Басты бет » Мереке » Ата Заң және қазақтың ұлы билері

Ата Заң және қазақтың ұлы билері

Ұлы Далада әділдіктің салтанат құруы халық санасында  ежелден-ақ «би» ұғымымен байланыстырылады.

«Би — басқа лауазымдар мен атақтарға қарағанда, біздің халқымыз үшін өте байырғы, төл ресми атақ» — деп профессор Мұхтар Арын айтқандай, қоғамдағы ауызбіршіліктің, әділдіктің, адалдықтың кепілі болған билердің тарихымызда алар орны ерекше. Кешегі кеңестік заманда ресми тарихнама қазақ биін тек сот қызметін атқарған тұлға ретінде көрсетуге бейім болды. Ал, шын мәнінде, ғасырлар бойы ханның ақылшысы, халықтың қамқоршысы болған билердің қызметі ел арасындағы дау-дамайларды шешумен ғана шектелмегенін біз кеңестік дәуірден әрідегі түрлі құжаттар мен жазбалардан да, кейінгі зерттеулерден де жақсы білеміз.

Еліміздің астанасы Ақмолаға көшірілген тұста, жаңа елордада алғаш орнатылған ескерткіштердің бірі — қазақтың атақты үш биіне қойылған ескерткіш болатын. Сол кезде ескерткіштің Парламент пен Жоғарғы сот ғимараттарының арасына қойылуы тегіннен-тегін емес еді. Өйткені, қалың қазақ әр сөзін ардақтаған Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің өз заманында заң шығару ісінің басында тұрған тұлғалар екені ескерілді. Олардың есімдері атақты «Жеті жарғымен» байланысты екені қашаннан баршаға аян.

«Тарих тағылымы және қазіргі заман» атты еңбегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ мемлекетінің құрылуы оның құқықтық негізін жасақтауға мүмкіндік берді. Сол дәуірдегі заң жәдігерліктері деп біз бүгінгі күнге жетпей қалған «Қасым ханның қасқа жолын», осы дәуірге дейін сақталған Тәуке ханның «Жеті жарғысын» атаймыз» — деді. Қазақ ордасында 1680-1715 жылдары билік құрған әз Тәуке ханның ең үлкен еңбектерінің бірі — «Жеті жарғы» аталатын заң жүйесінің қабылдануы болатын. «Жеті жарғы» — елдің ішкі бірлігін сақтауға, сондай-ақ, жеке қатынастарды реттеуге бағытталған, мінез-құлық ережелерін айқындап-бекіткен заң жинағы еді. Тәуке ханның бастамасымен қолға алынған заңдар жинағының жасалуына Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ерекше еңбек сіңіргені тарихтан белгілі. «…Біз Әйтекенің қанша жасағанын білмесек те, не тындырғанын жақсы білеміз. Атақты үш бидің — бір ананың тетелес үш ұлындай қатар аталып, қатар қадірленуінің де, ел жадында бірдей қалуының басты сыры да осында: киелі үштік санында Төле, Қазыбек, Әйтекелердің қазақ тарихы, қазақ санасына сіңірген өлмес-өшпес еңбегі де осы үштік бірлікті нығайтқандығында. Мейілінше өміршең, мейілінше ұғымтал ел бірлігі, халық тұтастығы идеологиясын жасақтай білгендігінде. Сол идеологияны жүзеге асырудағы өз орындарын өздері белгілеп, көздері жұмылғанша сол уәжде тұра алғандықтарында» — деп, абыз аға Әбіш Кекілбаев жазып қалдырғандай, дана бабаларымыздың көксеген басты мұраты — ел бірлігі болғандығы да осы «Жеті жарғыда» айқын көрініс тапты.

Қазіргі тарихшылар мен заңгерлер «Жеті жарғының» «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сынды бұрынғы заңдардан ерекшелігі — «қанға-қан, жанға-жан» дейтін қатал үкімге, қанды кекке тоқтам салғандығында екенін жиі айтады. Жеке қатынастардағы дау-дамайларды шешу үшін, негізінен, мал, мүлік арқылы құн төлету, жұрт алдында ұялтып-масқаралау, бітімгершілік шаралары қолданылған. Бұл тәртіптің сонау Тәуке заманынан кешегі ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып келгені орыс деректерінде қалған. Зерттеуші В. Радлов «Қазақтардың малдары» атты мақаласында: «Бір ер адамның өліміне 100 жылқы төленеді. (Өлтіруге себеп болған ірілі-ұсақты жағдайлардың бәрі, ниеті, кегі, т.б. ескеріледі.) Жалшының, қыздың, әйелдің өліміне жарты құн төленеді. Яғни 40-50 жылқы айып есебінде бір тоғыз, яғни әр түліктен тоғыз бас мал беріледі… Егер ер адамның бір көзін шығарса немесе оң қолын зақымдаса, сөйтіп ол іске жарамай қалса, жарты құн төлейді» — деп көрсетеді. Тәуке хан заңдары ХХ ғасыр басындағы зерттеушілерге де таныс болған. Мысалы, тарихшы Ұлжан Ахметова «Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы» атты монографиясында 1887-1918 жылдар аралығында жұмыс жасаған аталмыш комиссияның мүшелерінің бірі Л.Словохотовтың зерттеуін келтіреді. Л. Словохотов Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясына 1905 жылдан бастап мүше болған. Өзінің «Кіші жүз қазақтарының дәстүрлі халықтық соты» атты зерттеуінің төртінші бөлімінде ол, тарихшының жазуы бойынша, «Тәуке ханның заңдарына, олардың шығу тегіне, сипатына, соттар және мәслихат, сот ісін жүргізу, барымта, «Жеті жарғының» құн төлеу жолдары, құлдар мен мұрагерлік заңдары, Тәуке заңдарындағы қазақтың адамгершілік-құқықтық түсініктеріне тоқталған». Ал Шоқан Уәлиханов өз тұсында тіпті қазақ жеріне келген отаршылдар өкілдерінің де біздің билерге жүгінген жағдайлары болғанын, Көкшетау қаласында ондаған сондай іс қаралғанын жазып қалдырыпты.

Ғасырлар бойы зерттеушілер назарын аударған, «дала конституциясы» атанған «Жеті жарғының» негізін салған және оның қолданысқа енуіне өлшеусіз еңбек сіңірген атақты үш бидің есімдері ел жадында мәңгілік өшпестей сақталып қалған. Тіпті кеңестік заманда да олардың атақ-абыройларына қылау түспеді. Зерттеушілер еңбектерінен білгеніміздей, олардың үшеуі де ел ішінде ежелден үлкен беделге ие әулеттерден шыққан. Төле биді зерттеушілер оны билердің пірі саналған Майқы бимен («Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би») жалғасатын Бақтияр биден таратса, Қазыбек бидің өз әкесі Келдібектің де би болғаны айтылады. Ал Әйтеке бидің арғы атасы Сейітқұл туралы Әбіш Кекілбаев: «Кәдімгі әз Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасым хан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді? Сол Сейітқұлдың дәл өзі. Сейітқұлдың сегіз баласының ең атақтысы — Жалаңтөс… Жалаңтөстің дәулеті мен беделінің асқандығы сонша, Самарқандағы әліге дейін көздің жауын алатын медресе Шердор, Тілләқараны салдырады. Әз Тәукенің әкесі Салқам Жәңгір жоңғар шапқыншылығын тойтармақ болып, қиын шатқалда шайқас салғанда, артынан 20 мың қол жіберіп, жеңіске жеткізеді. Тәуке тұсындағы Кіші жүздің ұлысбегі Әйтеке, міне, осындай ықпалды әулеттен шыққан» — деп жазды.

Ел бірлігін көксеп, ұлы мұрат жолында табысқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің  өзара сыйластығы, бір-біріне берген бағасы, олардың қиын дауларды шешудегі әділдігі, тапқырлығы, ұрпаққа өсиет қылып қалдырған терең мағыналы сөздері ел арасында ауыздан ауызға тарап, кешеге дейін ұмытылмай келуінің өзі — халықтың оларға деген сарқылмас сүйіспеншілігінің дәлелі.

Ел ауызындағы аңыздарға сай, Төле мен Қазыбек билер Әнет бабадан бата алған. Әнет баба алдына келген жас Төлеге бір бума шыбық ұсынып, «Балам, осыны сындырып көр» — дейді. Төле әрі-бері тырмысып, сындыра алмапты. Сонда Әнет баба: «Енді бір-бірлеп сындыр» — депті. Төле әр шыбықты бір-бірлеп оп-оңай сындырып шығыпты. Әнет баба: « Түсіндің бе? Ынтымағы жоқ елді жау оңай алады. Халықты ынтымаққа шақыра біл», — деген өсиетін жеткізе отырып, жас Төлеге батасын берген деседі.

Кезінде Абайдың ұлы Ақылбай ақын:

«Нағашым — Ер Қазыбек әулие өткен,

Пәниден уақыт жетiп ол да кеткен.

Сасқан жан жер түбiнен «Бабам» десе,

Әруағы күңiренiп келiп жеткен», — деп жырлаған еді. Тәуелсіздік жылдарында Ташкенттегі «Қарылғаш би кесенесі» атанып кеткен Төле би кесенесі жөнделіп, Нұратадағы Әйтеке бидің жерленген орны анықталды және ол жерге кесене тұрғызылды. Ал Қазыбек би Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорымына жерленгені белгілі. Олар жерленген кесенелер де, Астанадағы жоғарыда айтылған үш бидің қатар отырған ескерткіші де бұл күнде халықтың тағзым ететін орындарына айналған. Оңтүстік Қазақстанда — Төле бидің, Қарағандыда — Қазыбек бидің және біздің облысымызда Әйтеке бидің атында аудандар бар. Жақында ғана барша қазақ жұрты қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толуын атап өтті. Осының бәрі бүгінгі ұрпақтың бабалар рухына адалдық жолын таңдағанын көрсетеді.

Иә, биылғы Конституция күні мерекесі Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс тойланғалы отыр. 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылданған Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясында «Жеті жарғы» тармақтарымен үндестік бар. Ата-бабалар аманат еткен ел бірлігін сақтау, отбасы құндылықтарын қастерлеу сынды мәселелер бүгінгі заңдардан да көрініс тапты.

Біз сөзімізді Мұхтар Арынның сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтқан тілегімен аяқтағымыз келеді: «Биліктің тамаша үлгісін көрсеткен, әрі шешен, әрі дана, әрі халық қамқоршысы, әрі мемлекет қайраткері, әрі әділ қазы бола білген біздің қасиетті үш кемеңгеріміз Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би бүгін де жаңадан тәуелсіздік алған халқымызға биік тұлғалы өнеге бола алады. Құдай бізге солардан рухтануға ықылас-ниет берсін!».

 Әсем ӘМІРЕ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*