Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Кемшіліктерді жойып, қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет

Бердібек САПАРБАЕВ: Кемшіліктерді жойып, қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет

Дүйсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен жиында «Ақтөбе — құтты мекен» форумына дайындық аясында облыс орталығындағы сервистік қызмет көрсететін орындардың жағдайы талқыланды.  

Белгілі болғанындай, аталған форум қыркүйектің 28-29-ы күндері өтеді. Оған еліміздің өзге өңірлерімен қатар 15 елден 300-ге жуық адам қатысады.

—  Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы жүктелген міндеттерді орындау мақсатында, сондай-ақ «Туған жер» акциясы аясында елді мекендерде тиісті жұмыстарды жүргізу жөнінде берген тапсырмасына сәйкес биыл біз республикада бірінші болып үлкен халықаралық форум өткізбекшіміз. Ондағы мақсат — Ақтөбе өңірінен шыққан азаматтардың туған жеріне көрсетіп жатқан қолдауын, кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершіліктерін қалай орындап жатқанын халыққа жеткізу, шетелдерде жүрген жерлестеріміздің мүмкіндігін пайдаланып, өңірдің экономикасын дамыту, — деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, форумды жоғары деңгейде өткізу үшін қазір жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтсақ, әуежай, темір жол вокзалы, автовокзалдарда келген қонақтарды тиісті дәрежеде күтіп алу үшін іс-шаралар жасалып, дайындық жүріп жатыр. Қала көшелері жөнделіп, тротуарлар салынып, тұрғын үйлер боялуда.

  • Келген қонақтарға біз Ақтөбені тек жақсы жағынан ғана көрсетуіміз керек. Ол үшін басты назардағы мәселелердің бірі — сервистік қызмет көрсету. Форумға келген азаматтар қонақ үйлер мен мейрамханаларға барады, сауда орындарын аралап көреді. Сол кезде облыстағы туризм саласының дамып жатқанын өзгелерге көрсетуіміз керек. Келген қонақтарға біз қазіргі заманның талабына сай қызмет көрсететін болсақ, білімді, әдепті болсақ, олар өз деңгейінде біздің жұмысымызға баға береді. Сондықтан бүгіннен бастап кемшіліктеріңізді түзеп, қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жұмыс жасаңыздар. Бұл — біз үшін ортақ абырой, ортақ мақсат, ортақ жетістік, — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі айтқандай, бүгінде Ақтөбе қаласында 32 қонақ үй, 180 мейрамхана, 13 сауда орталығы бар. Алайда олардың барлығы форумға келген қонақтарды тиісті дәрежеде қарсы алуға толық дайын емес.

Жиында облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова баяндама жасап, мемлекет қонақ үй, мейрамхана ашып, қызмет көрсететін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап отырғанын айтып, облыс орталығындағы бірқатар ірі мейрамхана, қонақ үйлердің қызмет көрсету сапасына тоқталды.

— Сіздер өз кәсіптеріңізді бастаған кезде бұл сала лизенцияны қажет етті, сондықтан сіздер әр тағам үшін арнайы сертификат алуларыңызға тура келді. Ал қазір мемлекет кәсіпкерлерге жағдай жасап, жыл өткен сайын бұл бағыттағы жұмыстар қысқартылып келеді. Қазір лизенция жойылды, шағын кафе ашу үшін хабарлама жасау ғана жеткілікті. Өткен 8 айда облыс прокурорының, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің қатысуымен үш рет жиналыс өткізіліп, осы салаға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Бүгінде 189 ұсынымның 101-інің шешімі шығарылды. Сонымен қатар сауда саласына келсек, 2003 жылы базарлар жұмысын реттейтін нормативтік құжаттар қабылданды. Одан кейінгі 14 жылда бұл саладағы жұмысты оңтайландыру үшін аталған құжаттарға көптеген өзгерістер енгізілді, — деді А.Даржанова.

Өз сөзінде басқарма басшысы бүгінгі күні облыс орталығында орналасқан сауда орындары, қонақ үйлер мен мейрамханалар тиісті жұмыстарын атқармай отырғандығын жеткізді. Мәселен, базарларда тазалық сақталмайды, тротуарлар мен көпшілік жерлерде адамдар сауда жасайды, сондай-ақ қонақ үйлер мен мейрамхана ғимараттарының кейбіреулері жарықтандырылмаса, бірқатарының аумағына ағаш, гүл егілмеген.

— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында биыл «Шығыс» базары мен Маресьев көшесіндегі Тұрмыс үйі жаңартылып, гипермаркеттер салынуда. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қолдаудан кейін бизнес тарапынан да дәл осындай әрекет болады деп сенім білдіреміз, — деді басқарма басшысы.

Бұдан кейін жиында мейрамхана-қонақ үй бизнесі бойынша халықаралық деңгейде сертификатталған менеджер Ибрахим Коруян сөз сөйлеп, облыстағы кәсіпкерлерге өзінің осы саладағы мол тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін жеткізді.

Оның айтуынша, қонақ үй-мейрамхана ісін дамыту үшін кәсіпкерлер шетелдік мамандардан дәріс алып, осы саладағы жаңашылдықтарға көңіл бөлуі керек.

Түркия мен Қазақстанның басқа өңірлерінде осы салада көп жыл еңбек еткен менеджер  өзінің қазір «Дастан Групп» компаниясында жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

Жиында Ақтөбедегі іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлшат Масалимова мен

облыстық мейрамхана және қонақ үй бизнесі қауымдастығының басшысы Бану Тілегенова өз тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы уақытта облыста қонақ үй-мейрамхана ісін дамытуда жаңа жобалар қолға алынатынын жеткізді.

Жиында Бердібек Сапарбаев коммуналдық базарлардың басшыларын орындарынан тұрғызып, сауда жасау тәртібі тиісті деңгейде қолға алынбайтындығын айтып, ескерту жасады. Сондай-ақ жабайы сауданы жойып, тазалық мәселесін қолға алуды тапсырды.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев мониторинг жүргізілген 31 мейрамхананың 13-і ғана қызмет көрсетуде талапқа сәйкес келетінін айтып, «Ақтөбе», «Тұмар», «Зере», «Nice Hostel», т.б. белгілі қонақ үй иелеріне көгалдандыру, жарықтандыру, сондай-ақ қызмет көрсету сапасына байланысты кеткен кемшіліктерін жою үшін екі апта уақыт берді.

Бердібек Сапарбаев облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бастаған топ форум қарсаңында қонақ үйлер мен мейрамханаларға, сауда орындарына тағы да рейдтік тексеріс жүргізетінін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі:

Форумға келген қонақтардың алдында біз ең алдымен Ақтөбенің имиджін көтеруіміз керек. Егер Ақтөбені Қазақстанның ең бір мықты қаласына айналдырамыз десек, тиісті жұмыс жасауымыз керек. Аталған халықаралық форумға осыдан 25-30 жыл бұрын елден кеткен жерлестеріміз келеді. Олар Ақтөбенің қалай дамып, өзгеріп жатқандығын, Ақтөбенің тұрғындарының сана-сезімінің қалай өзгергенін көруі керек. Сол үшін біз барлығымыз жұмылып, жұмыс жасайық! — деді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*