Басты бет » Жаңалықтар » Өрт сөндірушілер үш адамды өрттен аман алып қалды

Өрт сөндірушілер үш адамды өрттен аман алып қалды

Жақында Ақтөбе қаласындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Наумов көшесіндегі екі қабатты жеке тұрғын үйдің бірінен өрт шыққаны туралы хабар түсті. Жанып жатқан үйге дер кезінде жеткен өрт сөндірушілер тұрғындардың өмірін, мүлкін сақтап қалу үшін бар күшін салды.

Үйдің өртенуі жеке адамдардың жауапсыздығынан болады. Абырой болғанда, оқиға болған жерге уақытында жетіп, үйдегі екі ересек адам мен бір баланы түтінге уландырмай, дер кезінде медициналық көмек көрсеттік, —  дейді сол күні кезекшілікте болған қарауыл бастығы, азаматтық қорғаныс аға лейтенанты Е.Жылқайдар.

Өрт екінші қабаттан шыққандықтан сөндіру барысында біраз қиындық туындады. Ондағы жиһаз-жабдықтардың бәрі өртенді. Құтқарушы топ шатырды ашу үшін біраз уақыт әуреге түсті. Сондай-ақ, үйдің қамыстан тұрғызылған қабырғасы да жалынның өрши жайылуына себеп болды. Дегенмен, батыл да, қауқарлы құтқарушылар бұл кедергіден де жаңылыспай өтті.

Өз ісінің жауапкершілігін жанымен түсінген азаматтық қорғаныс подполковнигі Н.Тасмағанбетов өртті жылдам әрі тез сөндіру үшін қарамағындағы өрт сөндірушілер тобын дереу жұмылдыра білді. Тұрғындардың үрейін басып, құтқарушылар бір жарым сағат ішінде өртті сөндірді.

Барлық қызметкердің де еңбегі зор болды. Дегенмен, солардың ішінде ерекше көзге түскендері — Әділет Айекешов (сержант), Ағлан Нұрмағанбетов (кіші сержант)  сынды жас мамандар, — дейді азаматтық қорғау подполковнигі Н.Тасмағанбетов.

Асқан батылдықты, жүрек пен білек күшін талап ететін бұл қызметте қателесуге болмайды. Ал өрттен құтқарушылар қашан да ел-жұрттың амандығы үшін қызмет ете бермек.

Ақмарал САНСЫЗБАЕВА,

Ақтөбе облысының ТЖД

«Өрт сөндіру және авариялық-құтқару

жұмыстары қызметі» ММ мемлекеттік тіл

және ақпарат тобының инспекторы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*