Жас астрономның жүлдесі
Өткен жұмада облыстық Планетарийдің директоры Қорлан Бөлеков және қызметкерлер, бір топ ата-ана темір жол вокзалында Мәскеу-Алматы пойызынан жас астрономдарды күтіп алды.
Жақында РФ Астрономиялық қоғамы мен Ресейдің Ғылым академиясының астрономия жөніндегі ғылыми кеңесінің ұйымдастыруымен Мәскеу түбіндегі Пущино қаласында оқушылар арасындағы Халықаралық астрономиялық олимпиада өтті. Бұған біздің облыстық Планетарийдегі «Үркер» үйірмесінің төрт оқушысы қатысып қайтты. Оларды үйірме жетекшісі Сағымбай Өтениязов бастап барды.
— Былтыр осы олимпиадаға барғанда Мәскеу мемлекеттік университетінің жатақханасына орналасқанбыз. Биыл бізді пансионатқа орналастырды, жақсы болды. Әдеттегідей балалар тек ата-аналары тауып берген қаражатымен барып келді.
Балаларды олимпиадаға «Үркер» үйірмесінің белсенді оқушысы, астрономиялық олимпиадалардың жүлдегері Фархад Акимов даярлады. Барған соң олимпиада Пущинодағы радиоастрономиялық станцияда өтті. Олимпиада барысында оқушыларға академиктер, ғылым докторлары лекция оқыды. Қатысушылар обсерваторияны тамашалап, радиотелескоптармен жұмыс істеп, естелік үшін фотосуретке түсті. Біздің Қазақстаннан үш команда қатысты, екі команда Алматыдан барды. Сосын біздің облыстық Планетарийдегі «Үркер» үйірмесінің оқушылары. Олар — №17 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары Ержан Сағиев пен Бекбол Мұхамедьяров, Петропавл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Гүлайым Баймұратова және №51 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Әсет Хамзаұлы. Әсет үшінші дәрежелі дипломға ие болды. Барлық оқушылар белсенділіктері үшін марапатталды. Маған да жетекші ретінде диплом тапсырды, — дейді үйірме жетекшісі, ұстаз Сағынбай Досекенұлы.
«Менің байқағаным, астрономияға көңіл бөлініп, жағдай жасалған қалалардан келген оқушылар да жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бізде де астрономия ғылымына ықыласты, ынтасы мол балалар бар. Алдағы уақытта оларды қолдап, демеу керек», — дейді ұстаз.
Балалар Мәскеуде Қызыл алаңға, Ленин мавзолейіне кіру билетінің бағасы — 150 рубль екенін, оқушылар болғандықтан жүз рубль төлеп кіргендерін әңгімеледі. Кітап дүкеніне кіріп тұрып, қалталарына қарап, кітап сатып ала алмағандарын да қынжыла айтты. Осындай ғылымға қызыққан балалар басқармалар тарапынан да қолдау тапса екен дейміз.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.




