Басты бет » Басты жаңалықтар » Бірлік пен бейбітшілік бастауы

Бірлік пен бейбітшілік бастауы

Конституция күні аудандарда аталып өтті

 Алға

ҚР Конституциясы күніне орай Алға ауданындағы Қайыңдысай ауылында көкпардан жарыс өтті.

Облыстық көкпар федерациясы, Алға аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімі, Маржанбұлақ ауылдық округы əкімдігінің ұйымдастыруымен өткен турнирге 5 жастар жəне 5 ересектер командасы қатысты. Тартыс өте қызықты өтті. Қорытындысында, І орынды — Қайыңдысай ауылының, ІІ орынды — Ақтөбе қаласының, ІІІ орынды Еркінкүш ауылы командалары иеленді.

Ал Алға қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде «Аяулы ата Заң» атты мерекелік концерт өтті. Жиналғандарды қала әкімі Нұрбол Сұрбаев құттықтап, осы мерекеге орайластырылып ұйымдастырылған спорттық жарыстар жеңімпаздарын марапаттады. Соңынан өнер ұжымдары күшімен концерт қойылды.

Жалпы, бұл күні аудандағы барлық ауылдық округтер орталықтарында салтанатты шаралар ұйымдастырылды.

Әйтеке би

Конституция күні мерекесі Әйтеке би аудандық «Целинник» мәдениет үйі алдындағы алаңда жоғары деңгейде аталып өтілді.

Бұл күні «Ұрпақ ұлықтаған Ата заң» атты мәдени шараға Орынбор облысының Светлый аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Елена Горшенина бастаған делегация өкілдері қатысты. Делегация құрамындағы 30-ға жуық өнерпаз өз өнерлерін ортаға салды. Олардың қатарында «Элегия» халықтық ансамблі мен «Околица» вокалдық тобы әннен шашу шашты. Светлый ауданынан келген меймандар Әйтеке би аудандық музейін аралады.

Бұл күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында бір топ жасқа партия билеттері табыс етілді.

Мерекелік шара аудандық орталық саябақта жастардың көңілді думанды кешіне жалғасты. Кеште домбыра, гитара, баян сынды музыкалық аспаптарда əндер шырқалды.

Сондай-ақ бұл күні Әйтеке би ауданының Басқұдық ауылында «Біз — Басқұдықтанбыз» қорының демеушілік етуімен балаларға арналған демалыс саябағы бой көтерді. Аудан орталығында «Ақтөбе» футбол клубының филиалы ашылды.

Байғанин

Аудандық мәдениет үйінің алаңында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Шарада аудан әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай аудан тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, Жарқамыс, Қопа, Ащы, Көлтабан ауылдық округінің әкімдеріне қызметтік көліктің кілтін табыс етті. Шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары  өнер көрсетті.

Осындай мерекелік шаралар ауданның басқа да 8 ауылдық округтерінде аталып өтті.

Қарғалы

 Бұл күні аудан әкімдігі алаңына Желтау ауылдық округінен жеткізілген қос киіз үй қанаттастыра тігіліп, оның айналасы ерекше сән-салтанатқа бөленді.

Аудан әкімі Рахат Сыдықов алаңға жиналған аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, Конституцияда белгіленген игіліктер жемісін көре беруге тілектестігін білдірді.

Мерекеде тоқсан жастағы ақсақал Ғабділуаһап Малдыбаевтың иығына құрметпен шапан жабылып, құқық саласында жемісті еңбек етіп жүрген жеті маманның қызметі атап өтілді.

«Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы аясында желтаулықтар ұйымдастырған мәдени-көпшілік шаралар жиналғандардың көңілін көтерді. Спорттық жарыстар қызу өтіп жатты.

Әсем ән мен тәтті күй аудандық мәдениет үйінде жалғасты.

Ал Бадамшаға кіре беріс алаңда сауда қызып жатты. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін базар бағасынан 15-20 пайызға төмендетіп сатты. Сиыр етінің бір келісі 1200-1300 теңгеден, қой еті 1000 теңгеден ұсынылды.

Қобда

Аудан орталығындағы «Отан Ана» саябағында Ата Заңымыздың 22 жылдық мерекесіне орай концерттік бағдарлама ұсынылды.

Мерекені тамашалауға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетов бастаған топ, ардагерлер мен тұрғындар қатысты. Бұл күні саябақ сахнасында аудан өнерпаздары, мектеп оқушылары өз өнерін көпшілікке ұсынды.

Конституция күнінде аудан әкімі атынан оның орынбасары Болат Құлов және орталық аурухана ұжымы Ұлы Отан соғысының  ардагері Александра Афанасенконы құттықтап, үйіне барды. Жергілікті билік өкілдері кейуанаға жылы лебіздерін білдірді. Бүгінде 94 жасқа жеткен ардагерге аудан әкімі атынан сый-сияпат ұсынылды.

Мәртөк

Мереке күні Саржансай ауылында балалар ойын алаңы салтанатты түрде ашылды.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыстық мәслихаттың депутаты Марат Итеғұлов  ауданның әлеуметтік дамуына осылайша үлес қосты. Кәсіпкер өз қаржысына ауылға балалар ойыны алаңын салып берді. Конституция күнінде халық қалаулысының қатысуымен ойын алаңының салтанатты ашылу рәсімі жасалды.

Жайсаң ауылында «Эталонгаз» газ құю бекеті салтанатты түрде ашылды. Мереке құрметіне ашылған нысан — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бойында орналасқан. Газ құю бекеті халыққа сервистік қызмет көрсетудің заманауи үлгісінде тұрғызылған.

Мұғалжар

Қандыағаш қалалық орталық стадионында «Ақтөбе» футбол клубының филиалы ашылды. Аудан тұрғындары үшін бұл қуанышты жаңалық  мерекемен тұспа-тұс келді. Филиалдың ашылу салтанатына аудан әкімі Ербол Данағұлов, Қазақстан футбол федерациясының Батыс Қазақстан аймағы бойынша жетекшісі Анатолий Беляй қатысты.

Аудан әкімі салтанатты шараға қатысқандарды Конституция күнімен құттықтап, мұның «Ақтөбе» футбол клубының ауданда ашылып отырған екінші филиалы екенін айтты. Алғашқы филиал былтыр Ембі қаласында ашылған болатын. Өз кезегінде А.Беляй ойыншыларға бірнеше допты сыйға тартты.

Бұл күні футбол клубының филиалына қабылданған жасөспірімдер алғашқы жаттығуларын жасап, жолдастық кездесу өткізді.

Ойыл

Еліміздің ең басты мерекелерінің бірі — Конституция күніне орай аудан орталығында бірнеше шаралар өтті. 

Алдымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл жәрмеңкеге шаруа қожалықтарымен бірге, жеке тұрғындар да үлес қосып, өздерінің дайындаған бау-бақша, ет-сүт өнімдерін сөреге шығарды.

Мерекенің құрметіне аудандық кәсіпкерлік және білім бөлімі ұйымдастырған «Мектепке жол» қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысып, жаңа оқу жылы алдында оқушылардың керек-жарағын сатып алушылар да өте көп болды.

Шәрбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясының ауласында шағын футболдан мерекелік турнир өткізілді.
Орталық саябақта «Ата заңым — ардағым» атты мерекелік концерт болды.

Темір

 Аудан орталығындағы  орталық саябақта  мерекелік шара өтті.

Осы жиында аудан әкімі Асқар Жүсібалиев аудан тұрғындарын  Конституция күнімен құттықтады. Өзінің сөзінде ол тәуелсіз еліміздің бас құжатының артықшылықтарын жан-жақты әңімеледі. Әр кезеңдегі оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы айтып берді. Елімізде демократиялық реформалардың тереңдей түскенін әңгімеледі.

Бұдан әрі шара мерекелік ойын-сауықтар бағдарламасымен жалғасты.

ХРОМТАУ

 Мереке күні аудан орталығындағы саябақта «Азат елдің ар-намысы — Ата Заң!» тақырыбында мерекелік концерт өтті.

Сондай-ақ «Қазхром» трансұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Дөң тау-кен байыту комбинаты 60 пәтерлі үйді пайдалануға берді.

ШАЛҚАР

Конституция күні мерекесі Шалқар ауданында да ерекше аталып өтті.

Мереке күні аудандық жастар ресурстық  орталығына су жаңа автокөлік берілді. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев жастарды мерекемен құттықтап, көліктің кілтін табыстады.

Бұл күні аудан орталығында мәдени шаралар ұйымдастырылды. Тұрғындар концерт тамашалады.

Ырғыз

Мереке күні  «Арай» мәдениет үйінде «Айбары асқақ Ата заң» тақырыбында жиын, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ал мәдениет үйінің алаңында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде ауылдық округтерден келген кәсіпкерлер мал өнімдерін арзан бағамен сатты. Сондай-ақ, ұлық мереке құрметіне мекеме-кәсіпорын қызметкерлері арасында шағын футболдан ұйымдастырылған жарыс өз мәресіне жетті. Қорытындысында балалар және жасөспірімдер спорт мектебі I орын иеленді. Ы.Алтынсарин атындағы мектеп II орынды жеңіп алса, III орынға №1 қазақ орта мектебі ие болды. Абылай Қосмұратов — «Үздік шабуылшы»,  Бөкенбай Шілдебаев — «Үздік қорғаушы»,  Жансерік Бекнияз — «Үздік қақпашы» атанды.

Шара барысында басқа да спорттық ойындар өткізіліп, жүлдегерлер марапатталды.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*