Басты бет » Тарих » Хронологиялық деректер

Хронологиялық деректер

Ойыл аудандық мешіті

ХV ғасырдағы өлең-жыр мәтіндерінде «Ойыл» деген сөз жиі кездеседі. 1967 жылы профессор Х.Сүйіншәлиевтің  «Қазақстан» баспасынан шыққан «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері»  атты ғылыми еңбегінде мынадай тарихи дерек кездеседі: «Орманбай — Жәнібектен бұрын болған хандардың бірі.  Асан қайғы —  Орманбайға ақыл айтып өткен қария.  Олай болса, Асан қайғы өмір сүрген кез  — ХV ғасырдың іші». Ойыл, Жем бойын қоныстанған елді басқа жерге көшірген Әз Жәнібекке қарсы болып, Асанқайғы баба былай дейді:

…Ойыл деген ойыңды,

Отын тапсаң тойынды

Ойыл көздің жасы еді.

Ойылда кеңес қылмадың

Ойылдан елді көшірдің…

Бұл дерекке қарағанда тарихымыз әріде жатыр.

1864 жылғы мәлімет бойынша қазіргі Ойыл ауданының аумағы Орынбор губерниясы, Орал облысына қарасты Калмыков уезінің №2 ауылы болған. Ауыл тұрғындарының негізін көшпелі Ысық, Кете, Есентемір, Ожырай, Адай рулары құраған.

Орал облысының губернаторы Н.Веревкин басқарған комиссия 3 ай жұмыс жасап, нәтижесінде Ойыл бекінісінің жобалық түпнұсқа сызбасы жасалды.

1865 жылдың 19 маусымында Ойыл бекінісінің алғашқы іргетасы қаланды.

Құрылыс негізінен жергілікті жердің сазы мен топырағынан соғылған кірпіш тастармен тұрғызылды. Құрылыстың басым бөлігін сауда үйлері мен керуен сарайлары құрайды. Жалпы 18 құрылыс ғимараты бар және 9 дүңгіршектен тұратын 15 кешен болған.

1866 жылы 7 қыркүйекте  Батыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі сауда орталығының бірі — Ойыл бекінісіндегі Көкжар жәрмеңкесі туралы негізгі ережені  Ресей ішкі істер министрі бекіткен.

1867 жылы Қазыбек  болысында Көкжар жәрмеңкесі ашылды.

1867 жылы жәрмеңкеге 137 саудагер қатысты. Жәрмеңке екі мезгілде өткен.

Көктемде 15 мамырдан 15 маусымға дейін, күзде 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін созылған. Жәрмеңкеге солтүстіктен Орынбор, Сарытау, Самара қалаларынан орыс, татар саудагерлері келіп, сауда жасаған. Оңтүстіктен Өзбекстан, Түркіменстан жерлерінен керуендер ағылып келген.

1865-1869 жылға дейін Ойыл бекінісінің басшылығы қызметінде  Ашықпай Лепесов болған.

1869 жылы  Ойыл бекінісінің жанына Барқын шатқалы көшірілген.

1869 жылы тауар айналымы 46.061 рубльге жетті.

1881 жылы  Орал облысының оңтүстік-шығысындағы Темір уезіне қарады.

1911 жылғы деректер бойынша Көкжар жәрмеңкесінің тауар айналымы 2 млн 140 мың сомға жетіп, ең ірі 13 жәрмеңкенің ішінде товар айналымының көлемі бойынша 9-орын алған.

1917-1918 жылдары Батыс Алашорда  Ойыл уалаяты құрылды.

1922 жылы сауда айналымы 166 мың сомды құрады.

1937 жылға дейін  Көкжар жәрмеңкесі өз жұмысын атқарып келді.

1869 жылдың 22 қазанында Ойыл болысы құрылды. Орталығы «Ойыл бекінісі» болды. Болыс негізінен Калмыков уезіне бағынды. Қарамағында 1357 отбасы болды. Ойыл болысының басшысы болып Кете руы, Айдар бөлімінің өкілі Байшеркеш Тұрлыев сайланды. Ойыл болысының қарамағына 3 ауыл біріктірілген:

  1. Старшинасы Мырза Бәйімбет
  2. Құрын Төленов
  3. Құрмангелді Абасов

1870 жылдан бастап Көкжар жәрмеңкесінің төрағасы болып бекітілген Меңдібай  Күмісбаев бұл қызметті 40 жылдай абыроймен атқарған.

1877 жылы Ойыл болысы қарамағында 3 дәрігер қызмет атқарған.

Жалпы Орал облысы бойынша 4 болыстық дәрігерлер бекеті болса, соның біреуі Ойылда орналасқан. Құрылымы  жағынан әскери лазарет, 10 кереуеттік емхана болған.

1877 жылы  Ойыл бекінісінде орналасқан әскери лазаретте 94 адам жатып ем алған. Олардың 70-і ауруларынан айықса, 19-ы облыстық  ауруханаға ауыстырылып, 5-уі әртүрлі ауыр науқастардан көз жұмған.

Ойыл бекінісінің  маңында диірмен құрылысы жұмыс жасаған. Ол Ойыл өзеніне орнатылған. Иесі — жергілікті қазақ Досжан Иманов. Диірмен  тәулігіне 100 пұт дән тартып отырған. Диірменге сонау Ембі, Темірден адамдар келіп, өнімдерін  тарттыратын болған.

1893 жылы Көкжар жәрмеңкесіне келген саудагерлердің сұранысы бойынша «Көкжар мешіті» табаны шикі кірпішпен қаланып, тастама ағаштары Орынбордан түйе арбамен әкелінген. Алғашқы бас имамы — Мәдинада дәріс алған Сағидолла Ізтілеуов.

ТАРИХИ ЖЕР-СУ АТТАРЫ

Лау

Жер атауы. 1929 жылға дейін Орта Азия мен Көкжар жәрмеңкесі арасындағы бекет. «Лау»  — белгілі бір жерге жеткен соң ат ауыстырып мінетін орын. Қаратал селосынан 2,5 шақырым жерде. Осы жерден өткен-кеткен жолаушылар көліктерін ауыстырып, лау жалдап отырған.

1927-1929 жылдары жәрмеңке жабылғаннан кейін, тәркілеуге байланысты лау (бекет) жұмысын тоқтатқан. Бекет үйлері бұзылып, колхоздастыру, отырықшыландыру кезінде құрылысқа пайдаланылған. Солай болса да үй орындары мен керуен жолдарының ізін қарапайым көзбен байқауға болады.

Барқын құмы

Каспий теңізі тартылған  дәуірде кең ойыс  алыпта қалған теңіз қайраны. Кейіннен көшпелі құм «бархандарға» айналған. Суы өте тайыздан шығады. 1873 жылдан бастап Ойыл әскери бекініс  солдаттарының күшімен ағаш түрлері, 1899, 1903, 1907, 1913 жылдары Орынбордан  түйе керуендерімен әкелініп, қарағай, қайың, көктерек, қандыағаш көшеттері егілген. Мақсат — құм көшкінін тоқтату болса, Ойыл орман шаруашылығы 1950 жылға дейін Темір орман шаруашылығының бөлімшесі, ал 1950 жылдан кейін Ойыл орман шаруашылығы мекемесі болып құрылды. Алғашқы директоры — Антон Нота (1964-1969).  Қазіргі кезде Екпетал орман шаруашылығы  үлкен қорыққа айналды.  Көлемі — 34346 га. Қарағай, терек, қайың, жидеталдан басқа жүзген, құланқұйрық, құмаршық, жыңғыл, гүлбұта құртқагүл, т.б. сирек кездесетін түрлері пайда болған.

Ойыл өзені

В.Радловтың сөздігі бойынша түрік тілінде «Ойул» сөзі «өзен суы шайып кеткен жер» мағынасында қолданылса, моңғол тілінде «Уйл» тұлғасы біздің тіліміздегі «иірім» ұғымын береді. Екеуі де мағына жағынан әрі дыбыстық құрамы тұрғысынан өзен сипатына сай келіп тұр. Сондықтан да «Уйл» сөзі бертін келе қазақ тілінде «Ойыл» түріне дейін өзгеріп, алғашқы мағынасы — «иірім» деген тұжырым жасауға болады.

Мақтаөткел

Керуен жолында ХІХ ғасырда Орта Азиядан мақта тасуға келуші саудагерлердің Ойыл өзенінен өтетін жері осылай аталған.  Ойыл селосының шығысында, 12 шақырым қашықтықта. Көкжар жәрмеңкесі кезінде бұл өткел өте маңызды болған.

Б.РЫСБАЕВА,

аудандық музей директоры.

Д.ИСАБАЕВ,

экскурсия жетекшісі.

Ойыл ауданы.  

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*