Басты бет » Спорт » «Ақтөбе» тағы да ұтып, бір сатыға жоғарылады

«Ақтөбе» тағы да ұтып, бір сатыға жоғарылады

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 2:0

 26-тур барысында «Ақтөбе» клубы өзінің 50 жылдығын қоса атап өтті. Бұрыннан да жанкүйерлер көп жиналатын стадион бұл жолы тіпті лық толы болды.

Бірінші таймда екі команда да сақ ойнады. Шиеленіскен тартыстардан гөрі алыстан бағытталған соққылар көбірек болды, стандарттық жағдайлар жиі орын алды. Мысалы, жерлестеріміз қатарынан үш рет бұрыштама доп соқты. Әрине, қонақтар да қарап қалған жоқ. Тіпті Милан Стоянович гол да соқты, бірақ футболшы ойыннан тыс қалғандықтан бұл голды төрешілер есепке алмады.

Екінші таймда ақтөбеліктер сенімді қимылдай бастады. 52-минутта оң қанатта жүрген Игорь Зенькович жасаған соққы қарағандылықтардың қорғаушысына тиіп барып, Руслан Валиулиннің оң ыңғайына келе қалды. Руслан еш абдырамай, шалт соққы жасады да, жібек торды дір еткізді — 1:0.

Әрине, қонақтар есе қайтаруға талпынды, қарағандылық бас бапкер алаңға екі жас футболшыны шығарды. Бірақ голдың әсерімен шабыттанған «Ақтөбе» дес бере қоймады. Тіпті 81-минутта есепті еселей түсті. Қонақтардың айып алаңында жүрген Руслан Валиуллин өзіне келе қалған допты сол маңайдағы Марко Обрадовичке баспен соғып бағыттады да, Марко допты кеудесімен қағып алып жерге түсірер-түсірместен сәл айналып, жойқын соққы жасады, қақпашы еш әрекет жасай алмады — 2:0.

Ойын осы есеппен аяқталды, «Ақтөбе» қазіргі таңда аса маңызды болып тұрған үш ұпайға ие болды. Дегенмен, әсіресе, чемпионаттың соңы таялып қалған қазіргі кезде кез келген команда әр ұпай үшін жанталаса қимылдайтыны белгілі. Сол себепті қалған кездесулерде де осы жігерді жоғалтып алмау қажеттігін футболшыларымыздың өздері де естен шығармайтыны анық.

«Ақтөбе»: Отарбаев Самат, Воловик Олександр, (капитан), Савич Душан (Обрадович Марко, 53-минут), Шимкович Томаш (Муарем Муарем, 82-минут), Нейн Еоне Джозеф Филс, Симович Слободан, Колчак Кристиан, Байтана Бауыржан (Шурыгин Антон, 75-минут), Зенькович Игорь, Қайыров Бағдат, Валиуллин Руслан.

«Шахтер»: Шацкий Игорь, Стоянович Милан, Сзоке Юлиус, Зошак Стефан (Өміртаев Оралхан, 73-минут), Станоевич Марко, Хлебоун Якуб, Валента Иржи (Наджарян Геворг, 64-минут), Габышев Михаил, Тарасов Евгений (капитан), Дмитренко Виктор, Хижниченко Сергей (Шахметов Марат, 46-минут).

10 қыркүйек 2017 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 12 000 адам.

Чемпионат басталғалы«Ақтөбе» 26 кездесу өткізіп, 6 рет ұтты, 7 рет тең ойнады, 13 ойында жеңіліп қалды. 30 гол соғып, өз қақпасына 38 доп жіберіп алды. Ұпай саны — 25.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович — 9 доп (2 допты пенальтиден соқты);

Юри Мамуте — 3;

Душан Савич — 3;

Бауыржан Байтана — 2;

Кирилл Шестаков — 2;

Марко Обрадович — 2;

Жуниньо — 1;

Кассиано — 1;

Витор Жуниор —1;

Томаш Шимкович — 1;

Джозеф Нейн — 1;

Руслан Валиуллин — 1.

(Үш допты қарсыластарымыз өз қақпаларына өздері соғып алды: Д.Чертов, «Оқжетпес»; С.Граховац, «Астана»; Б.Шадманов, «Тараз»).

Енді турнир кестесіне келсек, алғашқы топты әзірге ешкімге жеткізбейтін бестік құрайды: «Астана» — 60 ұпай, «Қайрат» — 59 ұпай, «Ордабасы» — 48 ұпай, «Тобыл» — 38 ұпай, «Ертіс» — 37 ұпай. Бір ескерерлігі, «Астананың» басқа командалардан екі ойыны кем.

6-7 орындардағы «Қайсар» мен «Тараз» 29 ұпайдан жинады.

8-орын иесі иесі — 27 ұпайы бар «Шахтер».

25 ұпайдан жинаған «Ақтөбе» мен «Атырау» 9-10 орындарға жайғасты.

11-12 орындарды 23 ұпаймен «Оқжетпес», 21 ұпаймен «Ақжайық» бөлісіп тұр.

27-турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнайды. 16 қыркүйек, сенбі күні «Атыраумен» кездеседі.

Басқа ойындар:

16 қыркүйек, сенбі

«Ертіс» (Павлодар) — «Ақжайық» (Орал)
«Тобыл» (Қостанай) — «Ордабасы» (Шымкент)
«Тараз» (Тараз) — «Қайрат» (Алматы)

17 қыркүйек, жексенбі

«Шахтер» (Қарағанды) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

18 қыркүйек, дүйсенбі

«Қайсар» (Қызылорда) — «Астана» (Астана»)

Ертай АШЫҚБАЕВ. 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*