Басты бет » Жаңалықтар » «Батыс-2»-де көп қабатты жаңа үй пайдалануға берілді

«Батыс-2»-де көп қабатты жаңа үй пайдалануға берілді

«Нұрлы жер» бағдарламасы

Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасының «Тұрғын үй салуды жекеменшік салушыларының қолға алуын ынталандыру» бағыты бойынша салынған  алғашқы көпқабатты  тұрғын үй тапсырылды.

Жаңа пәтерлердің бақытты иелерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.

«Мемлекет басшысының саясаты Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға, атап айтқанда  қол жетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта елімізде мыңдаған қазақстандық отбасының баспана мәселесін шеше алатын мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Облысымыз бірнеше жыл бойы «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкімен» серіктес болып келеді. Санаулы уақыт ішінде ғана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі арқылы  14 мыңнан астам пәтер тапсырылды, олардың жалпы аумағы 63 мың шаршы метр құрайды», — деді ол.

Өңір басшысы облыстың Президент тапсырмасын орындау аясында  «Нұрлы жер» бағдарламасын  бірнеше бағыттары бойынша тиімді жүзеге асырып жатқан алғашқы өңірлердің біріне айналғанын атап өтті. «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында таунхаустар, көп қабатты үйлер мен коттедждері бар бөлек шағын аудан тұрғызылуда. Коммуникация, жол, мектеп, балабақша мен сауда орындары секілді барлық қажетті инфрақұрылымдар қарастырылған. Жақын арада жаңа қоныстанушылар алғашқы дайын болған үйлерге көшіп келетін болады.

Сондай-ақ, жаңа қоныстанушыларды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова, «Жинақ банкі» АҚ  еншілес банкінің төрағасы Александр Камалов және «Даму» қоры басқармасының төрағасы Абай Сарқұлов құттықтады.

Жаңа қоныстанушылар тұратын үй бір жылға жетпей тұрғызылған. Бұл жалпы аумағы 3 771  шаршы метрді құрайтын 54 пәтерлі  9 қабатты үй.  Ол экологиялық таза материал болып табылатын қызыл кірпіштен салынған.  Бұл – жаңа қоныстанушылардың пәтерлері жылы, берік әрі төзімді болады деген сөз. Жекеменшік салушы   аталмыш үйдің құрылысы үшін жеңілдік несиесін алды. Бағдарламаның шарты бойынша тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына тұрғызылған үйдің 50 пайызын бөлуді міндетіне алды.  Олар үшін 1 шаршы метрдің құны — 140 мың теңге.

— Мен осыдан бес жыл бұрын Тұрғын үй құрылысы жинақтау банкіне алғашқы салымымды жасаған болатынмын. Таяуда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға іріктеуден өттім. Бұл — менің өмірімдегі ең қуанышты сәт. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы біздің елімізде жақсы жұмыс істеуде, бұл әсіресе жас отбасыларға үлкен көмек. Мен көршілеріммен де танысып үлгердім, олар негізінен жастар. Олардың барлығы да қаланың осы аумағынан қонымды бағаға пәтер алғандарына қуанышты,— дейді қуаныш иелерінің бірі Гүлсім Сарқұлова.

«Тұрғын үй салуды жекеменшік салушылардың қолға алуын ынталандыру» бағытын жүзеге асыруда бірден үш тарап жұмылдырылған. Сонымен, «Жинақ банкі» құрылысты жекеменшік  салушыға 400 миллион теңге сомасына несие желісін ашты. Бұл қарызды жекеменшік салушы жеңілдік шарттарымен алды. Ал, «Даму» қоры АҚ тарапындағы мемлекет құрылыс компаниясының несиесі бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесінен 7%-ын өтеп берген болатын. Бұл  салынған баспананың шаршы метрінің құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өзінің салымшылары арасында пәтердің 50 пайызын кепілді түрде жүзеге асырды.

Өңірде тұрғын үй құрылысы белсенді дамуда, егер 2016 жылы 580 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, осы жылы 650 мың шаршы метр баспананы тапсыру жоспарда бар.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*