Басты бет » Басты жаңалықтар » Мәртебелі мереке тартулары

Мәртебелі мереке тартулары

Мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні Ақтөбе қаласында игілікті істермен басталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған жергілікті билік өкілдері қаланы аралап, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

 ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ 180 АВТОКӨЛІК БЕРІЛДІ

Конституция күні қарсаңында ақтөбелік полицейлерге 180 жаңа автокөлік берілді. Қызметтік автокөліктердің кілтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты түрде тапсырды.

Шарада облыс әкімі жиналғандарды мерекемен құттықтады.

— Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Нәтижесінде материалдық-техникалық базаны нығайту мен құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды жақсарту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілді. Президент тапсырмасына сәйкес, облыстық әкімдік тарапынан да  полицейлердің жұмыстарын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Биылдың өзінде ішкі істер департаменті үшін автокөлік сатып алуға жергілікті бюджеттен 900 миллион теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. Себебі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңа заманға сай техника болу керек.

Облыс басшылығының атынан сіздерге қоғам мен мемлекеттің мүддесін, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғай отыра, өздеріңіздің азаматтық және қызметтік міндеттеріңізді абыроймен атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамын, — деді облыс басшысы.

Сондай-ақ  жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларына 150 «Нива» маркалы көлік берілді. Облыстың 12 ауданы су жаңа көліктерге ие болды. Сонымен қатар  облыстық  ішкі істер департаменті мен аудандық ішкі істер бөлімдерінің түрлі  қызметтері үшін «ГАЗель» автокөлігінің де кілті табыс етілді.  Жалпы қала мен аудандағы учаскелік полиция қызметкерлерінің көлікпен қамтамасыз етілуі бұған дейін 20 пайыз болса, бүгінгі табысталып отырған көліктермен олардың қамтылуы 100 пайызға жетті.

Жаңа көліктің кілтіне ие болған жергілікті полиция қызметкерлерінің қуанышында шек жоқ. Мәселен, Шалқар ауданына 15 автокөлік беріліпті. Аудандық ішкі істер бөлімі басшысының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Алтыншаш Жасанованың айтуынша, осы көліктермен ауданның барлық округтері толық қамтылып отыр. Жаңа көлікке ие болған аталған ауданның Біршоғыр ауылдық округінің учаскелік полиция  инспекторы Айбек Бұхарбаев енді инспекторлардың жұмысы жеңілдей түсетінін айтты.

Бұрын бұндай автокөлік болған жоқ. Округтің ауыл-аймағын, алыс елді мекендерді аралау қиынға соғатын. Ал бүгін, міне, су жаңа автокөліктің кілтін алып, қуанып отырмыз. Енді жұмысымыз одан әрі жандана түседі. Ауылдарды толық аралауға мүмкіндік туады. Мереке қарсаңында полиция қызметкерлерінің еңбегін ескеріп, осындай мүмкіндіктер  сыйлаған басшылыққа алғысымыз шексіз, — деді Айбек Бұхарбаев.

Ал Темір аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметіне 11 автокөлік беріліпті.

— Бұрын ауданда бес автокөлік болды. Полиция қызметкерлерінің жұмысын жеделдету үшін бес көлік аздық ететін. Енді, міне, олардың қатары толып, қуанып отырмыз. Ауданға барған соң көліктер ауылдық округтерге бөлініп беріледі, — деді аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Кенаш.

Жалпы соңғы төрт жылда ішкі істер органдарының техникалық базасын жақсарту үшін 6,5 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде қылмыс саны азайған. Мәселен,  осы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, облыстағы қылмыс деңгейі өткен жылдың осы  кезеңімен салыстырғанда үш есе, яғни  32% төмендеген.

Жиын соңында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатов қоғамдағы тыныштықты сақтауға қосқан үлесі үшін өңірдегі бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларын және үздік қызметкерлерді Алғыс хаттармен марапаттады. Барлығы 614 полиция қызметкері марапатқа ие болды.  Сондай-ақ мерекелік төсбелгі тапсырылды.

40 АҚТӨБЕЛІК ПӘТЕРЛІ БОЛДЫ

Мереке қарсаңында Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында орналасқан көп қабатты тұрғын үйден 40 отбасы баспаналы болды. Тұрғындарға пәтер кілтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыс етті.

Замануи үлгіде салынған бес қабатты үйден азаматтар пәтерді «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы алып отыр. Жаңа үйді «Керемет» құрылыс компаниясы салған. Облыс басшысы аулаға жиналған тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Мемлекетіміздің, ел Президентінің саясаты — ең алдымен экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Қазақстанда азаматтардың баспанамен қамтылуы үшін кепілдік  бар және мемлекет аталмыш құқықты жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қолдануда. Өткен жылы облыс бойынша 610 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалауға беріліп,  5 мыңға тарта отбасы жаңа пәтерлі болды. Жеті жыл бұрын «Батыс-2» шағын ауданының орны бос жатқан жер болатын, ал бүгінде бұл жерде  екі-үш ай сайын көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Болашақта бұл жер Ақтөбенің әкімшілік орталығына  айналады. Бұл жерде тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалады. Мектеп, балабақша іске қосылғанда аймақ гүлдене түседі. Ал сіздер жаңа баспаналарыңыздың айналасын таза ұстап, тал-терек егіп, жасыл-желекке айналдыруларыңыз керек, — деген  Бердібек Сапарбаев «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да баспанаға қол жеткізуге болатынын айтты.

Сондай-ақ облыс әкімі жыл соңына дейін кем дегенде 650 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Жаңа үйді тұрғызған «Керемет» құрылыс компаниясының басшысы Анар Кенжеғали тұрғындардың қуанышына ортақтасып келген облыс басшысына алғысын айтты.

Пәтер кілтіне ие болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Шашу шашып, мәре-сәре болды.  Облыс әкімі пәтерлерді аралап көріп, дастарқаннан дәм татты.

Сондай-ақ облыс әкімі аталған ауданда мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі негізінде салынып жатқан Мұз сарайының  құрылысын көрді. Қазір құрылысты  словакиялық компания жүргізіп жатыр.

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ РЕЗИДЕНЦИЯСЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ғ. Жұбанова көшесіндегі «Балалық шақтың резиденциясы» балалардың үйлесімді дамуы орталығына барды.  Орталықтың салтанатты ашылу сәтінің қонағы болды. Бұл орталықта күн сайын мектепке дейінгі 800-ге тарта бала хореография, бейнелеу өнері, ментальдық математика үйірмелері мен  спорттық секцияларға қатыса алады. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған орталықта балдырғандардың шығармашылықпен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Би алаңдары мен концерт залдары да жаңа технологиямен жабдықталыпты. Облыс басшысы орталықтың ішін аралап, көрді. Балдырғандардың өнерін тамашалады.

«Балалық шақтың резиденциясы» жүз адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыған жаңа көпфункционалды кешенде орналасқан. Сондай-ақ кешеннің бірінші қабатында қалалық әкімдік пен коммуналдық кәсіпорындар көрсететін мемлекеттік қызметтің барлық түрін ұсынатын  жаңа орталықты орналастыру жоспарда бар.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*