Қауіпсіздік — мемлекет тірегі
Кеше ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары Қозыкөрпеш Жаңбыршин Елбасы жолдауын насихаттап, халыққа жеткізу мақсатында Ақтөбеде болды.
Астаналық қонақ облыстық ішкі істер департаментінде полицейлермен және төтенше жағдайлар қызметі өкілдерімен кездесті.
Қозыкөрпеш Жаңбыршин Жолдаудан туындаған міндеттер мен тапсырмаларды айта келіп, елдің қауіпсіздігі жөніндегі мәселеге кеңінен тоқталды.
— Жас мемлекет болғандықтан еліміздің қауіпсіздігін басты назарда ұстауымыз керек, — деді астаналық қонақ. — Қазақстанның геосаяси жағынан орналасуы, қазба байлықтарымыздың мол болуы басқа елдердің назарын еріксіз аудартады. Сондықтан өзге мемлекеттермен қарым-қатынас жүргізуде саясаткерлік қажет.
Сондай-ақ Қ.Жаңбыршин Азия аймағындағы жағдай, атап айтқанда, Ауғанстанда соғыс өртінің жүруі, Орталық Азия елдерінің арасындағы өзара саяси көзқарастардың да ықпалы қауіпсіздікті талап ететінін айтып өтті. Әлемдегі террорлық жағдайлар, діни экстремизм мәселесіне де сақтықпен қараған жөн. Бүгінгі күні ақпараттық қауіпсіздіктің де орны ерекше.
Қозыкөрпеш Жаңбыршин қылмыстың, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, есірткіге қарсы күресті күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын үздіксіз жүргізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан қабылданған жоспарларға тоқталды.
Бердібай КЕМАЛ.




