Басты бет » Жаңалықтар » Тұрғындардың 90,6 пайызы құбыр суын пайдаланады

Тұрғындардың 90,6 пайызы құбыр суын пайдаланады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен тұрғындарды коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтері мәселесіне арналған жиын өтті.

Селекторлық жиынға Ақтөбе қаласы мен барлық аудан әкімдері, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың, барлық коммуналдық кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Облыстағы газ, су, электрмен жабдықтау жүйесінің жағдайы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Аманов хабарлады.

Облыста газ құбырының жалпы ұзындығы 6 мың шақырымнан асады. Бүгінде барлық аудан орталықтары газдандырылған. Жыл соңына дейін 5 елді мекенге көгілдір отын жеткізіледі. Осылайша тұрғындарды газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 87,3 пайызға жетеді.

Сол сияқты, қазір облыс тұрғындарының 90,6 пайызы құбырдан келетін суды пайдаланады. Облыс әкімі  бүгінде ауызсуды тасып ішіп отырған Ырғыз ауданының Нұра, Мамыр ауылдарына су құбырын тарту мәселесін шешу керектігін тапсырды.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына сәйкес облыста ауызсумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және дамыту мақсатында жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге 10 жоба, сол сияқты өңірлерді дамытудың 2020 жылға арналған бағдарламасы бойынша 3,4 млрд теңгеге 20 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар, 2016 жылдан 2020 жылға дейін «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы республикалық, облыстық бюджеттердің гранттық қаржыландыруы есебінен және Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиелік ресурсынан  жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге облыс орталығындағы су құбырларын қалпына келтіреді.

Тозығы жеткен құбырлар — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы басты проблема. Мәселен,  электр энергиясын беретін желілердің 61,5 пайызы тозған. Бұл мәселелерді шешу үшін Бердібек Сапарбаев коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларды орындауына қатаң бақылау керектігін талап етті.

Егер инвестиция болса, онда неге құбырлар тоз-тоз болған? Қызмет құнын көтергілерің келсе, оның сапасын да көтеріңдер, —  деді облыс әкімі коммуналдық кәсіпорын басшыларына.

Сол сияқты, облыс әкімі жылыту маусымына дайындық шараларын күшейту, тұтынған коммуналдық қызметі үшін бережақ тұтынушылар санын азайту және иесіз желілердің жағдайын бақылауға алуды тапсырды.  Өткен жылы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен барлық иесіз желілер коммуналдық меншіктің балансына өткен.

Сонымен қатар, облыс әкімі облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның  396 квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне байланысты баяндамасын тыңдады, соның ішінде есеп беруші кәсіпорындарды тәртіпке келтіру және олардың пайдалылығын арттыру шарасын қабылдау қажеттігін талап етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*