Басты бет » Тарих » Жәрмеңке — өнер ордасы

Жәрмеңке — өнер ордасы

Ресей империясының құрамына енгеннен бастап қазақ даласында сауда-саттық қатынастардың жаңа түрі — жәрмеңкелер кеңінен тарала бастады. Тек қана Қазақстанның батыс бөлігінде — Кіші жүзде, Ішкі Бөкей ордасында (Жәңгір хан жәрмеңкесі), Орал, Гурьев, Ырғыз (Жармола), Темір (Қарақамыс), Көкжар  (Ойыл), Ақтөбе жәрмеңкелері пайда болды. Бұл жәрмеңкелер Қазақстандағы ірі сауда орындары ғана емес, қазақ өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан өнер ордалары да еді.

Жәрмеңкелер сол тұста өмір сүрген ақын, жыраулар шығармашылығының дамуына үлкен әсер етті, сонымен бірге қарапайым халықтың рухани қажеттілігін өтеуде де ерекше орын алды.

Жәрмеңкелерді өз шығармашылығының өзегіне айналдырған ақын — Кердері Әбубәкір. Сол жылдары ол Орынбор, Орск (Жаманқала), Орал, Ақтөбе, Темір (Қарақамыс), Көкжар (Ойыл) жәрмеңкелеріндегі халықтың аңсап күткен қонағы болды. Өз өлеңдеріне жәрмеңкелерді арқау етіп, жәрмеңке өмірін дәл суреттейді. Ол өзінің Әлім Қожахметпен жазбаша түрдегі жұмбақ айтысында Орынбордағы айырбас (Меновой)  сауда алаңын былай деп суреттейді:

«Еділдің бойы жағалай,

Русиенің салған қаласы.

Сол дарияның ішінде

Бірі абзал дегенің

Орынбор екен шамасы».

Орынбор жәрмеңкесінің сәнін келтіріп, салтанатын арттырған өнерпаздардың ішінде Тәңірберлі Молдабайдың орны өте ерекше. Жәрмеңкеге жиналған дүйім  жұрт «Орынбор жәрмеңкесінің қос босағасы» деп атаған Молдабай мен Әкімгерей шындығында шоқтығы биік әншілер болған. Молдабайдың Орынбор, Ақтөбе, Ойыл жәрмеңкелерінде өзі туралы айтқан:

«Тәңірберлі Молдабай,

Малға жарлы, тілге бай.

Айтар сөзге келгенде,

Тағалаған жорғадай», — деп келетін ұзақ өлеңі Қазақстанның батыс өңіріне кең тараған, елдің сүйіп тыңдайтын шығармасына айналды. Белгілі музыкант Жаппас Қаламбаев — Молдабайдың рулас тумасы. Кезінде Молдабай мен Әкімгерейдің әндерін Әли Құрманов жазып алып елге таратқан. Тәңірберлі Молдабайдың:

«Айт-шу, Айт-шу, қара нар,

Орынборға тура бар», — деп басталатын әні елдің саудаға бет бұрған кезіндегі өмір шындығын дәл суреттеген реалистік шығарма.

Ішкі Бөкей Ордасындағы Жәңгір хан 1832 жылы негізін салған Хан ордасындағы жәрмеңке — қазақ күй өнерінің тамаша саңлақтары Ұзақ, Құрманғазы, Дәулеткерейлердің халықты өз шығармаларымен сусындатқан киелі өнер ордасы. Қазақтың тамаша күйшілері — Құрманғазы мен Дәулеткерей  Ішкі Бөкей Ордасындағы жәрмеңкеде кездесіп, халықты өз күйлерімен сусындатқаны тарихи шындық.

Хан ордасындағы жәрмеңкенің көркі болғандардың бірі — суырып салма, айтыскер ақын Бекберген. Жәңгір ханның ордасында жылына екі мезгіл — көктем мен күзде өткізілетін жәрмеңкеге өз сән-салтанатымен келетін Бекберген ақын қалың халыққа:

«Менің атым Бекберген,

Ақылды топты көп көрген.

Жақсы менен жаманды

Басынан талай өткерген», — деп таныстырған.

Сондай-ақ, Ноғайлы жұртының ұлы философы атанған абыз Асан қайғының:

«Ойыл деген ойыңды

Отын тапсаң тойыңды.

Ойыл көздің жасы еді

Ойылда кеңес қылмадың

Ойылдан елді көшірдің», — деп келетін атақты толғауына өзек болған Ойыл жеріндегі Көкжар жәрмеңкесі шартараптан ақын-жыраулар жиналған қызық думанға толы өнер ордасына айналды, адай Қалнияз, таз Қоспақ, беріш Мұрат Мөңкеұлы сияқты ақиық ақындар ажарлы айтыстарымен, жыр-толғауларымен елдің көңілін көтеріп, халықтың рухани өмірін ажарландырған киелі өнер ошағы болды.

Берігірек заманда жыр алыптарының асқақ өнерін Көкжар жәрмеңкесінде Мұхит Мералыұлы, оның шәкірті Шынтас Қаратаев, атақты «Сары иректің» авторы Қызыл Тұрдалыұлы жалғастырды.

Осы жәрмеңкеде ысық Сәулебай мен Әміреш күйден халық көңіліне күмбез соқты.

Академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Мұхит әншінің Көкжар жәрмеңкесінде өнер көрсеткенін былай суреттейді: «Мұхит Көкжардың жәрмеңкесін аралап жүргенде бір қария татар шалының «Мұхаммедияны» әндетіп отырғанын көреді. Қасында біраз тұрып, әлден уақытта жүгіне отыра қалып, әлгінің өзінен асыра, сол әуенмен айнытпай салып «Мұхаммедияны» судыратып қоя береді. Татар шалы Мұхиттың зеректігіне таң қалып, аузын ашып қалады. Сол сәтте Мұхит  бөркін алып «Мына шалдың әніне де жұрт ақша беріп жатыр, менің айтқанымды сіз қалай бағалайсыз» деп қасында тұрған Соналы болысы Ақшолаққа ұсынады. Мақтануды сүйетін болыс, айналасына қарап, қалтасынан шиланын алып, 10 сом алтынды бөрікке лақтырып жібереді. Мұхит тағы бірнеше рет, өзінің  базарды басына көтеретін ащы даусымен «Мұхаммедияны» асқақтатып жібергенде, діншілер бөрікті әп сәтте ақшаға толтырады. Мұхит бөрік ішіндегі табысты мүсәпір шалдың алдына аудара салып, жүріп кетеді».

Мұхит Көкжар жәрмеңкесінен өзге Батыс Қазақстандағы басқа да жәрмеңкелердің құрметті қонағы, қалың көпшіліктің аңсап күтетін әншісі болған. Мұхиттың Ырғыз (Жармола) жәрмеңкесі арқылы ел арасына кең тараған әні — «Зәуреш».

Көкжардың жәрмеңкесіне барлық сән-салтанатымен қатынасып, елдің жанын сырлы әндерімен сусындатқан өнерпаз — Қызыл Тұрдалыұлы. Оның «Сары ирек», «Қоғажай», «Жаңғақ» әндері Көкжар жәрмеңкесіне жиналған қауымның жаны сүйіп тыңдайтын әндер болған. Қызылдың әншілік атағы Ойыл мен Орынбордың арасына кеңінен танылады. Қызылдың өзі де аттың аяғы жеткен жерге серілігімен атын шығарып, жәрмеңкелерде өнер көркін қыздырған. Орынбордағы «Меновой двор» — Мұнанайдың базары мен Көкжардың жәрмеңкесінің арасын жалғаған «Орынбордың қара жолының» арасын Қызыл талай рет әндетіп өткен.

Ойыл жәрмеңкесіне жиналған көпшілік қауымды қазақ халқының ауыз әдебиетінің үздік үлгілерімен таныстырған ақындардың бірі — Нұрпейіс Байғанин. Ол домбырасымен Темір, Көкжар, Ырғыз, Орал жәрмеңкелерін аралап, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», т.б жырларын талмастан жырлап, елдің сүйіспеншілігіне бөленген. Нұрпейіс ақынның ел-жұртқа ертеден мәлім ескі тақырыптағы аңыз желілерін тыңнан түлете, жаңарта айтқан жырлары — «Құбығұл», «Төрехан», «Ақкенже», «Нарқыз» жәрмеңкеге жиналған жыр сүйер қауымның тапжылмай отырып таңға дейін тыңдайтын жырлары болатын.

Нұрпейіс Байғаниннің нағашысы, белгілі айтыс ақыны Бітеген Көкжар, Темір жәрмеңкелерін аралап, алқалы топ алдында жыр маржанын түйдектеткен.

Үйшік (Гурьев), Көкжар, Орал (Теке) жәрмеңкелерінде шаршы топтың алдында жырдың күмбезін соққан айтулы ақынның бірі — Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906). Мұрат Текеде (Орал) өзінен жасы үлкен Жаскелеңмен айтысып, жеңіске жетеді. Көкжар жәрмеңкесінде «Мұраттың жалпыға айтқаны», «Мұраттың топқа түскендегі толғауы»  сияқты көпшілікке танымал болып, елге тараған өзінің жыр-толғауларын айтып, «тапқыр, шешен» атанып, «жырдың асқан шебері» деген атақ, даңққа бөленген ол Үйшік (Гурьев) жәрмеңкесін аралап келе жатып, Ораз ақынмен кездесіп, айтысқа түседі . Осы тұста айта кетелік, Ойыл жәрмеңкесінің көпшілік қуана қарсы алатын тағы бір құрметті қонағы —  өз талантымен талайды таңдандырған Бала Ораз. Ол туралы белгілі күйші Қаршыға Ахмедияров былай әңгімелейді:  «Айдай, Таңдай деген апалы-сіңлілі қыздар болған. Соның Айдайына әйгілі Бала Ораз ғашық болыпты. Өнер әлемінде Бала Ораз — Махамбет ақынның ізбасары. «Салайын сал Ораздың Айдайына» демеуші ме еді Мұхит? Мұхит Ойыл жеріндегі Көкжар жәрмеңкесінде Бала Ораздың әндерін талай тыңдап, пір тұтқан».

Жәрмеңкенің ашылуы Ойыл өңірі мәдениетінің дамуына ерекше әсер етті. Жәрмеңкеге атақты әншілер мен күйшілер, ақын-жыраулар келіп, өз өнерлерін халыққа насихаттады. Жәрмеңке уақытында айтыстар өткізіліп, онда патша үкіметінің отарлық саясаты мен қарапайым халықты қанаушылық әрекеттері  айтыскер ақындардың  негізгі тақырыбына айналып отырды.

 Нұргүл ДЕМЕУОВА,

C.Сейфуллин атындағы Қазақ

агротехникалық университетінің

Қазақстан тарихы

кафедрасының аға оқытушысы.

Астана қаласы.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*