатырсыздар. Еңбектеріңіз Алладан қайтсын», — деп ризашылықтарын білдірді. Материалдық және рухани көмекке зәру болған отбасының көңілін бір сәтке де болса көтерген, азаматтық танытқан институт ұжымы қашанда биіктен көрінсін!
Малика РАХИМОВА,
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық
институтының 4-курс студенті.




