Басты бет » Жаңалықтар » Облыс әкімі қаржы институттарының басшыларымен кездесті

Облыс әкімі қаржы институттарының басшыларымен кездесті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басшысы Ләззат Ибрагимовамен, «Жинақ банкі» АҚ еншілес банкі жетекшісі Александр Камаловпен және «Даму» қорының басшысы Абай Сарқұловпен кездесті.

Кездесу барысында Президенттің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, бизнесті қолдау және несиелеу, тұрғын үй құрылысын ынталандыру бойынша тапсырмасы аясындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Өңір басшысы облыстағы қаржы институттарының жұмысына жоғары баға берді. Бердібек Сапарбаев бүгінде өңірде тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 74 мыңнан аса салымшысы барын және облыстың осы көрсеткіш бойынша көшбасшылар қатарында екенін атап өтті.

«Мұның бәрі — банктің дұрыс жұмыс жасайтындығы, халықтың қызығушылығы мен төлем қабілеттілігі бар деген сөз. Ең бастысы, мерзімі өткен қарыздар жоқ. Бұл – жақсы көрсеткіш», — деп атап өтті облыс әкімі.

«Даму» қорының жұмысы туралы айтқан Б.Сапарбаев қордың соңғы екі жылда өңірдегі жалпы құны 48 миллиард теңге болатын 900-ден аса субъектіні қаржыландырғанын атап өтті.

Өз кезегінде, банк басшылары өңірдің қолайлы инвестициялық ахуалы мен жоғары даму қарқынын атап өтіп, серіктестікті әрі қарай кеңейтуге мүдделілік білдіретіндіктерін айтты.

Кездесуге қатысушылар қол жеткен оң нәтижелерді орнықтыра отырып, тұрғын үй құрылысы көлемін арттырып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ынталандырудың бірлескен жұмыстарын жалғастыру қажет деген тоқтамға келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*