Басты бет » Әлеумет » Есімі кабинетке берілген

Есімі кабинетке берілген

Ұстаз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын. Мұғалім өз пәнінің терең білгірі ғана емес, сонымен бірге тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық  сауаттылық тұрғысынан да ілгеріден көрінуі тиіс деп білеміз.

Мектептердегі білім беру жүйесін жаңғырту, уақыт ағымына сай бейімделу қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Біздің кезімізде оқушының басты құралы қаламсабы мен дәптері болса, қазіргі шәкіртті компьютер жүйесінсіз елестету қиын.

Қайыңды орта мектебінде осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқанын айтқан ләзім. Бір айта кетерлігі, көптеген мектептер ескі сүрлеуден шыға алмай келе жатқан уақыттың өзінде мұнда жақсы жаңалықтар өмірге еніп жатқан-ды.

Ұлағатты ұстаз Өмірбай Мырзабеков сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде электронды есептеу техникасын шәкірттеріне үйретуді қолға алған болатын. Б3-34 деп аталатын микрокалькулятормен жетінші сынып оқушыларының жұмыс істеуі алғашқыда айналаға тосын жаңалық болып естілді. Көп ұзамай осы мектепте аудан мектептері арасынан тұңғыш рет информациялық-есептеу техникасын шәкірттерге үйрету үшін арнайы жабдықталған кабинет ашылды.

Осы кабинет меңгерушісі болған Өмірбай Нағимолдаұлының өзінен кейінгі әріптестері, біздерге семинар барысында: «Бізде қажетті барлық құрал-жабдықтар жеткілікті. Әйнектен жасалған үлкен тақтамыз бар. Әрі экран, әрі магниттік тақта да қойылған. Оларды сабақ үстінде қолдануға мүмкіндік жасалған. Үлкен микрокалькуляторымыз бар. Сабаққа байланысты кітапшалар, әдістемелік ұсыныстар жинақтаулы тұрады. Компьютердің проекциялық аппараты қажет кезінде іске қосылады. Материалдар жылтыр пленкаға жазылып отырады», — деп өз тәжірибесін таратқан еді.

Өмірбай ағаның заманынан ілгері қадам жасағанына қазір де таңғала қараймыз. Ол 1986 жылы Оралдағы мектеп басшылары ісін жетілдіру курсына барып «Информатика сабағын программаланатын Б3-34 микрокалькуляторымен өткізу» тақырыбына реферат жазып, оны облыс көлеміне  тарату шешімі қабылданғаннан кейін сол жылы Мәскеуде он бес республика бойынша ұйымдастырылған ЭЕМ мұғалімдерінің курсынан өткен. Бірнеше жыл аудандық математика мен ЭЕМ мұғалімдерінің методикалық бірлестігін басқарып, бірнеше баяндамалар жасап, ашық сабақтар берген. 1995 жылы 10-11-сыныптар үшін «Стандартты функциялар. Бейсик ішкі программасы GOSUB және RETURN массивтер, массивтерді өңдеу» әдістемелік ұсынысы кітапша болып шығып, ол облыс көлеміне таратылды.

2008 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударған ардагер ұстаз еңбектен мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Информатика пәнінен сабақ жүргізудің әдістемелік құралдары мен бағдарламаларын жасап, алғаш рет пәннің төменгі сыныптардан басталып оқытылуының бірден-бір негізін қалаған ол ұстаздық еткен жылдары осы бағытта біраз ғылыми кітаптар басып шығарды. 2013 жылы оның шәкірті Ж.Уайсовамен бірігіп жазған  «Delphi – программалау тілі» атты еңбегі жарыққа шығып, мектеп бағдарламасына енгізілді.

Өмірбай ағайдың алдын көрген шәкірттері туралы да ауыз толтырып айтуға болады. Солардың бірі Ильяш Ниязова аудан әкімшілігінде бөлім басшысы, Нариман Ағылжанов Қазақ-Британ университетін үздік бітіріп, Дубай қаласында мұнай компаниясында бас маман, Бақыт Жиенбаев №13 газ айдау стансасының бастығы, Амантай Махамбетов өзінің ізін жалғастырушы, яғни Қайыңды орта мектебінің директоры. Үлгілі ұстаздың алдын көрген тағы бір шәкірті Сәрсенғали Досмағанбетов — Құрашасай мектебінде директор.

Шәкірттері ұстаздарын ұмытпайды. Былтыр Қайыңды орта мектебінде Өмірбай Мырзабековке ескерткіш-тақта орнатылды. Бұл бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған асыл аға рухына лайықты тағзым деп білеміз.

Өмірбай аға мен Айман апаның шаңырағынан өрбіген ұрпақтары да өнегелі болып өсуде. Базарғали мұнай саласында инженер, оның ізін қуған Әмірғали, Ира, Серғали, Гүлмира, Мерғали, Тілеуғали, Гүлзира бәрі де әр салада еңбек етуде. Өмірбай ұстаздың шөбересі Әлихан мектепте оқу озаты, бабасы секілді ол да математикаға құштар, информатиканы еркін игерген.

— Біз мектебімізде Өмірбай Мырзабеков атындағы кабинет аштық. Негізін өзі қалап кеткен ұстаз тәлімі бүгінгі уақыт талабымен одан әрі жаңғырып, жас буынға заманауи сапалы білім беруде септігін тигізуде. Мектебіміздің түлектері сынақтардан сәтті өтіп, еліміздің белгілі жоғары оқу орындарына түсіп жатыр. Осының бәрі бізге әлі жоғары міндеттер жүктейді,— дейді қазіргі мектеп басшысы Амантай Махамбетов.

 

Бигелді ҚОЖА-АХМЕТ,

ардагер-ұстаз.

Мұғалжар ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*