Басты бет » Мереке » Тәуелсіздіктің табанды тірегі

Тәуелсіздіктің табанды тірегі

30 тамызда тәуелсіз еліміздің тарихындағы аса маңызды мереке — Ата Заң күніне орай уақытында, яғни 1995 жылы осы құжатты облыс жұртшылығы арасында талқылап, референдум өткізген аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде өз пікірімді білдіргенім жөн деп есептеймін. Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат — Конституция. Әлемдік тәжірибе бойынша онда мемлекеттің құрылымы, азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Осыдан жиырма екі жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің нық тірегіне айналған Ата заң — мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Тәуелсіз тарихымыздағы аса маңызды және құнды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі — Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Жадымызда ұстайтын бір жәйт, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі екендігі. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 22 жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеп келеді.

Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Мұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін танытса керек. Біздің пайымдауымызша, бүгінгі Қазақстан биігінен бағалайтын болсақ, тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», — деп үлкен сеніммен баяндаған болатын Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде.

Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясының мәні мен маңызына  келетін болсақ, бұл Негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болса, оның біріншісі — мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншісі — экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншісі — жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншісі — ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерін Ата заңда көрсету еді.

Жоғарыда қамтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияның жобасында барынша қамтылмады. Президент бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын жазады. Сөйтіп, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге толық сәйкес келмейтіні байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде, 1995 жылы қазіргі Негізгі заң — Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі. Өйткені 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын.

Күні кешегі тарихи оқиғаларға жүгінсек, жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізді. Жаңа мемлекет үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әр түрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы арқылы басты мәселені — тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс географиясы да ауқымды болатын — ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды.

Нәтижесінде жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын заңгерлер тобы арасында бес жылдық жинақталған тәжірибе ескеріліп, ондағы негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын игеруге тура келді. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды сейілту үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді.

Бұл орайда алғашқы қадамдар жартыкеш, ымырашыл сипатта болғаны да ақиқат-ты. Адамзат тарихына жүгінсек, кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілгенін жасыра алмаймыз. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік өркениеттің тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін барша іс-қимыл, батыл шешімдер қабылданғанын көреміз. Қазақ жадындағы «Мың қосшыға бір басшы» деген қағидат негізін осыдан айқын көреміз.

Сөйтіп, Тұңғыш Президенттің өзі ынталылық жасап, сол кездері Еуропа мен Азияның, Солтүстік Латын Америкасының 20-дан астам елдерінің конституциялары зерттеліп, сарапталып, 1994 жылы Президент Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалаған еді. Шындығында, 1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты.

Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заң да осы — 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і Конституция жобасына енгізілген.

Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», — деген болатын.

Ал жаңағы төрт ұстанымға келетін болсақ, бұл біріншіден — қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден — экономикалық даму, үшіншіден — қазақстандық патриотизм, төртіншіден — маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Міне, осы төрт мәселе біздің республикамыздың негізгі принциптері болып саналады. Осы төрт мәселені Ата заңымыздың бірінші бабына енгізу арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол аша алды десек дәл болар. Кейіннен 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Сөз жоқ, Конституция пісіп-қатып қалған нәрсе емес – ол тұрақты даму, жетілу арнасындағы құжат. Нақты айтатын болсақ, оның 19 бабына 1998, 2001, 2007, 2011 және осы жылдың 4-ші наурызында 26 өзгерістер мен түзетулер енгізілген.

Сонымен, Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап — Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы екені баршаға аян.

Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің нығаюындағы жетістіктерінің баршасы Ата заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр. Конституция тәуелсіздік байрағының шарықтауына сеп болып қана қойған жоқ, Құжаттың нормативтік әлеуеттері де халыққа талай қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болатыны әр азаматқа аян деп ойлаймыз.

Бізді пікірімізше, Конституцияны қатаң ұстану — бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру — демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет — Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ.

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

профессор, тарих ғылымдарының докторы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*