Басты бет » Жаңалықтар » Дара тұлғаның биік тұғыры

Дара тұлғаның биік тұғыры

Ұлтына қызмет еткен ұмытылмайды

Ұлтына қызмет еткен тұлғаның ұмытылуы мүмкін емес. Күннің жарығын көлегейлеуге болмайтыны сияқты, мұндай қайраткерлердің еңбегі  қашан болса да жарқырап көрінеді, есімі халқына қайтып оралады. Дара тұлға Дербісәлі Беркімбаевтың тағдыры осының айқын мысалы дер едік. Кеңестік саясат жетпіс жыл бойы қаралап қарсы қойғанмен, еліміз Тәуелсіздік алған соң ұлттың адал перзенті халқымен қайта қауышты. Ақтөбе өңірінде дара тұлғаның есімін есте қалдыруға арналған үлкен шаралар ұйымдастырылды. Хромтау қаласының бір көшесіне есімі берілді. Бабаның  мәңгілік дамылдаған мекені Орск түбіндегі Үрпияда баба бейіті басында жаңадан кешен тұрғызылды. Бұған көрші елдің бүгінгі қауымдастығы да түсіністікпен қарады.  Орск қаласындағы өлкетану мұражайында арнайы орын бөлініп, баба жайында деректер жазылып, құнды жәдігерлер қойылды.

Содан бергі аралықта да Дербісәлі тұлғасын бұрынғыдан да гөрі тереңірек тануға бағытталған қадамдар жасалды. Ең бастысы, Дербісәлі Беркімбаев есімінің кезінде жарты патша атаған халықтың жадында ұмтылмастай болып сақталғанын, оның ұлтқа сіңірген еңбегінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, санада жаңғырып, бүгінгі бізге де жеткенін айтуымыз керек. Бұл жолда бабаның тікелей ұрпақтары, қоғамдық орындар, ғалымдар елеулі жұмыстар атқарды. Осының бәрі халқына адал қызмет еткен Дербісәлі Беркімбаевтың туғанына 180 жыл толуын лайықты атап өтуге орайласты. Хромтау ауданының тұрғындары мен мен зиялы қауымының ұсынысы және аудан әкімдігінің қолдауымен өткен бұл мерейлі шаралар ақтөбелік  жұртшылықтың есінде қалды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ұрпақ тәрбиесімен сабақтасатын ірі шара болып өтті.

Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығына арналып екі күнге белгіленген іс-шарлар облыс орталығы — Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Дербісәлі Беркімбаев кабинетінің салтанатты ашылуымен басталды.

Шараға аталған жоғары оқу орнының профессор-оқытушылары, Ресейдің зерттеуші ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Атаулы кабинеттегі сөрелерге Елбасының тарихқа қатысты толғаныстары мен ой-пікірлері жинақталған кітаптар қойылған.  Өңір тарихына, қазақ этнографиясына қатысты еңбектер, архив деректері орын алған. Сондай-ақ маңызды құжаттардың тізбесі берілген. XIX ғасырдың аяғындағы тарихи деректер жинақталған кітаптардың шоғыры, Д.Беркімбаевтың патша үкіметінен алған құнды, бағалы сыйлықтары мен орден-медальдарының көшірмелері қойылған.

Шара барысында университет ректоры Бауыржан Ердембеков сөз сөйлеп, бұл шараның  маңызы туралы әңгімеледі.

Бұдан кейін бабаның ұрпақтары бұл бастаманың жастарды тәрбиелеуге қосар үлесі туралы айтып, осындай игі шараны қолға алған университет ұжымына ризашылығын білдірді. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Болат Көмеков қазақ тарихына, өлкеге байланысты жазылған кітаптарын университетке тарту етті.

Сондай-ақ Қостанай облысынан келген өлкетанушы Қуаныш Орманов, Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Инга Стасевич тұлға жайындағы ойларын ортаға салды.

Ақындар айтысы

Осы күні түстен кейін Хромтау қаласында ақындар айтысы өтті.

Қазіргі замандағы салтанатты тойдың бір сәні — ақындар айтысы. Өз облысымыздың айтыскерлерімен бірге көрші облыстардың өкілдері де шақырылған дүбірлі айтыс хромтаулықтарды Кеншілер мәдениет үйіне жинады.

Бұл додаға танымал дүлдүл, «Алтын домбыра» жүлдесіне екі рет ие болған, Астанадан жеткен Мұхтар Ниязовтың қатысуы көрермендерді ерекше серпілтсе, сахнаға жас талант, М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Нұрбол Жауынбаевтың шығуы кейінгі буыннан күтер үміттің бір көрінісіне айналды.

Екі жұрттың арасына көпір бола білген, дала дипломатиясының негізін салушылардың бірі Дербісәлі Беркімбаевтың тұлғасына арналған ортақ тақырып одан әрі тереңдеп, Қазақ елінің өткені мен болашағы, Тәуелсіздік шарапаты, ел мен ердің ертеңі, Ақтөбе өңірінің бүгінгі тынысы туралы салиқалы сөздерге ұласты.

Қазылар алқасында болған ақындар, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жақсылық Айжанов, Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір әр жұптың сөз қағыстарын таразылай келе, үздіктерді екшеп шығарды.

Бас жүлде Мұхтар Ниязовқа берілуі көрермендер тарапынан қошеметке бөленді. Бірінші орынға Мұхтармен тізгін қағыстырған ақтөбелік Данияр Алдабергенов ие болды. Екі екінші орынның иелері — Оралдан келген жас жүйрік Талғат Мықи мен хромтаулық Жұлдыз Қожабекова. Жерлестеріміз Жәнібек Бейбітов, Ершат Қайболдин, Әлихан Жақсылық үшінші орынға лайық деп табылды. Ал Торғай өңірінен келген ақын Тоба Өтепбаевқа Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин өзінің арнаулы сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ Қайыржан Жұбаниязов, Нұрбол Жауынбаев, Нартай Тілеуқұл, Елшат Әуесхан, Айболат Көшкінбайлар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Саябаққа ескерткіш қойылды

Сенбі күні ертеңгілік халық Хромтау қаласындағы аталған Мәдениет үйінің қарсы бетіндегі саябаққа Дербісәлі Беркімбаевтың ескерткішінің ашылу салтанатына жиналды. Ұзындығы 1 шақырым 300 метрді құрайтын бұл саябақтың өзі де осы тойға дайындық барысында қайта жөндеуден өтіп, көріктендіріліпті.

Қаланың орталығындағы көрікті жерге қойылған ескертіштің авторлары — Марат Ғабдірахманов пен Жеңіс Жұбанқосов.

Ескерткіштің ашылу рәсімінің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Аманғали Бердалинге берілді.

— Дербісәлі сынды біртуар тұлғаларымыздың өз бағасын алуы Елбасымыз жүргізіп отырған саясаттың арқасы. Ел болуымызға еңбек сіңірген бабаларымызды ұлықтау шаралары қазір әр аймақта өтіп жатыр. Бұл өнегелі ұрпақ болу үшін керек. Сол бағдарламаның аясында кешелі-бүгінді облыс орталығынан басталған шара жалғасуда. Енді, міне, Хромтау қаласының қақ төрінен бабамыздың орын алған ескерткішінің де ашылу салтанатына куә боласыздар, — деп жиналған қауымды құттықтады аудан әкімі. Бұдан әрі елінің болашағын ойлап, тар заманның қыспағында тұрып та халқына адал қызмет еткен бабаның туған аймағына, болашақ ұрпақтың өсіп-өнуіне сіңірген еңбегін, өңірде білім беру, бекініс, қала тұрғызу істерін жүргізудің бастауында болғанына нақты деректер келтірді. Осындай айтулы тұлғаның мерейлі сәтін лайықты атап өтуге үлес қосқан қоғамдық ұйымдарға, жекелеген азаматтарға шынайы ықыласын білдірді. Бұл шараның басты мақсаты жас ұрпақтардың өткенді білуіне, бабалар ісін қадірлеуге, сайып келгенде патриоттық тәрбие беруді көздейтінін айрықша атап көрсетті.

Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарихшы-ғалым Болат Көмеков:

— Бұл ескерткіш — халқымыздың аяулы перзенті Дербісәлі Беркімбаевқа жасалған тағзым.  Тарихты тобыр жасамайды, тұлға жасайды. Сол тұлғаның бірегейі — Дербісәлі атамыз. Ол өз бойына өркениеттің ұлы қасиеттерін сіңдірген. Сол қасиетінің арқасында қазақ халқының қамын жеп, қызмет көрсетіп, артына өшпейтін із қалдырды. Дербісәлі атамызбен тек бір өңір ғана емес, еліміздің әр аймағы мақтанады. Өйткені ол барша қазаққа тән дара тұлға. Сондықтан бабамыз қазақ қалқымен бірге мәңгі жасай бермек, — деп түйді сөзін.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне ынталы топ мүшелері Қуаныш Орманов, Бақыт Ғизатов, Арғынғазы Беркімбаев,  Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин, Қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыдықов шақырылды. Ескерткішке жабылған ақ перде сусып түскенде, кезінде халқы жарты патша деп ардақтаған, екі елдің жұртын жалғап қызмет істеген бабамыздың толық тұлғасы мен зиялы жүзі баршаға анық көрінді. Бүгінгі ұрпағына көзәйнектен қарап тұрды. Өйткені ол халқына білім шұғыласын сепкен Ыбрай заманының билікке жеткен алғашқы санаулы зерделі қазақтың өкілінен еді.

Бұдан кейін аруақты баба рухына арнап ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды.

 Ғалымдар берген баға

Тек Хромтау емес, облысымыздың барлық аудандарынан, еліміздің бірқатар қалаларынан шақырылған қонақтар Кеншілердің мәдениет үйіне қойылған Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығына арналған көрмені тамашалады. Мұнда заманында Ресей патшалығына қызмет ете жүріп, халқының ертеңін естен шығармай ұланғайыр істер тындырған Дербісәлінің ел басқару қызметінде мемлекет тарапынан алған марапатарымен бейнеленген майлы бояумен салынған үлкен портретін, ірі тұлғаны еске түсіретін өзге де жәдігерлерді көруге болатын еді. Бір ерекшелігі, бұл суретшінің қиялынан туған емес, бабаның шынайы бейнесі болатын.Өйткені халқымыздың өзге тұлғаларына қарағанда, бұл бабамыз туралы деректер Ресей Федерациясының Санкт-Петербургтегі, Орынбордағы, Қазандағы, Уфадағы мұрағат қорларында,еліміздің Ұлттық қорында, он тоғызыншы ғасырдың 80-90 жылдарында, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы он жылдығында шығып тұрған орыс басылымдарында мол сақталған.

Бұл деректер аталған мәдениет үйінде жалғасқан ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы шеңберінде «Дербісалы Беркімбаев: тұлғасы және тарихи дәуірі» тақырыбында аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы кезінде ғалымдардың лебізімен кеңінен айтылды. Бабамызға арналған ғылыми-практикалық конференцияға еліміздің және көршілес Ресейдің көпшілікке танымал, белгілі ғалымдары жиналды. Олардың ішінде Инга Стасевич, Лариса Попова сынды ұзақ жылдардан бері қазақ халқының құндылықтарын зертеп, зерделеп жүрген ресейлік ғалымдар болды.

Бабамызға арналған бұл ғылыми шараға Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті айтарлықтай үлес қосты. Еліміздің және көрші Ресей ғалымдарының зерттеу еңбектерінің басын қосқан «Дербісәлі Беркімбаев: тұлғасы және тарихи дәуірі» атты арнаулы жинақ жарық көрді. Оның алғы сөзін осы университеттің ректоры, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков жазған. Сондай-ақ мұнда дара тұлғаның ортаға оралуына өлшеусіз үлес қосып, алғашқылардың қатарында мұрағат құжаттарының негізінде тұтас кітап жазған осы универсиеттің профессоры Зәкірадин Байдосовтың «Қазақтың ар-намысын арқалаған…» деген көлемді мақаласы жарияланған.

Конференцияға жиналған көпшілік әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Г.Сұлтанғалиеваның, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеудің мемлекеттік университетінің докторанты Г.Ізбасарованың, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры, тарих ғылымының докторы Р. Бекназаровтың, осы универсиеттің доценті, тарих ғылымының кандидаты Ж. Бегімбаеваның  және басқа ғалымдардың Дербісәлі Беркімбаев жайындағы зерттеу еңбектерін, ғылыми пайымдауларын өз ауыздарынан естіді.

Бұл басқосуда тек ғалымдар емес, Хромтау, Қарғалы аудандарының әкімдері Аманғали Бердалин, Рахат Сыдықов, бабаның тікелей ұрпақтары да өз ойларын айтып, естеліктерімен бөлісті. Конференция соңында тиісті қарар қабылданды.

Ғылыми-практикалық конференция өтіп жатқан кезде Атырау, Маңғыстау облыстарынан игі тілектерін білдірген құттықтау жедел хаттар келіп түсті.

Бұдан соң мерекелік шара Хромтау қаласының түстігіндегі алаңда жалғасты. Мұнда ауданның барлық округтерінің және қала мекемелерінің қатысуымен 16 киіз үй тігіліпті. Осы жерде әуелі жұртшылық аудан көркемөнерпаздарының күшімен дайындалған концертті тамашалап, киіз үйлерде берілген асқа қатысты.

Түстен кейін осы маңдағы арнаулы дайындалған орында аламан бәйге, түйе палуан, ұлттық спорт ойындары өтті. (Бұл шаралардың қорытындысы туралы газетіміздің келер санында хабарланады).

Тойдың қонағы, қызықтаушысы болу бір басқа да, оған нағыз жанашыр болып, демеушілік қолдау көрсету өзінше бөлек құрметті іс. Бұл тойда бабаның ұрпақтары Аманқос Төлеуов, Арынғазы Беркімбаев, Қайырғали Арыстанғалиев, тағы басқа азаматтар осындай міндеттер атқарып, көпшілік жиналған шараның  негізгі жүгін иықтарымен көтерді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*