Басты бет » Басты жаңалықтар » Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды асқақтатты

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды асқақтатты

Кеше Елорда төрінде 115 ел мен 22 халықаралық ұйым өкілдері қатысқан дүниежүзілік шараның салтанатты жабылу рәсімі болды. Театрландырылған шоуға екі мыңнан астам адам қатысты.

Осыдан тура үш ай бұрын көрме  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ЭКСПО-2017» қалашығында бірқатар мемлекет басшылары мен премьер-министрлерін қарсы алуымен басталған еді. Салтанатты ашылу рәсіміндегі мәртебелі меймандардың қатарында Ресей, Қытай, Қырғызстан, Беларусь, Түрікменстан, Чехия, Армения, Өзбекстан, Сербия, Үндістан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, т.б. елдердің басшылары болды. Өз кезегінде мыңдаған адам жұмылдырылған шоу-бағдарламада, көрменің тақырыбына сәйкес, Жер, Күн, Су, Энергия сияқты адамзатқа ортақ әрі орны бөлек ұғымдарға қатысты театрландырылған көріністер инновациялық технологиялармен паш етілген-ді. Жарқ-жұрқ еткен шамдар, әр жерден мақсатты түрде там-тұмдап шыққан дыбыстар арқылы режиссерлер ақырында Күн энергиясын бәрінен асқақ етіп көрсетіп, әйгілі әнде айтылатындай, ешқашан Күн сөнбесін дегенге саятын философиялық көріністерді ұсынған болатын.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің жабылу салтанаты да керемет көріністерге толы болды. Кешқұрым шымылдығын түрген мәдени-сауықтық бағдарламада 2232 адам өнер  көрсетті.   Салтанатты шарада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

— Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан ЭКСПО шағын қалашығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның әлемге танымалдылығы мен туристер үшін танымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсете алдық. Біз болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз елімізде тоғыстырдық.

«ЭКСПО-2017» көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрді. Олардың үштен екі бөлігі — жастар мен оқушылар. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын 40-50 мыңдаған адам келіп тұрды. Көрмені 180 мемлекеттен келген жарты миллион адам тамашалады. Яғни әр алтыншы қонақ шетелдік екенін атап өткім келеді.

ЭКСПО-ның ең танымал орталығы — қазақстандық «Нұр әлем» павильоны болды. Көрме басталғаннан бері бұл павильонға 1 миллион 300 мың адам кіріп-шықты. Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды асқақтатты, — дей келе, осынау шараның  Қазақстанның әлемдік БАҚ-та көптеп аталуына мұрындық болғанын атап өтті.

Елбасы көрме аясында өткен мәдени және халықаралық шараларға тоқталды.

— Күн сайын елордамыз төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жеткен түрлі мәдениеттің әуені мен нақышына бөленіп тұрды. Бүгінгі салтанатты рәсім Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитімен тұспа-тұс келіп отыр. Онда ислам әлеміндегі ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелері талқылануда. Жалпы, ЭКСПО аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткеніне де  ерекше атап өтті.

Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, — деді Елбасы.

Мемлекет басшысы «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды аспектілеріне тоқталды.

ЭКСПО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды, —деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы көрме  аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленгенін атап өтті.

— ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенімдімін, —  деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, көрменің инфрақұрылымын кейін де пайдалану туралы өз ойын айтты.

— «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, — деді Қазақстан Президенті.

Елбасы көрмені өткізуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтып, келген қонақтарға ерекше ризашылығын білдірді.

Осымен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялаймын! Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты, ең алдымен Қазақстан халқына осы идеяны қолдағаны үшін шын ризашылығымды білдіремін. Бұл жерде ЭКСПО құрылысына архитекторлар, инженерлер, құрылысшылар, менеджерлер, демеушілер, серіктестер атсалысты. Әсіресе жас волонтерлер – 4500 жасымыз қатысып, осы жерде жұмыс істеп, көп шетелдікке қаламызды көрсетті. Көптеген мемлекеттер, компаниялар және халықаралық ұйымдар да өз үлестерін қосты. Баршаларыңызға айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін шын жүрегіммен алғыс айтамын. Көрмені басқаруды тапсырған компанияға, оның басшысы Есімов мырзаға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатқа келіп отырған мемлекет және үкімет басшыларына, Халықаралық көрме бюросына және барлық қонақтарға ерекше рахметімді айтқым келеді. Астана әрқашан өздеріңізді ыстық ықыласпен, аса құрметпенен қарсы алып отырады. Сіздерге зор денсаулық, мол табыс тілеймін! Жасасын Қазақстан!,  —  деді Мемлекет басшысы

Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдегендей, үш айда 40 Мемлекет басшысы, 9 премьер-министр, 72 Сыртқы істер министрі көрмеге арнайы ресми сапармен келген. Жобаның барлық серіктестеріне «ЭКСПО-2017» көрмесін табысты өткізуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірген ол: «Бүгінгі күні аталған ауқымды жоба ел экономикасына оң әсерін тигізді және шамамен 50 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Көрмелердің тәжірибелеріне жасалған жете талдау барысында аталған ауқымды жобалар мұраларының маңызы зор екендігін байқадық. Қазіргі кезде ЭКСПО-дан кейінгі кезеңнің бағдарламасы аяқталуға жақын. Көрменің әрбір шаршы метрін алдағы уақытта мақсатты қолдану жөнінде нақты жоспар бекітілген. Ең бастысы, 4 миллион көрме қонақтары көрмеден ұмытылмас әсер алды», — деп атап өтті.

Салтанатты шарада күрделі инженерлік, көркемдік және қойылымдық көріністер қолданылатын ауқымды «Hi-Light Show» жарықтық иллюзиялар, графикалық проекциялармен астасқан кеште ұйымдастырушылар болашаққа «сапар шегуге» мүмкіндік берді. «МузАрт» тобы, Майра Мұхамедқызы, Жәмилә Серкебаева, Марат Бисенғалиевтың симфониялық оркестрі, сондай-ақ, «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өнер көрсеткен көрмедегі қауіпсіздікті 3 мыңнан астам полиция мен 500-ден астам Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері қамтамасыз етті. Думанды шараның соңы отшашуға ұласты.

…«ЭКСПО-2017» көрмесі басталғалы сол туралы үзбей хабар таратып, бүкіләлемдік шараның жылт еткен жаңалықтарымен бөліскен, қатысушы елдердің павильондары, ондағы жаңашылдықтар һәм жасалған жағдай төңірегінде сериялық материалдар жариялаған облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының алғысына бөленіп, арнаулы сертификатқа ие болды.

Астанадан арнаулы тілшіміз Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Суреттерді түсірген Әлімжан БАРАНҒҰЛОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*