«Даму» мүгедектерді қолдайды
«Даму» кәсіпкерлік қоры қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсету шараларын сәтті жүзеге асырып келеді. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау шаралары аясында мүмкіндігі шектеулі заматтардың тағдыр сынына мойымай, өз ісін ашып, жеке кәсібімен айналысуына жағдай жасайтын тағы бір жаңа — «Даму-Көмек» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары басталды.
Бағдарлама шеңберінде осындай азаматтардың проблемаларын шешудің, қажетті ресурстарды табудың жолдары, қаржылай, мүліктік көмек беру, басқа мәселелер жөнінде де ақпараттар алу секілді жұмыстар жүзеге асырылады.
«Даму» кәсіпкерлік қоры Ақтөбе облыстық филиалының қаржылық емес қолдау жөніндегі бас менеджері Берік Нұрғалиевтің айтуынша, бағдарламаның ұйымдастырушылық-техникалық жағын «Даму» қоры қаржыландырады, мүмкіндігі шектеулі адамдарға демеушілік көрсету үшін жеке сектор қаражаты тартылуы мүмкіндігі қаралған.
Бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Бизнес-Кеңесші» оқыту-тренингтері ұйымдастырылады, «Даму» қорының корпоративтік сайтына жеке бизнес ашу және дамытуға байланысты ақпараттар орналастырылады, мүгедектерді қаржылай және қаржылай емес қолдаудың жаңа үлгілері енгізіліп, жұмыссыз мүгедектерді жұмысқа орналастыруға жәрдем жасалады. Сонымен қатар, жұмысқа орналасар алдында мүгедектер қиналмай толтыра алатын түйіндеме әзірлеу үшін қажетті үлгілер дайындалатын болады.
Мүгедектердің жағдайын жақсарту Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі болып отыр. Қазір елімізде 410 мыңнан астам мүгедек тұрады, соның үш пайызы ғана жұмыс жасайды екен. Ал дамыған елдерде еңбекке жарамды жастағы мүгедектердің 40 пайызға жуығы жұмыс істейді екен. Бұл осы бағытта әлі қыруар жұмыстың жасалуы қажеттігін көрсетеді.
Егер бағдарлама сәтті жүзеге асырылса, мүмкіндігі шектеулі қамкөңіл адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасалар еді. Бұл олардың өзіне деген сенімінің, өмірге деген құлшынысының артуына көмектеседі.
М.САТАЕВА.




