Басты бет » Жаңалықтар » Әлеуметтік қызметкерлер бас қосады

Әлеуметтік қызметкерлер бас қосады

22 қыркүйекте Астанада әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы қазақстандық форумы өтеді.

Бұл туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров «Ақтөбе ақпарат» орталығында баспасөз мәслихатында хабарлады.

Форумның мақсаты – халықты әлеуметтік қорғау саласында жинақталған тәжірибені талдап қорыту және саланың негізгі бағдарын анықтау, әлеуметтік желілердің заманауи қоғамдағы рөлі мен қосатын үлесін күшейту және мойындау болып табылады.

Шараның ұйымдастырушысы – БҰҰ, ЮНИСЕФ дамыту бағдарламаларының,  Көші-қон бойынша халықаралық ұйымының, ЕҚЫҰ, БҰҰ-дағы әйелдер, Халықаралық түрме реформасының қолдауымен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Форумға 600-дей қатысушы келеді, олардың ішінде Ұлыбритания, Сербия, Хорватия, Чехия, Ресей, Грузия елдерінің халықаралық сарапшылары бар. Шараға ҚР Парламентінің, Үкіметінің, орталық және жергілікті органдардың, оқу орындары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.

Практик мамандар, ғалымдар, қоғамдық және саяси қайраткерлер өңірдің ерекшеліктерін ескере отыра әлеуметтік жұмыстың даму мүмкіндігі мен ерекшелігін талқылайды, мүгедектігі бар тұлғаларға, қарттарға, үйсіздерге, тұрмыстық қысымның құрбандарына, адам саудасының құрбандарына кәсіби көмек берудегі заманауи технологияларға назар аударады.

Түрме саласындағы әлеуметтік жұмысты дамытудың тәжірибесі мен келешегін, денсаулық сақтау, жаңа технологиялар мен әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы ведомствоаралық және  сектораралық өзара әрекет етуді талқылау жоспарда бар.

Бірінші форум барысында әлеуметтік саладағы менеджемент, әлеуметтік қызметкерлерді дайындау және біліктілігін арттыру, коммерциялық емес ұйымдардың арнайы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысуын кеңейту, волонтерлік пен қайырымдылықты қолдау секілді өзекті мәселелер талқыланады деп күтілуде.

Форум аясында «Қазақстанда жүзеге асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» атты бесінші мерейтойлық республикалық көрме мен «Әлеуметтік аударымдар – жұмыспен қамтылған халыққа адекватты әлеуметті төлемдерді қамтамасыз ету» семинары өтеді.

Форум жаңа байланыстарды орнату, жаңа идеялар мен әлеуметтік жұмысты жаңғыртудың бағыттарын, әлеуметтік саланы әрі қарайғы инновациялық дамыту мақсатында тиімді шешімдерді іздеу,  Қазақстан халқына ұсынылатын әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін арттыру орнына айналады.

Ірі шарада Ақтөбе облысын «Пандус ОК» ЖШС директоры Шахан Жолдасбаев таныстырады.

Оның жобасы — қозғалуға мүмкіндігі жоқ мүгедек жандарға әлеуметтік нысандардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету және кіре берістерді бейімдеу, орналастыру. Жалпы компания құрылғалы бері 40-тан аса пандус салынып, 10 көтергіш орнатылды.

«Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*