Егер күн күрт жылынса…
Кеше қала әкімінің орынбасары Абай Байжомартовтың төрағалық етуімен көктемгі су тасқынына қарсы құрылған қалалық комиссияның бірінші отырысы өтті. Жиынға селолық округ әкімдері мен кәсіпорын басшылары қатысты.
Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары комиссия жұмысына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады.
— Ақпан айының үшінші аптасында қалың қар жауып, кей жерлерде боран соққаны белгілі. Бұл күн жылынғанда үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан көктемгі су тасқынына қарсы жұмыс жүргізетін барлық мекемелер әзірліктерін қайта қараған жөн. Күн күрт жылынған жағдайда қапы қалмауымыз керек, — деді ол.
Сондай-ақ жиында Ақтөбе гидрометерологиялық орталығының директоры Кеңес Абдуллин наурыз айындағы ауа райына тоқталды. Яғни, айдың үшінші аптасында күннің күрт жылынатынын ескертті. Бұдан кейін сөз алған «Актюбводхоз» мекемесінің директоры Юрий Грабов «Қарғалы», «Сазды», «Ақтөбе» су қоймаларының жай-күйіне тоқталды. Мекеме бастығы жыл өткен сайын су аз түсетінін айтты. Дегенмен, көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстар жүйелі жүруде. Ал «Ақтөбе судан құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Қасымжан Байсадақов көктемгі жұмыстарға сақадай сай екенін жеткізді. Қазіргі күні барлық қажетті техника дайын. Құтқарушылар бір аптадан соң күні-түні кезекшілікке шықпақ. «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бастығы Асқар Ғабидуллин қазіргі күні қар шығару жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. Мәселен, бірінші кезекте Шанхай, Тұрғындар қалашығы, Мәскеу аудандарының қары тазартылуда. Аталған жұмыстармен «Арнаулы автокөлік» АҚ, «Ақтөбегордострой», «Тазалық», «КГП», «КТП», «Коквест» секілді бірқатар серіктестіктер айналысып жатыр. Сондай-ақ Асқар Ғабидуллин көктемгі жұмыстарға қажетті инертті материалдардың жеткілікті екенін жеткізді. Бұған қоса отызға жуық көлік су тасқынына қарсы жұмыс істемек.
Жиын соңында қала әкімінің орынбасары барлық мекеме мен ауылдық округ басшыларына әзірлік жұмыстарын қайта пысықтап, комиссиямен тығыз байланыс орнатуды тапсырды. Сондай-ақ 8 жедел топ құрылғанын жеткізді. Наурыздың онына дейін тиісті мекемелер өзен аңғарлары мен каналдарды және арықтарды тазартпақ.
Кәмшат ҚОПАЕВА.




