Басты бет » Мереке » Ақтөбенің ақын қыздары

Ақтөбенің ақын қыздары

Әрідегі Таразы, Әлима апаларымыздың ұрпағы, беріде қазақтың қаламгер қыздары көшбасшыларының бірі саналған Сара Мыңжасарованың сіңлілері — ақтөбелік ақын қыз-келіншектерге мерекеге орай хабарласып, өлеңге қатысы жоқ сауалдар қойдық.

Гүлсамал Аймаханова:

— Туған ауылыңызға жиі барасыз ба?

— Шалқар қаласындағы бұрынғы Терешкова атындағы, ал қазір Мөңке Тілеуұлы есімін иемденген көшеде менің туып-өскен үйім бар. Жылына бірнеше рет сол үйге барып қайтпасам, ісім алға баспайтындай көремін. Әкемнің шаңырағында қазір әпкем Гүлнәр тұрып жатыр. Әпкем — балалы-шағалы адам, басқа тірліктен шаршағанда, туған үйіме — жиендерімнің ортасына барып, бала кезден таныс туыс-бауыр, көршілерге, көнекөз қарияларға сәлем беріп дегендей, Шалқарға барып бір серпіліп қайтқанды жөн көремін. Кештерде аула сыртына шығып: «ана жерде қуыспақ ойнайтынбыз», «ал мына жерде ұршық иіріп отырған әжелеріміздің қасына келіп, әңгімелерін тыңдаушы едік» — деп, алаңсыз бала күндерді сағына еске алып қоямын. Туған үйім, ауылым түсіме де жиі енеді. Тіпті сол үйді ойламайтын, сағынбайтын күнім жоқ шығар деймін. Кейде өзім жете алмай жатсам да, әпкеме хабарласып, «… түс көрдім, нан пісіріп, Құран оқытып жіберші» — деп жататыным бар.

— Аяқ астынан ірі ұтысқа кенеліп, байып кетсеңіз, ең алдымен не істер едіңіз?

— Байып кетсем бе? Ойлап көрмеппін. Сірә, алдымен Шалқарға жүгіретін шығармын. Өзім жақсы көретін жандардың арман-мұқтаждарын тыңдап, соларға бір жақсылықтар жасар едім.

— Қатты қиналып, жаныңызға жұбаныш іздеген сәттерде…

— … міндетті түрде мешітке барамын. Содан соң Абайды, Мұқағалиды, Төлеген мен Жұмекенді оқимын. Іздегенімді солардың жырларынан табамын. Әсіресе, Жұмекен толғаныстары маған әрдайым көмектеседі…

Ххх

Жанна Елеусіз:

— Сіз тағдыр дегенге сенесіз бе? Әлде адамның өмірі өз қолында ма?

— Маңдайға жазылған тағдыр бар — ол рас. Бірақ Алла тағала адам атаулыға сол тағдырға — өз тағдырына әсер ете алатындай таңдауды да қоса беретін болса керек. Егер адамға таңдау берілмесе, ой, сана, қайрат, жігер де берілмес еді ғой. Онда бәрімізді зомби ғып жаратар еді. Жоқ, біздің алдымыздан күн сайын сан түрлі таңдау шығып жатады, сан түрлі жол күтеді. Жақсылық пен жамандықтың қайсысына бұрыласың — өз еркіңде…

— Сіздіңше, қандай әйел — мықты әйел?

— Өмірге деген ғашықтығын, ғашық бола білетін қасиетін жоғалтып алмаған әйелдерді мықты санаймын. Ешкімнің сөзіне ермейтін, өзінің ішкі әлеміндегі бір еркіндікті әрдайым паш етіп жүретін әйелдер болады — соларға сүйсініп қараймын.

— Ең жақсы көретін мерекеңіз?

— Жаңа жыл. Бала кезімізден Жаңа жылдан кейін жаңа бір қуаныштар күтетіндей, жаңа үміттің есігі ашылатындай көріп өстік. Әлі күнге дейін Жаңа жыл мені жақсы үміттерге жетелейді…

Ххх

Нұрлыхан Айтова:

— Балалық шақтан көңіліңізде жүрген ең ыстық бейне?

— Мен нағашы әжем Түймешті жұрттың бәрінен жақсы көруші едім. Өте таза жүретін, еңбекқор, артық сөзі жоқ, жан-жағындағының бәрінің қамын ойлап отыратын әжемді дүниедегі ең ақылды адам санайтынмын. Қазір де мен өз бойымда қандай да бір жақсы қасиеттер бар болса, сол үшін ең алдымен әжеме қарыздармын деп ойлаймын. Ойлап қарасам, ол кісі — қасиетті, текті адам екен. Отырса-тұрса, тамақ ішсе де әлдене деп күбірлеп жүретін. Онысы — ішінен әрдайым дұға оқиды. Өзі адам да емдейтін. Өмірде көп тауқымет те көрген. Кезінде жолдасы халық жауы ретінде ұсталып, Сібірге айдалып кеткен екен. Сол қиындықтарға қарамастан, мүжілмеген, жасымаған әжемнің нар тұлғасы Парасаттың символындай болып әрдайым көңілімде тұрады.

— Ғалым, ұстаз, ақын әрі ана болу оңай емес. Бәріне үлгеру үшін?..

— Бәріне үлгеру өте қиын. Бірақ, әрине, тырысып келемін. Әсіресе, балаларым мен ғылыми ізденістерімді бірінші орынға қоямын. Балаларым үшін, соларды қуанту үшін, үй шаруасынан да аянбаймын. Балалармен бірге өткізген сәттерімді ең бақытты сәттер деп санаймын.

— Егер әлемнің бір еліне саяхатқа шығуға мүмкіндік алсаңыз, қай елді таңдар едіңіз?

— Жапонияны таңдар едім. Батыс бізге таныс әлем секілді, ал Шығыс — тұнған жұмбақ.

Ххх

Жанар Нұрғали:

— Өзіңізді ең алдымен қандай қылықтан аулақ ұстауға тырысасыз?

— Өтірік айтудан аулақ болуға тырысамын.

— Сіз үшін ақша қаншалықты маңызды?

— Ақшаға, байлыққа құмарлық адамды аздырады деген ұғымда тәрбиеленген адаммын. Бірақ адал жолмен ақша таба білетін адамдарды сыйлаймын. Ал енді кейбіреулердің ақша адамға тәуелсіздік әкеледі деген оймен, ақшаның соңына құныға түсуі — оны сол ақшаға тәуелді етіп тынбақ. Сондай «тәуелсіздіктен» сақтасын.

— Телесериал қарайсыз ба?

— Анда-санда, кездейсоқ көріп қалатыным бар. Бірақ басынан-аяғына дейін қарап көрген емеспін. Біріншіден, уақытым жоқ: жұмыс, үй, балалар… Екіншіден, ондай бос дүниелерді — телесериалдардың басым бөлігі бос дүние ғой — соңына түсіп қарай қоюға шыдамым да жетпейді.

Ххх

Сая Итеғұлова:

— Сіздіңше, өмірдің мәні неде?

— Алланың құлы ретінде адамдыққа жат істерден, жамандықтан бойымызды аулақ ұстап, барынша таза жүруге тиіспіз. Ал әйел ретінде өмірге ұрпақ әкеліп, бала өсіру — борыш. Осы екі үлкен парызға адал болып, Адам деген, Ана деген атқа сай жүре алсам — мен үшін өмірдің мәні осы.

— Демалысыңызды қалай өткізгенді ұнатасыз?

— Демалысымды балалармен бірге өткізгенді қалаймын. Екі балам бар. Соларды машинаға салып алып, қалаған жерлеріне апара алсам — ең жақсы демалыс сол. Әсіресе, жаз кезінде, далаға, табиғат аясына шығып, балалардың асыр сап қайтқанына не жетсін?

— Сіз үшін ең жақсы сыйлық?

— Гүл.

Ххх

Гүлжайнар Қалдина:

— Ырымға сенесіз бе?

— Әрине, ең алдымен, әрдайым бір Алла жар болсын деп жүремін. Ырымдарды қатты бір сақтаймын деп айта алмаймын. Бірақ жоғары оқу орнында жүрген кезімізде, емтихан алдында тұз жастанып жату, қалтамызға бір тиын салып жүру деген секілді студент қауымның өзіне тән  ырымдарына «адал» болатынбыз. Оның бәрі қазір — күліп айтып жүретін естелік.

— Ең алдымен қандай адамдардан қорқасыз?

— Санасыздардан. Анам үнемі: «Адамның санасына берсін. Санасында жоқты ешкім жолға сала алмайды» — дейтін. Расында да…

— Достарыңыздан естуімізше, өлең жазғаннан басқа да өнеріңіз көп секілді?

— Домбырамен, гитарамен де ән айтатыным бар. Ең сүйікті әнім — Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағы». Ал бос уақытымда кесте тігуге, балаларға киім тоқып-тігуге құмармын.

Ақын қыздарға хабарласқан Индира Өтеміс.

***

…Қай мезгілдің, қай әлемнің, қай елдің,

Қараңдаршы жүріп өткен жолына:

Азаматқа серік болған әйелдің,

Дүниеге көрік болған әйелдің,

Ас пісіріп, дәм ұсынған әйелдің,

Ұрпағы үшін жанұшырған әйелдің

Оған қоса қалам ұстап қолына,

Құрбан болып көрінбейтін елеске,

Жыр жазғаны бір құдірет емес пе?

КҮЛӘШ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*