Басты бет » Денсаулық » Денсаулық фестиваліне 6 мың тұрғын қатысты

Денсаулық фестиваліне 6 мың тұрғын қатысты

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Денсаулық фестивалі  биыл да ерекше ұйымдастырылды. Қаланың алты жерінде спорттық шаралар өтті. «Жүру — зиян емес. Жүрмеу — зиян» ұранымен өткен шараға  6 мыңға  жуық ақтөбелік қатысты. Қатысушылар түрлі дене жаттығуларын жасап, дәрігерлерден кеңес алды.

Бұл күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақ, Қобыланды батыр атындағы орталық стадион, А. Пушкин атындағы саябақ, «Авиатор» және «Денсаулық» саябақтары мен  Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармония алаңына көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақырған ұрандар ілініп, алаңқайлар түрлі-түсті шарлармен безендірілді. Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өткен шараға  студенттер, оқушылар, дәрігерлер  және мекеме қызметкерлері мен зейнеткерлерге дейін қатысты. Алдымен жастар «Біздің денсаулығымыз — өз қолымызда» ұранымен флешмоб биледі. Осыдан кейін барлығы бірге спорттық жаттығулар жасады.

Жалпы, Денсаулық фестивалі елімізде 1999 жылдан бастап  ұйымдастырылып келеді. Мақсат — денсаулықты сақтау мен нығайту, дұрыс тамақтану тәртібін сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстануға  бұқара халықтың назарын аударту. Шараға қатысушылар дене жаттығуларын жасады.

Жастармен бірге қарапайым қала тұрғындары да белсенділік танытты. Жасы елуден енді асқан қала тұрғыны Гүлмира Сағынбаева фестивальде жастармен бірге тұрып жаттығу жасады.

— Бала кезімнен спортпен шұғылданамын. Оқушы кезімде бимен айналыстым. Қазір де спорттан қол үзгенім жоқ. Балаларым паркте фестиваль болып жатыр деген соң келдім. Жастармен бірге музыка ырғағына қосылып жаттығу жасадым. Жалпы осындай шаралардың жиі ұйымдастырылғаны дұрыс,  — деді ол.

Ал студент Ақгүл Сансызбаева бұндай ауқымды шараға бірінші рет қатысып отыр.

—   Жолдастарыммен бірге жаттығу жасадым. Өте қызықты өтті.  Қан қысымым мен қандағы қант мөлшерін де тексертіп алдым. Дәрігерлер  қалай тамақтану керектігін айтып, кеңес берді. Әрине, жас болғандықтан дұрыс тамақтанбайтынымыз анық. Кейде сабаққа таңғы ас ішпей барамыз. Ал таңғы астың қаншалықты маңызды екенін осы сәтте білдім, — деді Ақгүл.   

Қаладағы емханалардан келген дәрігерлер саябақта тегін қызмет көрсетті. Тұрғындар қын қысымы мен қан құрамындағы қантты анықтады. Бұндай медициналық қызмет түрі алты саябақта да ұйымдастырылды.

«Денсаулық» саябағында өткен шарада облысқа белгілі білікті дәрігер Несібелі Қарымсақова жиналғандарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Өзі топты бастап жүгіріп, жаттығулар жасап, жастарға үлгі болды.

—  Спортпен бала кезімнен шұғылданамын. Бірақ тұрақты түрде 1997  жылдан бастап айналысып келемін. Медицина қызметкерлерінің арасындағы жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрдім.  Әрине, бұның барлығы, біріншіден, өзіңнің денсаулығыңа пайдалы болса, екіншіден, кейінгі жастарға үлгі боласың. Себебі мен балалармен көп жұмыс істедім. Оларды спортқа баулыдым. Жастарға ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын айтып жүремін. Қазір менің жасым 72-де, салмағым — 53 келі. Жасым үлкейді екен деп спорттан қол үзгенім жоқ. Қазір скандинавиялық жүріс әдісімен  жүремін. Таңертең жүгіремін, суда жүземін. Бұның барлығы денсаулыққа пайдалы, — деді дәрігер.

Жастар тәжірибелі дәрігердің кеңесін тыңдап, бірге жаттығу жасады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*