Басты бет » Құқық » Жұртшылықпен жүздесу

Жұртшылықпен жүздесу

Сот

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай қызметтік сапармен Байғанин және Қобда аудандық соттарын аралап, аудандық соттардың жұмысымен танысты, аудан активінің қатысуымен жұртшылықпен кездесу өткізді.

Жиын барысында облыстық сот төрағасы өткен жылы қазан айында облыстық сотта «Ұлт Жоспарын орындау аясында Азаматтық процестік кодекстің жүзеге асырылу жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, онда Азаматтық процестік кодекстің жаңашылдықтарына жоғары баға берілгенін атап өтті.

Бүгінгі таңда елімізде Елбасы анықтаған «100 қадам» Ұлт жоспарына сай институционалдық реформалар сәтті жүзеге асырылуда. Соған орай алдағы сот жүйесін дамыту аясында заң үстемдігін жүзеге асырудың, судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіру мен сот ісін жүргізуді жаңғыртудың, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамытудың негізгі бағыттары белгіленген. Барлығы 10 мақсатты қадам анықталып, қазіргі таңда олардың барлығы жүзеге асырылғанын қуантарлық жайт ретінде атап өтуге болады. Бұл ағымдағы жылдың 21 қарашасы күні Астана қаласында өткелі тұрған республика судьяларының VII съезінде  судьялар қауымдастығы баяндайтын негізгі нәтижелер болып табылады.

2015 жылдың 31 қазан күні алғаш рет Елбасы салтанатты түрде халық алдында, барлық БАҚ өкілдерінің қатысуымен жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекске қол қойған болатын. Бүгінгі күні Азаматтық процестік кодекс сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға байланысты өзіне тағылған үмітті ақтап, өз тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеді.

Ағымдағы жылдың тамыз айында Ақтөбе облысы әкімі мен облыстық сот төрағасы арасында құқықтық дауларды реттеуге байланысты бітімгершілік рәсімдері институтын дамытудағы өзара ықпалдастық меморандумына алғаш рет қол қойылған болатын. Аталмыш бағытта облыстық сот дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану және мемлекеттік бажды қайтару шарттарына байланысты жұртшылық арасында белсенді түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бітімгершілік рәсімдерін қолдану арқылы бітімгершілікке келген талапкерлерге 86 млн теңгеден астам сомадағы мемлекеттік баж қайтарылған.

Сондай-ақ облыстық сот төрағасы сот жүйесінің 25 жылда жеткен жетістіктері, сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелері, сот жүйесінің салыстырмалы талдауы және соттардағы ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы туралы атап өтті.

Сонымен қатар жақында өткелі тұрған ҚР судьяларының VII съезінің маңыздылығы атап өтілді, съезд барысында судьялардың жүріс-тұрыс қағидалары мен ережелерін қамтитын жаңа Әдеп кодексі жобасын талқылау жоспарланып отыр, аталмыш кодексті даярлау қажеттілігі «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» ұлт Жоспарының 19-қадамынан туындайды.

Қызметтік сапар соңында облыстық сот төрағасы судьялардың назарын сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, істерді қарау мерзімдерін сақтау, азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғау қажеттігіне аударды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*