Басты бет » Әлеумет » Ел келіні — Фариза

Ел келіні — Фариза

Отбасы күні мерекесіне орай Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық саябақта  «Ел келіні — 2017» байқауы өтті.

Мерекеге орай бұндай шара қалада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға 10 келіншек қатысты. Шара басталмас бұрын  төрт мотоцикл, екі лимузин, бес джип көліктері және жетпіске жуық өнер ұжымының қатысуымен келіндер шеруі болды. Шеруден кейін келіндер қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті. Келіншектердің барлығы қазақстандық дизайнерлердің киімдерін киді. Күннің жаңбырлы болғанына қарамастан барлығы көңілді жүрді. Байқаудың шарты бойынша келіндер сұраққа жауап беріп, өз өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде 26 жастағы Шалқар өңірінің келіні Фариза Төлебаева бас жүлдені жеңіп алды.

— Байқаудың шарттары қатысушыларға жеңіл болған жоқ. Әсіресе, сұрақ-жауап кезеңі күрделі болды. Көпшілігі осы кезеңде сүрінді. Сонымен қатар өз өнерімізді ортаға салдық. Мен Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңімді мәнерлеп оқыдым. Жалпы бұндай байқау келіншектерге серпін береді деп ойлаймын. Өйткені қатысушылардың ішінде үйде бала тәрбиесімен отырғандары бар, — деді Фариза.

Фариза — Башановтар отбасындағы жалғыз келін. Күйеуі Аянберген Ақтөбе қаласындағы бір мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ислам есімді ұлы бар. Фариза, Алла қаласа, екінші сәбиін өмірге әкелмек.

Жалпы алғаш рет ұйымдастырылған байқау жоғары деңгейде өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді  дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова бұндай байқаудың отбасы құндылығын насихаттауға тигізер үлесінің мол екенін айтады.

Шараның мақсаты — отбасы құндылығын насихаттау, қыздарды үлгілі келін болуға шақырау. Себебі қатысушылардың барлығы қазақтың салт-дәстүрлерін толық меңгерген. Келінге қатысты әдет-ғұрыптарды  жақсы біледі, — деді бөлім басшысы.

Қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*