Басты бет » Мереке » Жауапкершілік жүгі

Жауапкершілік жүгі

Елбасының жүргізген саяси реформаларының нәтижесінде елімізде  мәслихаттардың құзыры кеңейтілді. Қазір мәслихаттардың шешімінсіз бюджет қаржысы жұмсалмайды. Бұл жерде облыстық мәслихаттың, оның тексеру комиссиясының алатын орны ерекше. Президент биылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Бізге парламенттік және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету керек болады» деп, бұл саланың жауапкершілігін күшейтті. Біз осымен байланысты, бұған дейін де аталған бағыттарда тиімді жұмыстар атқарып келген облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрайымы Сақыпжамал САТТАРОВАҒА жолығып, әңгімелескен едік.

— Сіздің  экономика саласының белгілі маманы екеніңізді білеміз. Жалпы, бұл салаға қалай келдіңіз, негізгі  мамандығыңыз экономист пе, қаржыгер ме?

— Экономист  десе де, қаржыгер десе де, банкир десе де болады. Біраздан бері осы салаларда жұмыс істеп келемін. Қадамымды кеңшарда экономист болып бастап, аудандық жоспарлау бөлімінде жалғастырдым. Облысқа ауысқан кезде банк, қалалық қаржы салаларында жұмыс істедім.  Облыстық қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау департаменттерінде қызметтер атқардым. Облыстық мәслихатқа депутат болып сайланғаннан кейін,  депутаттар сессияда облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрайымы етіп бірауыздан сайлады.

— Сіз үшін бұл жұмыс ауыр ма, жеңіл ме?

— Жұмыстың жеңіл болмайтынын өзіңіз де білесіз. Маман болғандықтан қаржы жағын тексеру онша ауырлық келтірмейді.

Қазіргі кездегі біз үшін қиын болып тұрғаны — әлі күнге дейін облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясына тиісті аппараттың берілмей отырғаны. Бұл мәселе жоғарыдан шешілу үстінде.

— Облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясы мүшелерінің жұмысқа қатысы қалай?

— Комиссия жеті адамнан тұрады, құрамында  депутаттар да бар. Оларды да  жұмысқа тартамыз. Өйткені біз тексеріп келген материалдарды тексеру комиссиясының отырысында қарап, талқылауға ұсынамыз. Әуелі тексеру жұмыстарының өзін жоспарлаймыз. Ол мәслихаттың сессиясында бекітіледі. Прокуратурадан тіркеуден өтеді. Мекемелерді тексеру,  міне, осыдан кейін барып жүреді.

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында жылдың қорытындысы бойынша әкімнің  өкілетті органы – облыстық қаржы басқармасы мен тексеру комиссиясының  есебі тыңдалады. Ол  Бюджет Кодексінің 129-бабына сәйкес мамыр айының ішінде мәслихаттың кезекті сессиясында болады.

— Сіздер сонда қаржының өз орнына жұмсалуын бақылайсыздар ма?

— Мәслихаттың шешімі бойынша облыстық бюджеттен бөлінген қаржының  тиімді, мақсатты және өз орнына жұмсалуын қадағалаймыз.

Жалпы, қаржының жұмсалуы жөніндегі өзіңіздің пікіріңіз, бағаңыз қандай?

— Қазіргі  уақытта қаржыны жұмсаудың қатаң бағыттары белгіленген. Арнаулы бағдарламалар бойынша, нақты мақсаттарға ғана жұмсалады. Сондықтан мұндай жағдайда қаржыны басқа мақсатқа жұмсаудың өзі мүмкін емес. Тек біз емес, оның қозғалысын қазынашылық департаменті, басқа да органдар  көз жазбай қадағалап отыр.

— Сіз бұрын депутат болдыңыз ба?

— Облыстық мәслихатқа бірінші рет сайлануым. Қобданың №27 сайлау округінен сайландым. Қазір депутатқа тапсырыс, аманат деген жоқ. Бірақ мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда ауданға газ жүргізуге үлес қосуды белгілеген едім. Бұл мақсат қазір орындалып келеді.  2 млрд. 360 млн. 200 мың  теңге республикалық бюджеттен қаржы қаралып, газ құбыры құрылысының жұмысы жүргізілуде. Бірінші, 2008 жылы 300 млн. теңге,  екінші, 2009 жылы 70 млн. теңге берілді, бұл қаржылар толық игерілді.  Республикалық бюджет қалған қаржыны биыл беріп отыр. Газ құбыры ауданның орталығына дейін барады. Қазір үшжылдық бюджет бекіді, 2011 жылға  Қобдаға, Байғанинге, газ құбыры жететін жерлерге облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Себебі, газ құбыры аудан орталығына дейін барғанменен, ішкі жүргізілетін жұмыстары осы облыстық қаржының есебінен атқарылады. Бұған қоса, биыл республикалық бюджеттен үш елді мекенге — Қызылжар, Ақырап, Өтеп ауылдарына  ауыз су тартылады. Мұнымен бірге «Жол картасы» бағдарламасы бойынша басталған біраз жұмыстар биыл да жалғасады. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелеріне күрделі жөндеу жүргізу көзделуде. Ауданның бірсыпыра әлеуметтік мәселелерін қолымнан келгенше шешуге тырысамын. Қазір бұл өңірде  екі орта мектептің ғимараты салынуда. Осы игілікті істерде  менің де үлесім бар дегім келеді.

— Балаларыңыз нешеу?

— Бір ұл, екі қызымыз бар. Барлығы да өз алдына үй болған. Кіші қызымыз   мемлекеттік қызметші, одан үлкен қызымыз туристік фирмаға жетекшілік етеді, ұлымыз мұнай компаниясында қаржыгер болып істейді

— Қазақ мектебін бітірдіңіз бе?

— Оралдың №11 қазақ орта мектебін бітірдім. Бірақ оның бер жағындағы қырық жылғы жұмыс жағдайымыз орыс тілінде  болды. Институтта орысша оқыдық.

— Дауысқа Қобдадан түскен екенсіз. Сайлауалды кездесулерде қобдалықтардың сізге айтқан тілектері қандай?

— Қобдаға жиі барып, сайлаушыларыммен кездесіп тұрамын. Кездесу кездерінде  халық бұрын өзінің мұң-мұқтажын, жеке басының шаруасын айтатын, ал қазір бұл жағдай өзгерген. Енді олар ауданның , өздері тұрған елді мекеннің жағдайын ойлайды, соның қамын жейді. Не сұраса да, ауданға, көпке деп сұрайды. Бұл қуантатын жағдай.

— Сізбен 8 наурыз  қарсаңында әңгімелесіп отырмыз. Бұл мереке туралы не айтасыз?

— Көктем мерекесі. Шуағын, жылылығын ала келеді. Ең әуелі, мұны мен аналардың мейрамы деймін. Өзім де үш бала тәрбиелеп өсірген анамын. Бүкіл аналарға, адамзатқа бақыт, береке, бірлік, бейбітшілік тілеймін. Мен 8 наурыз мерекесімен замандастарымның, құрбыларымның баршасын құттықтаймын. Жанымыздағы азаматтарымыз аман болсын деймін. Облысымыз өркендей берсін, биіктен көріне берсін.

Облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрайымы  Сақыпжамал Айғалиқызының әңгімесінен қазақ тілінде біршама жатық сөйлейтінін аңғардық. Сонымен бірге, өзінің ісін жетік білетініне көзіміз жетті. Халықтың қалаулысы ел сенімінен шықсам деп қызмет етуде. Мемлекеттік тұрғыдағы жауапты мәселелерді  шешетін және қадағалайтын төрайымның жүгі жеңіл деуге болмайды. Мұны түзде тұлға, үйде қадірлі ана Сақыпжамалдың ұзақ жылғы тәжірибесі, өмірден, көпті көрген ата мен енеден үйренген өнегесі, үлкен отбасының бүгінгі қуанышы ғана жеңілдетіп, қайрат беретін сияқты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*