Басты бет » Мереке » Басты тетік — тең мүмкіндік

Басты тетік — тең мүмкіндік

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Жарлығымен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілген болатын. Соған байланысты Елбасы жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс жасап жатыр.

Әйелдер мен ерлердің тең құқығын, тең мүмкіндігін мақсат еткен кешенді саясат жөнінде «Шынар» гендерлік білім беру орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәуле Досжановамен сөйлескен едік.

Еқыұ және гендерлік саясат

— Биылғы жылдың ең басты оқиғасы — еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі десек, ал ЕҚЫҰ-ның ең үлкен қағидасы — елдердің демократиялануын қолдау. Елдердің демократиялануына қойылатын талаптар бар. Соның бірі — әр адам жынысына, тегіне, жасына қарамай бәріне бірдей тең құқылы. «Ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктері мен құқықтарының мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңға Елбасының қол қоюы — демократияланудың нақты көрінісі.

Елбасы Жарлығымен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Бұл Стратегия кең ауқымды мәселелерді шешуге бағытталған (әйелдердің саяси-қоғамдық рөлі, гендерлік бі­лім, репродуктивті денсаулық, қо­ғамдық, халықаралық ұйымдармен байланыс). Әйелдерді қоғамдық-саяси ортаға тарту мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде 69 үкіметтік емес ұйым өкілдері кірген Әйелдердің көшбасшылығы мектебінің республикалық желісі құрылды.

— Мемлекет басшысының Жарлығымен 10 жылға Стартегия қабылданды. 2006 жылдан бері не тындырылғанын нақтырақ айтсаңыз?

— Елімізде әйелдерді шағын және орта кәсіпкерлікке тарту жақсы қалыптасып отыр. Нәтижесінде, кәсіпкер-әйелдердің үлесі 40 пайызға жетті.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына байланысты шағын және орта бизнесті қолдауға 120 млрд. теңге бөлінгені мәлім. Былтыр наурыз айында өткен әйелдердің V форумында Елбасының тапсырмасы бойынша осы қаражаттың бір бөлігі әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталды. Осы мақсатта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ директорлар кеңесі тарапынан 2009-2015 жылдар аралығында әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиемен қамтамасыз етуге арналған қаражаттарын екінші деңгейлі банктерге орналастыру бағдарламасы дайындалып, бекітілді.

Елімізде ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше көңіл аударылып отыр. Соның нәтижесінде, ана мен бала өлімі едәуір төмендеді. Елбасы биылғы Жолдауында ана мен бала өлімін 2020 жылға дейін 2 есеге төмендету керектігін айтты.

Ел Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қан аздығымен және Орталық Азияда кеңінен тараған темір жетіспеушілігі ауруларымен күресу үшін Азия банкінен 1,2 млн. доллар грант алды. Бұл қаржыға құрал-жабдықтар алынды, ұнды йодпен, темірмен, түрлі дәрумендермен байыту жөніндегі технологиялар енгізілді.

Мемлекеттік гендерлік теңдік стратегиясы әйелдер денсаулығын репродуктивті бекіту және сақтау бойынша қосымша іс-шаралардың толық кешенін қарастырады.

Мектептік және мектепке дейінгі білім беру жүйесі үшін «Гендер» кешенді білім беру бағдарламасы әзірленді.

Адам өмірінен артық еш нәрсе жоқ екені белгілі. Өткен жылы Елбасы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңға қол қойды. Айта кету керек, Қазақстан бұрынғы Кеңестер Одағы бойынша бірінші болып, 1999 жылы ішкі істер органдарының құрамында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде арнайы бөлімшелер құрды.

Бүгінде елімізде әйелдердің құқығын қорғайтын 20 дағдарыс орталықтары жұмыс істейді.

«Гендерлік саясатты қолдау Ақтөбеде жақсы жолға қойылған»

— Гендерлік теңдік стратегиясында орталық және жергілікті атқарушы органдардың кадрлық құрамындағы бір жыныстағы қызметкерлерді кемінде 30 пайызға жеткізу көзделген. Бұл саясат қалай жүзеге асып жатыр?

— Мемлекеттік гендерлік саясатты қолдау біздің Ақтөбеде жақсы жолға қойылып отырғанын айтқым келеді. Елімізде 3 әйел ғана облыс әкімдерінің орынбасарлары екен. Соның екеуі — біздің облыста. 3 әйел аудандарды басқарып отыр десек, оның біреуі — біздің өңірде. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қызметін Сәния Қалдығұлова біраз жылдан бері атқарып келеді.

Сонымен қатар 1 министр, 1 агенттік төрайымы, Премьер Министр кеңесі басшысының  орынбасары, 4 — жауапты хатшы, 5 — вице-министр, 21  әйел — Мәжіліс депутаты (14 пайыз). Бұл көрсеткіш дүниежүзілік орта стандарттарға сәйкес келеді. Дегенмен, 2016 жылға дейін саяси аренадағы әйелдер үлесін 30 пайызға жеткізу үшін жұмыс жасаймыз.

— Жоспарды орындаймыз, көрсеткішке жетеміз деп жүргенде білікті кадрларды азайтып алмаймыз ба?

—  Жоқ. Билікке әркім қабілет-қарымына қарай барады. Әйелдердің жаны нәзік, сондықтан әлеуметтік мәселелерді тиімді шешеді. Сол себептен оларға әлеуметтік саланың жүгін сеніп тапсыруға болады.

Гендерлік саясатты әйелдердің билікке ұмтылуы, мансапқорлық деп түсіну әсте дұрыс емес. Псхологтардың айтуынша, әйелдердің басым бөлігі қандай істі қолға алса да тиянақты, уақтылы істейді және нәтижелі болады.

Саяси аренадағы әйелдердің үлесін 50 пайыз емес, бар болғаны 30 пайызға ғана  жеткіземіз деп отырмыз. Бұл көрсеткішке жетпейтіндей біздің еліміздегі қыз-келіншектер сауатсыз, қайратсыз емес.

«Жауапты сәтте ерлер де баласының қасында болуға құқылы»

— Гендерлік саясат демографиямызға үлкен тосқауыл болады деген де пікір бар. Бұл жөнінде не дейсіз?

—  Меніңше, мұның бәрі бос сөз. Әйелге тек қана отбасының жүгін арқалатып қою міндет емес. Ана болу —  әр қыз-келіншектің басты арманы. Саналы ұрпақ тәрбиелеу — әр әйелдің басты қағидасы. Сол сияқты әр әйел шаңырағының шайқалмауын, мамыражай тірлікті тілейді. Отбасындағы береке-бірлік үшін қолынан келгенінің барлығын жасайды. Дегенмен,  әйелді тек қана отбасымен, бала тәрбиесімен немесе бала туумен, бала күтімімен ғана шектеу дұрыс емес. Әйел өзінің тұлғалық әлеуетін пайдалануы тиіс.

Әрі гендерлік саясат дегенде, әйелдердің барлығы бірдей билікке ұмтылуы тиіс деп міндеттеп жатқан ешкім жоқ. Үйде отырғанды қалайтындар үйінде отырады. Гендерлік саясаттың мақсаты — ер мен әйелге  тең мүмкіндік беру. Үй мен сырттың шаруасын қатар алып жүретін әйелдерге неге ерік бермейміз? Мысалы, облыс әкімінің екі орынбасары — Сара Нұрқатова мен Роза Кемаловалар балаларына саналы тәрбие беріп, немере сүйіп отыр. Балаларды дүниеге әкелуге, отбасын қадірлеуге мансап қолбайлау болмайтынына осы мысал дәлел.

— Жаңа заң бойынша ер адамдар да декреттік демалысқа шығуына болады. Бұл табиғаттың кейбір заңдылықтарына кереғар, ұлттық болмысқа қайшы әрекет емес пе?

— «Гендер» сөзі теңдік деген мағынаны білдіреді. Ал теңдік қазақтың менталитетіне жат емес.

«Ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктері мен құқықтарының мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң әйелдер мен еркектердің әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы, білім беру мен ғылым саласындағы және қоғамдық-саяси өмірдің басқа да салаларындағы теңдігінің кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Халқымызда ежелден қалыптасқан дәстүр бар: әйел — ошақтың ұйытқысы, ер — асыраушы. Солай болып қала береді. Әйтсе де, бұл мәселеге біржақты қарау — қате.

Бізде бала тәрбиесінде әкеден гөрі ананың ықпалы басым. Балабақшада да, мектепте де ұрпақты әйелдер тәрбиелеп жатыр. Яғни, біржақты тәрбие. Бұдан  ұтпайтынымыз анық. Сондықтан бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру керек. Жаңа заңда осы жағы ескерілген. Жаңа туған баласы бар ерлер неге осындай жауапты сәтте баласымен бірге болуға құқығы жоқ?  Бұл, әрине, ер адам баласы дүниеге келгенде баламен отыруға міндетті деген сөз емес. Әр отбасы баланы кім тәрбиелеуі керек, кім жұмыс істеуі тиіс екенін өздері келісіп, шешеді.

Біздің дерек

***

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан да әйелдер мен ерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында белгілі бір жетістікке жетті. Мысалы, 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктердің барлық түрлерін жою туралы Конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы» Конвенциялары, азаматтық және саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы және басқа да халықаралық пактілер ратификацияланды. Қазақстан адам құқықтары жөніндегі барлығы 60-тан астам халықаралық шарттарға қосылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*