Басты бет » Жаңалықтар » «Тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек»

«Тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек»

11 қыркүйекте Парламентте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» тыңдау өтті.

Парламент депутаттарына Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасын таныстырды.

Оның айтуыша, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде 25 таңба бар, оған қосымша, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін, 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграф та ұсынылды.

«Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда, ең алдымен, ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды», — деді Е. Тілешов.

Оның пікірінше, жаңа әліпби қабылдау дегеніміз бір таңбаларды екінші таңбалармен ауыстыру ғана емес, сонымен қатар, бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды түзеу де маңызды. Осыған орай, әліпби жасау және оны енгізумен бірге, жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс.

«Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы республикалық орталық  қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді.  Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді», — деп атап өтті Ербол Тілешов.

Жаңа нұсқада «ә» дыбысы «ae» диграфымен берілсе, «ө» — «oe», «ү» —«ue» деп таңбаланды. Мәселен, «әлем» — «aelem», «өркен» — «oerken», т.б.
«Мұндағы айрықша тұрған дыбыс — «ң». Ол қазақ тіліне тән дыбыс, басқа тілдерде де бар. Біз оны «ng» диграфымен бердік. Осындай диграфпен беру ағылшын тілінде де, басқа бірнеше дыбыстарда кездеседі. Оны қабылдау да оңай болады», — деп атап көрсетті Тілешов.
Бұдан бөлек, «ғ» — «gh», «ч» — «ch», «ш» — «sh» және «ж» «zh» болып белгіленеді.
Ал «ц», «в», «ф» сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ дыбыстарды мүлдем алып тастау туралы ұсыныс болған.
«Тура осындай мәселе 1920-жылдары әліпби тақырыбы көтерілгенде айтылған болатын. Жат дыбыстарды кіргіземіз бе, жоқ па — осы мәселе қаралды. Аxмет Байтұрсынұлының әліпбиге қатысты еңбектерін мұқият оқысақ, біз Алаш зиялыларының кейбір кірме дыбыстардың қазақ әліпбиінен орын алуын жақтағанын да көреміз. Мысалы, білімпаздар съезінде Аxмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің сақталуына аз да болса ақысы бар «һ» дыбысы жайында айтқан болатын. Өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса сөздер бар дейді. Сондықтан ондай дыбысты сақтау қажет деп санайды. Біз де осы принципке келісіп отырмыз. Сондықтан жаңа әліпби нұсқасында осындай дыбыстарға орын бердік», — деді Ербол Тілешов.

Осы мәселеге орай Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин өз сөзінде: латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай қателік болмауы керектігін атап өтті.

Ол үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдаудың айрықша маңызды мәселеге арналып отырғанын айта келіп:

— Бүгін біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек, — деп түйіндеді сөзін.

Жиында Парламент Сенатының депутаты Дархан Қалетаев, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов және басқа депутаттар сөз сөйледі.

Ал Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілген бойда нақты шаралар қолға алынатынын мәлімдеді.

— Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында латын әліпбиін енгізудің мерзімін белгілеген болатын. Үкіметтің аталған тапсырманы орындауға қатысты нақты көзқарасы бар. Латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілгеннен кейін оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынады. Ол жоспар барлық салаларды қамтиды. Себебі тіл коммуникацияның әмбебап құралы болып саналады, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

inform.kz сайтының материалдары бойынша әзірленді.  

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*