Басты бет » Мереке » «Кемпірімді құттықтайын деп едім…»

«Кемпірімді құттықтайын деп едім…»

Газеттің мерекелік санын дайындап жатқанымызда редакцияға бір ақсақал келді: «Қарақтарым, бізге неге келмейсіңдер? Журналист келеді деп, күтеміз-күтеміз, ешқайсысың келмейсіңдер», — деп өкпесін айта кірді.

— Ата, не болып қалды? — деп састық.

— Біз кемпірім екеуміз 10 бала өсірдік, 32 немереміз, 12 шөбереміз бар. Кемпірім Кеңес Одағы кезінде «Батыр ана» атағын алды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан «Алтын алқа» алды. Көрсетіп қояйын, — деп төс қалтасынан тап-тұйнақтай етіп бүктелген қағаздарын шығарып,  арасынан қопарыстырып, әлгі екі құжатты алып шықты, — осыны жазу керек! — деп қойды.

Әшім Қуанышев Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылынан келген. Түу үш жүз шақырымдай жерден таяққа сүйеніп шыққан  84 жастағы атамыз кемпірін газет арқылы 8 наурыз мерекесімен құттықтауға арнайы келіпті. «Спесиәлні келдім, міне, кемпірімнің бүкіл құжаттарын, жеке бас куәлігін алып келдім. Бірақ әдемі суреті бар еді, ұмытып кетіппін. Куәліктегі суреті ғана бар», — дейді.

Әшім атаның кемпірінің аты Көзалша. «Аты қызық, ерекше», — деп қояды. Шалынан бір жас кіші. Әшім атай денсаулығына байланысты соғысқа бармаған. Тылда жұмыс жасаған. «Соғыс біткеннен кейін маған Сталиннің суреті бар медаль берді», — деп, соны растайтын құжатын көрсетті. Кемпірі де тылда болған. Екеуі сонда танысыпты.  Танысыпты да, жиырмаға келгенде алып қашыпты.

Көзалша шешей 11 құрсақ көтерген. Төрт ұл, жеті қыз. Өкініштісі, ержеткенде Серік деген ұлы о дүниелік болған. Серіктен қалған немерелері — атасы мен әжесінің еркелері. Қалған балалары, шүкір, аман-есен. Балаларының аттарын тізіп айтып берді. Немерелерінің, шөберелерінің аттарын «шатыстырып алармын» деп айтпай қойды.

«Мен кемпіріме ырзамын. Қатты ырзамын. Немерелерім үймелеп соның қасынан шықпайды. Кемпірімді қатты жақсы көремін. Шырағым, бұндай жақсы көрудің қалай болатынын біздей болғанда түсінерсің…» — деп қояды.

— Ата, енді кемпіріңізге 8 наурызда қандай сый жасайсыз? Гүл сатып әпересіз бе?

— Әрине. Қаладан бір жақсы, әдемі гүл алып кетем ғой.

— Әлде газетке шығарып, тосын сый жасағыңыз келді ме?

— Сөйтейтін деп келдім, шырағым. Кемпірім менің газетке кеткенімді білмейді. Айтпай кеттім. Газет шыққасын бір мәз боп қалсын деп ойлап едім.

— Енді қалаға алып келіп, қыдыртпадыңыз ба?

— Келіп жүр ғой. Қазір қолы тимейді. Бала бағады. Немерелер, шөберелер таңертеңнен кешке дейін әжелерінің қасында. Құдайға шүкір. Қазір біз кенже баланың қолында отырмыз ғой. Балам ауылда клуб меңгерушісі. Кемпірім сол балалардың ортасында. Кемпірім екеуміздің де қан қысымымыз бар. Сол болмаса, кемпірімнің денсаулығы жақсы.

— Шөберенің қолынан су ішкендер жұмаққа барады деседі.

— Ішіп жүрміз ғой енді, — деп күледі.

Әшім атай «Ақтөбе» газетінің бірде-бір санын жібермей оқиды екен. Бір-екі жыл бұрын газетке жазылмай қалып, үйде дау шығарыпты. Немересі Бекнұр Әшім де «Ақтөбе» газетінің «Балдырған» бетіне жиі хат жолдап тұрады.

Айтатынын айтып, кемпірін құттықтап, арнайы келген үлкен шаруасын бітірген Әшім атай қопарыстырған қағаздарын қайтадан тап-тұйнақтай етіп жинап, төс қалтасына салды. «Ата, тұра тұрыңыз, суретке түсіріп алайық», — десем, «қап, қырынбай келіп едім», — деп едәуір өкініп қалды.  «Шалдың көркі — сақал» деп, — әрең көндірдік…

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*