Басты бет » Тарих » Кемеңгер

Кемеңгер

Мырзағұл Шыманұлы-170

ЖАЙСАҢДЫҚПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР

Орыс жұртының ерте уақыттардағы әкімшілік билігінің бір үлгісі ретінде қазақ жеріне XVIII ғасырда таңылып, 1917 жылы Октябрь революциясымен аяқталған болыстық институт ұлтымызды ынтымаққа біріктіруге қызмет ете алмағаны былай тұрсын, қайта сол басқарудың жергілікті тұрғындарға жат орыстық элементтерінің басымдығымен ел ішінде ашу-араздықты қоздатудың себебіне айналды. Ұзақ жылдар бойы тек төрелер әулетінен шыққандарға ғана тиесілі болыстық сұлтандық беделдің төмендеуімен байланысты, 1868 жылы патша әкімшілігі, бұдан былай болыстық билікті қазақ рулары арасынан шыққандарға да беруді ұйғарды. Бұл жағдай бірнеше ауылдарды біріктірген болыстықта ашу-араздықты бұрынғыдан да көбейтіп, жақтасулар мен топтасуларды шығарды.

Данышпан Абайдың болыстықтың арамза табиғатын жеріне жеткізе шенеген «Күлембайға», «Мәз болады болысың» өлеңдері осы тұстың ащы шындықтары.

Болыстыққа келетіндер ол уақыттарда негізінен екі жолмен жеткен: біріншісі — билікті малымен сатып алып, патша әкімшілігінің ығына жығылуымен. Екіншілері — ақыл мен парасаттың адамдары — ресейлік дүлей күштің қаупін есепке ала отырып, жұртының да мүддесін қорғауды ұмытпай, екі жақты да тең ұстау тәсілі. Бұл тәсілді ұстанған болыстар өте-мөте сирек көрінді, себебі олар ұстараның қырымен жүргендей екі жақтың да ұдайы бақылауында болатын. Мырзағұл Шыманұлының өмірі осы жағдайда өтті.

Қазақ жұртын бір ғасыр бойы отаршылдықтың ықпалымен билеген болыстық институттың генезисі, табиғаты ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттелмегендіктен ол әлі күнге дейін тарихымыздың ақтаңдақ беті болып қалуда.

Болыстық институттың жоғарыда айтылғандай күрделі жағдайында, оның үстіне үш жыл сайын өтіп тұратындығын ескерсек, патша әкімшілігінің жер мәселесіндегі әділетсіздіктеріне ашық қарсылық көрсетсе де жиырма бес жасынан алпыс жасқа дейін отыз бес жыл бойы болыстықта, рудың аға биі лауазымында қызмет етуі оның сирек құбылыс адамы — феномен тұлға екендігін көрсетсе керек. Бұл белгілі болыс және бидің бүгінгі ұрпаққа бимәлім игі істерін тарқата баяндауды қажет етеді.

Бүгінгі де, келер ұрпақ та елінің мәңгілігін сезіну үшін оның өткенінде кездескен кедергілер мен қиындықтарда жұртына бағыт-бағдар беріп жарқындыққа бастаған перзенттерін танып, біліп, алғы буынға жалғастыруы тиіс.

Егемендік алған жылдары Шалқар өңірінде тарихына оралып, әйгілі батыр, би тұлғаларды ұлықтаудың елеулі шаралары өткендігі баршаға мәлім. Осы үлгілі істер жалғаса келіп, Сайрам соғысының есімі бүкіл қазақ жұртына белгілі батыры Тілеуді еске алу мақсатындағы арнаулы қор құруға әкелген еді. Қор сол құрылғаннан бері жұмысын жоспарлы негізде жүргізе отырып, айтулы шараларын облыстық, республикалық деңгейде ойдағыдай өткізіп келеді. Оның құрамындағы азаматтар 1995 жылы біз әңгімелеп отырған Мырзағұл Шыманұлына ескерткіш қою және басқа да шараларды ұйымдастыруда үлкен белсенділік көрсеткен болатын. Сол іскер азаматтар айтулы датаға байланысты сәтін келтіріп, өзі ескерткіш болып есте жүргенмен жұртына жасаған қайырлы істерінің көбі ұмыт Мырзағұл бабаның өмірін толығырақ зерттеп, зерделеуде  де белсенділік көрсетеді деп ойлаймыз.

Идош АСҚАР.

Редакциядан: Журналист Идош Асқар Шалқар өңірі туралы әзірлеп жүрген тарихи-танымдық кітаптың материалдарының бір бөлігі нақ осы Мырзағұл Шыманұлына арналған көлемді тарау болғандықтан, оған автор кіріспе ретінде ендірген — 1995 жылы «Ақтөбе» газетінде жарияланған, кеше жазылғанмен қай уақытқа да ескіруге жоқ «Кемеңгер» деп аталған бөлігін ұсынып отырмыз.

Кемеңгер

ХІX ғасырдағы жер мәселесі және Мырзағұл Шыманұлы

Біздің ұрпақ қазақтың осы бір «кемеңгер» деген сөзін тек Ленин мен Сталиннің ғана есімдерімен байланыстырып, өзінің таңдаулы перзенттеріне қимай өскен. Өзге де барлық  басқа ұлттар секілді көрнекі жұрт, ең кемі, он бесінші ғасырдан бері дербес ел ретінде мәлім қазақ елінің сары даласында көшпелі тұрмыстың қажетіне сәйкесті етіп қандай ғажайып мәдениет жасаса, соған лайық таңдаулы ұл-қыздарын да өсіріп шығарды. Абай мен Шоқан, Ыбырай секілді рухани саламыздың алып тұлғалары есімдерін кеше құрметпен атаса, коммунистік партия халықты, не сол әйгілі адамдарды сыйлағанынан емес, амалсыздан атады. Олар шынында да рухани болмысымыздың кемеңгерлері еді. Елді егер тұтас алып қарағымыз келсе, оның тіршілігі бір ғана рухани саламен шектелмейді. Рухани саладағы мықтылық пен мығымдылық саяси, әлеуметтік және шаруашылық жүйелеріндегі іріліктерге арқа сүйеп тұрмақ. Ендеше, біз бүгін ес кіріп, етегімізді  жинай бастаған шағымызда тек бұрыннан белгілі, жоғарыда аталған атақты екі-үш перзенттерімізді ғана емес, солармен бірге халық тұрмысының өзге салалары тудырған ірі тұлғаларды да түгендеуіміз керек. Сонда, сөз жоқ, қазақ жұртының ежелгі және табиғи таласы — жер дауының патша отаршылдығы тұсындағы ушығуын басу мен реттеу, туған жұртының пайдасына қарай бұру ісіндегі көрнекі қайраткер Мырзағұл Шыманұлын сол кемеңгерлердің лайықты қатарынан табар едік.

Біз тарихты жағыну саясатымен жазылған баяндаулардан оқыған ұрпақпыз. Иә, қазақта жер дауы, жесір дауы болды дегенді арғы жағына көп мән бермей, сыдыртып өте шығушы едік. Біз оған әлі де терең мән бермей жүр екенбіз. Мен оны жуықта орыс халқының адал ұлдарының бірі, казак әулетінен, Ресей мемлекеттік думасының бірінші депутаты Тимофей Иванович Седельниковтің 1907 жылы С.Петербургтен шыққан «Борьба за землю в киргизской степи» деген шағын кітабын оқығанда барып көзім жетті. Мұндағы әңгіме жер туралы, алайда ол саясат пен философия, шаруа мен экономика, дәстүр мен салт, яғни халықтың халық болуы негіздері арқылы баяндалған. Міне, осы кітаптың (ол Алматы қаласынан 1991 жылы жарық көрген) бүкіл арқауы Тимофей Седельниковтің өзі жазғандай «замечательный во всех отношениях» (қазақшасы, сірә, «сегіз қырлы бір сырлыға» төркіндес шығар) Мырзағұл Шымановтың пікірлеріне құрылған десе де болады.

Патшалық Ресейде отаршылдық азуы алты қарыс  болып тұрғанда империяның шеткері аймағындағы бұратана халық жағына шығып, алдау саясат пен аяусыз қысымға қарсы шыққан Т.Седельников  кім, Мырзағұл Шыманұлы кім? Әрине, Седельников секілді әрі ғалым, әрі саясаткердің кім екендігін, осы шағын материалда айтып шығудың мүмкін еместігі өз алдына, екінші жағынан олай қысқа қайыру — обал да. Оны оған риза қазақ халқының саясаттану мен тарихтану, экономика ғылымдары назар аударып, әділ бағасын береді деп ойлаймын. Ал, Мырзағұл Шыманұлына келетін болсақ, оның өмірі мен қызметтерінің басты-басты кезеңдерін  тарих ғылымының кандидаты Зәкірәддин Байдосов кезінде облыстық газетте жан-жақты баяндаған болатын. Сондықтан менің айтпағым сол хронология мен сол зерттеулерді қайталау емес, мынау кітап арқылы,  жуықта туған жері — Шалқар қаласында ескерткіш ашылғалы тұрған Мырзағұл бабаның, мүмкін, мәлім емес деректерінен хабар беру.

Адам жұртының орны толмас бір олқы тұсы — тарихын, жылнамасын жазу мен айтудағы біржақтылығының басым болуы деп ойлаймын. Осы күні жұрттың бәрі сауатты, еске түсіріңізші, тарих пәнін оқығаннан жадымызда не қалды? Негізінен аласапыран алыс-жұлыстар, соғыстар. Ауызша әңгімеде не қалды? Үй арасылық, тым әрі кеткенде уақыт көшінен сан құбылып жеткен ауыл ішілік ұсақ-түйек аяндар. Әңгіме мен аянға кедергі қойып, тыйым салу жоқ, о да бір жауып өткен жаңбыр суы секілді бет алды құладүз, жан-жаққа жайылып жүре береді. Ал, тарихи таным ғылым ретінде нақты бағасын беруге міндетті және жауапты. Мәселені осы қырынан ашып қарағанда ғалым З.Байдосовтың Мырзағұл Шыманұлы туралы зерттеулерін Тимофей Седельниковтың ғасырдың басындағы әлгі кітабы тамаша толықтырады, болыстың кемеңгерлік сипаттарын аша түседі деуге толық негіз бар.

Бұдан бір жыл бұрын аталуы тиіс сол Мырзағұл бабаның мерейтой күндерін әрі әулие, әрі батыр Есет Көтібарұлын еске алумен қабаттастырмай шалқарлықтар үлкен зерделілік көрсетті деп ойлаймын. Оның үстіне Мырзағұл Шыманұлы да сол Есеттер, Әлихан, Ахметтеріміз секілді өз алдына ескеріп, жұптамай, топтатпай-ақ, не қызғаныш, не сараңдық көрсетпей жеке еске алудың тұлғасы. Оның үстіне мұндай еске алулар рухқа бас иіп, аруақ алдындағы адалдығымыздың шамасына сын бүгінгі ұрпаққа қажет шаралар.

Мырзағұл Шыманұлының ат жалын тартып мініп, азамат атанған шағы патшаның 1868 жылғы әйгілі жер туралы жүйелі шешімін таппаған, қорғау мен қорғанудың, қызғану мен мақтанудың, бірігу мен бөлінудің, достасу мен қоштасудың мәселесі еді. Мына ереженің сол шоққа май құйғаны соншалық, ол бұрынғы  рулық жүйеде де шекараланып, шектеліп қалғаны шамалы еді, енді болыстық территорияға бөлектеліп, даланың өткені мен  болашағы арасын айырып тастады. Сөйтіп, жеті жарғыдан басқа ережені көп білмейтін қайран елге ақ патшаның әмірімен болысты шеттен билеушілер келіп, көпшілігі халықтың тарихи, табиғи тамырына балта шапты да жұртты жік-жікке бөліп өте шықты. Осы кезде қазақ даласына Ресей империясының орталық аймағынан ағылып келіп жатқан қалың қоныстанушыларды жайлы орналастыру мақсатында дала экспедициялары пайда болды. Олардың бізге әсіресе мәлімдері Ф.Щербин  мен А.Кауфманның экспедициялары. Олардың негізгі мақсаты – «артық жерлердің есебін тауып, шығарып алу». Көші-қоны мыңдаған шақырымға кететін малдың тұяғы үшін артық жер жоқ.

Алайда империя үшін қазақ елінің артық жері ең шұрайлы алаптар мен алқаптар екен. Олар — әлгі қоныстанушыларға тиесілі болып шыға келді. Содан ежелгі көші-қон, үйреншікті жайылым мен жайлаулар тарылып, қазақ Т.Шевченконың «Байғұс» деп аталатын суретінен орын алды. Оған дейін бұл қазақ елі көркем көш пен көрікті ауылдың салтанатын бейнелейтін ел еді-ау  шіркін! Қазаққа қараңғылық пен «байғұс» болуды оның көшпелі тұрмысы емес, оны отаршылдық саясаты ендірді. Осымен байланысты отырықшы қауым мен болыстықтар арасында жақсы жер, жайлы мекен үшін күш көрсету, алдау, сатып алу, пара беру, арыз-шағым сияқты толып жатқан заңға қарсы әрекеттер туды. Өйткені жер туралы заңы әділдіктен жұрдай еді. Бұдан Т.Седельников айтқандай «орыс буржуазиясы мен қазақ атқа мінерлері ғана ауызжаласып пайда тапты, баюдың көзін көрді». «Езілген, тапталған ұлыстардың бейшаралығы сонда, олар өз құқықтарын қорғауды өз араларында жүріп өз жұртының қараңғылығы мен қорғансыздығын пайдаланып, солардың өздерін арсыздықпен, имансыздықпен тонайтындар». (Т.Седельников).

Мұны айтып отырған себебім, бұл сөз кейде елді бағады-ау, қамқор болады-ау деген болыс билеушілердің бейнесі. Оны қалай ашынып-жазғанымен де тіптен жағдайды көзімен көріп, жан-жүрегі қан жылаған Т.Седельников те Абайдай айта алмасы белгілі. Ұлы ақынның «Болыс болдым, мінеки» дейтін өлеңі — сол дәуірдің өте айқын әлеуметтік суреті. Бірақ, сөз жоқ, қайысқан халық үшін, оған қорған болатын, сүйейтін адамы табылмай қалмайды. Солардың бізге белгілісінің бірі — Мырзағұл Шыманұлы. Оның елдесі Есет Көтібаров патшаның қаруына қарумен жауап беріп, тайсалмай өтіп еді. Мырзағұл «Жерсіз, малсыз күні жоқ қазақтың» қажет сөзін саяси сөйлеп, империяның экономикалық, саяси идеологиясымен қаймықпай алысып өтті. Оның қазақтың жеріне алдымен қазақтың өзін дұрыс орналастырумен көші-қон белгілеу жөніндегі ұсыныс-пікірлері уездік съездерде талқыланып, империя министрлігіне жетті. Т.Седельников олардың бірқатарын уақытысынан озып айтылған десе, көпшілігін таңдай қаға отырып қабылдайды. Кемеңгерлік деген, мүмкін осы шығар. Жалпы отарлау идеясына түбегейлі қарсы болмағанымен, отаршылдықтың әдіс, айлаларымен бітіспес күрес жүргізген «халық адамы», ойшыл, публицист, қоғамдық қайраткердің Мырзағұл бабамызға сүйсінуі тегін болмаса керек. Қазақта «маңдай» деген сөз бар екенін, оның не екенін бәріміз білеміз. Бірақ оның ауыспалы мағынасы көп екенін бәріміз бірдей біле бермеуіміз мүмкін. Мысалға, ерте кезде, ерте болғанда, сол Шыманұлының тұсында ру мен ұлыстың мал бағу өрісі солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталып, ол «маңдай» деп аталғанын мен осы кітаптан білдім. Күні кешеге дейін социалистік жарыста озып шыққандар кейде «маңдай алды» делінуші еді. Сөйтсе ол ұлы көштің алдындағы адам, немесе сол «маңдайды» жаңа жағдайға қарай бейімдеп, қалыптастырудың шын мәніндегі маңдай алды азаматы. Осылардың бәрі әдейі зерттеуді, талдауды қажет еткен болашақтың міндеттері. Біз жер туралы әңгімені әлі жалғастырып келеміз. Егер Мырзағұл заманына, Мырзағұл қызметіне дұрыстап қарасақ, бүгінгі көп сұрағымыздың жауабы сол кезде Мырзағұлдың дуалы аузымен анық та қанық айтылған. Асылы, өткенді білмей бүгін жоқ, бүгінсіз ертең келмейді.

Енді аздаған күндерден кейін қасиетті де киелі Шалқар қаласының ең көркем орындарының бірінде Мырзағұл Шыманұлына халқы ризалықпен жасаған ескерткіш орнын табады. Сосын қазақ халқының кезінде орынсыз ұмтылып, кезеңінде еліне қайта оралған перзенті құрмет-мүсін түрінде өзгеріс заманында көркею жолын іздеген бүгінгі ұрпақтарына ақылдың, кемеңгерліктің, азаматтықтың, қамқоршының көзімен қарап, барша ісіне сәт тілеп тұрады.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*