Басты бет » Жаңалықтар » Марал шаруашылығы құрылып жатыр

Марал шаруашылығы құрылып жатыр

Брифинг

Кеше «Ақтөбе ақпарат» орталығында Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауовтың баспасөз мәслихаты өтті. Мәслихат барысында аудан әкімі үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары жөнінде мәлімдеді.

Ауданда тұрақты негізде жұмыс жасайтын, өндірістің даму деңгейін анықтайтын 8 кәсіпорын бар. Сегіз ай ішінде ауданның өндірген өнімінің көлемі 97,9 пайыз құрады. Аудан әкімі бұл жерде болжамды көрсеткіштің толық орындалмағанын, алайда жыл аяғына дейінгі төрт айдың ішінде оны орындаудың мүмкіндіктерін де айтып өтті.

Есесіне аудан ауыл шаруашылығы  саласында елеулі табыстарға жетіп отыр. Бұл салада өнім өндірудің көлемі болжамдық жобадан асып түсті. Мемлекеттік бағдарламалардың  тиянақты орындалуының нәтижесінде түйеден өзге түліктің түрлерінің, құстың өсімі байқалады. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мемлекеттен көмек ретінде 61,8 миллион теңге субсидия алды. Аталған салаға инвестиция тарту жоспары 18,7 пайыз артық орындалды.

Өткен жылға қарағанда егістің де көлемі ұлғайды.  Қазір егін орағы соңғы мәреге таяп келеді. Дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 12,3 центнер өнім алынуда. Бұл бүгінгі күнге облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Аудан облыс әкімінің тапсырмасы бойынша суармалы жерлерді ұлғайтуда. Таяудағы екі жылдың ішінде оны 5 мың гектарға жеткізу мақсаты қойылуда.

Негізінен құнарлы жерлер осы ауданда  екені белгілі. Сонымен байланысты ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға назар аударылуда. Жыл басынан бері бірнеше жылдар бойы пайдаланылмаған  6131,32 гектар 4 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, 21 жер учаскесі шаруашылықтарға берілді. Аукцион арқылы аумағы 1,6 гектар кәсіпкерлік қызметті жүргізуге арналған үш жер учаскесі сатылды.

Ауданда марал шаруашылығының құрылып жатқаны, сонымен байланысты емдеу сауықтыру орны құрылысының салынуы журналистердің ерекше назарын аударды. Бұл ауданда «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша да атқарылған жұмыстар қомақты.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі жоғары. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 111,7 пайызға жетіп отыр.

Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сегіз айда 3 балабақша, 4 спорттық, 17 бизнес құрылыстары пайдалануға берілді.

Аудан әкімі «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 382 маманның  өңірге келгенін хабарлады. Алайда бұл өңірде баланың өмірге келу көрсеткіші төмен. Түрлі себептерден шекаралық ауылдарда тұратын халықтың  саны азайған. Аудан әкімі осы жағдайларды жедел түзеу шаралары  алынып жатқанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде кейінгі жылдары сырттан көшіп келіп қоныстанушылар көбейе бастаған. Оларға әкімдік, шаруа қожалықтары жағдайлар жасап, баспана беріп, жәрдем көрсетуде.

Жалпы ауданның қазіргі тұрмысы мен экономикалық жағдайы жаңадан қоныстанушыларды қызықтыруға тиіс.  Бұл жөнінде аудан әкімі Нұржауған Қалауов:

— Жалпы аудан тұрғындарының 74,4 пайызы газбен, 94,4 пайызы ауыз сумен қамтылған.Биылғы жылдың өзінде Казанка ауылына газ барды. Енді екі ауылға газ жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ екі ауылға орталықтандырылған ауыз су құбырын қайта жарақтандыру мәселесі  қолға алынуда, — деді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*