Басты бет » Әлеумет » Олжалы сапар

Олжалы сапар

Жуырда аудан әкімі Асқар Шерияздановтың бастамасымен құрамында мемлекеттік, оқытушылар мен мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау мекемелерінің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері бар 27 адамнан құралған топ «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалап қайтты.

Астананың әсем жерлерін аралаудан басталған сапар «Астана-Бәйтерек», «Әзірет Сұлтан» мешіті, сондай-ақ әсем Есіл бойымен елорданың сәулетіне сән болып қосылған ЭКСПО қалашығында жалғасты. «Нұр Әлем» кешеніндегі таңғажайыптарды көріп үлкен әсер алдық. Сонымен қатар  Қытай, Үндістан, Ресей, Катар, Германия, Корея, т.б. елдердің павильондарындағы өнімдерді тамашалап, қызықтадық.

Көзімізбен көргендей, «ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазақстанда болып жатқан халықаралық көрме тақырыбының өзі әлемде өзекті екеніне де көзіміз жетті.

Халықаралық көрме аясында біздің ауданнан барған делегация бірнеше шара ұйымдастырып, ЭКСПО-ға өз үлестерін қосты. Атап айтсақ, Астанадағы Байғанин ауданының құрметті азаматтары, белгілі жазушылар Қажығали Мұханбетқалиұлы, Мәди Айымбетов, Тынымбай Төлепбайұлы, т.б қаламгерлермен кездесіп, олардың шығармаларындағы тарихи тұлғалар мен туған жері Байғанин өңіріндегі кейіпкерлері туралы айтылды. Кездесу кешінде зиялы қауым өкілдеріне биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Ақтөбе – құтты мекен» форумы өтетіні, оған шетелдерден, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі азаматтардың шақырылғандығы, өткізілетін шаралар туралы жайлы сөз қозғалды.

Бұдан кейін елордада байғаниндіктер жуырда ауданымызда туғанына 80 жыл толуына орай дүркіретіп той жасаған ақиық ақын Төлеген Айбергенов атындағы орта мектепте кездесу ұйымдастырды. Шараға 2500 бала оқитын мектептің басшысы Балжан Айтмұхаметова бастаған педагогикалық ұжым қатысты. Басқосуда мектептегі Төлеген Айбергенов мұражайының директоры, мектеп директорының орынбасары Ақбота Есаматова жиналғандарды мұражай мұрағаттарымен таныстырып, ондағы әр дүниенің мән-маңызына тоқталды. Шарада  20-дан астам бала ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Олардың арасында орыс балаларының болуы бізді еріксіз риза қылды. Ең бір қызықты жайт, кездесу аясында ақынның Байғанин топырағынан бастап өмірінің соңғы сәтіне дейінгі өмір жолының баяндалғаны болды. Кездесу аясында  Астана қаласындағы Т. Айбергенов атындағы орта мектеп пен Байғанин ауданының Миялы елді мекеніндегі Т. Айбергенов атындағы орта мектеп ұжымдары бір-бірімен тығыз байланыста, педагогикалық ынтымақтастықта болуға уағдаласып, өзара тәжірибе алмасты.

Іс-шара барысында аудан әкімі А.Шериязданов, аудандық мәслихат хатшысы Б.Тұрлыбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Абитовтер мектептегі ақын мұражайындағы құрметті қонақтарға арналған кітапқа қолтаңба қалдырып, мектеп ұжымына, оқушыларға жаңа оқу жылына сәттіліктер тіледі. Ақын атындағы қос білім ордасының бір-бірімен тығыз байланыста болатынына сенім білдірді.

Осылайша аз ғана күн ішінде Астана сапары біздің көңілімізге қуаныш ұялатып, ұмытылмастай әсер қалдырды.

Айгүл ТӨКЕНОВА,

аудандық орталықтандырылған 

кітапхана жүйесінің директоры,

Байғанин ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*