Басты бет » Әлеумет » Әкелер слеті өтті

Әкелер слеті өтті

Атаулы күн

 Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта Отбасы күніне арналған облыстық фестиваль өтті.

Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде аталып өтіп жүр.

Бұл шараны облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен «Асыл Ана» жеке мекемесі ұйымдастырды.

Мақсат — отбасы институтының беріктігін нығайту, Отанға деген сүйіспеншілік пен адамгершілік, рухани құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесіндегі ата-ананың ролі, оның ішінде әкелер жауапкершілігін арттыру.

Отбасы күніне арналған облыстық фестиваль балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Мисс-2017» шарасымен басталды. Сұлулық байқауына қатысушылар өздерін жан-жақты қырынан көрсете білді. Үміткерлер өз қолымен тіккен эксклюзивті киімдерді сахнаға киіп шығып, қай-қайсысы да қазылар алқасының жоғары бағасын иеленді.

Бұл күні саябақ сахнасында әкелер слеті ұйымдастырылды. Салтанатты шара кезінде облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон жиналғандарды Отбасы күнімен құттықтап, отбасындағы жауапкершілік, ата-ананың бала тәрбиесіндегі роліне тоқталды.

Слетке көпшілікке есімі белгілі спортшы Евгений Гончаров, табысты кәсіпкер Ержан Нұрғалиев сынды әкелер қатысып, олар еліміздегі отбасы мәртебесінің қоғамда алатын орны,  өскелең ұрпақты тәрбиелеуде отбасының ролін күшейту мәселесіне қатысты  өз ойларын ашық айтты.

Фестиваль аясында денсаулық күркесі жұмыс жасады. Бұл күні ақтөбеліктерге күрке ішінде дәрігерлер медициналық қызмет көрсетті. Мамандар тұрғындардың қан қысымы мен қан құрамындағы қант мөлшерін тексерді, ақысыз кеңес берді. «Арасан-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы көрермен ретінде келген отбасы мүшелерін қатыстырып, әртүрлі спорттық жарыстар ұйымдастырды.

Шара соңында алдын ала жарияланған байқау нәтижесі бойынша әке мен баланың бірігіп жасаған ұяларының қорытындысы шығарылды. Спорттық жарыстардың жеңімпаздары анықталды.

Бұл күні  көп балалы отбасы — Кәмшат Ырысымбетованың отбасына «Ұлттық Эко Тағам» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Әлима Қожиеваның демеушілігімен көмек көрсетілді.

Отбасы күніне арналған шараны тамашалауға келген тұрғындар қызықты байқаулар мен флешмобтардың және концерттік бағдарламалардың куәсі болды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*