Басты бет » Спорт » «Ақтөбе» екі сатыға жоғарылады

«Ақтөбе» екі сатыға жоғарылады

Премьер-Лига

«Оқжетпес»-«Ақтөбе» — 0:2

8 маусым күнгі ойында, 19-турда «Оқжетпесті» 3:0 есебімен ұтқалы бері жерлестеріміз жеңіске жете алмай келе жатқан болатын. Бұл жолы да сол есеп қайталануы мүмкін еді, әттең, он бір метрлік айып добын соққан Игорь Зенькович қақпашыдан айласын асыра алмады.

Кез келген кездесуді әдетте алаң иелері қарқынды шабуылдармен бастайтыны мәлім. Бірақ бұл жолы олай болмады. «Ақтөбенің» соңғы орында жүруге тиіс емес қуат-қарымын білгендіктен де шығар, көкшетаулықтар сақ ойнауға тырысты. Оның есесіне қонақтар тым еркін қимылдады. Алғашқы минуттардан бастап-ақ доп көбінесе қонақтардың аяғында жүрді, алғашқы соққылар да қонақтардың еншісіне тиесілі болды. Томаш Шимковичтің қауіпті соққысын қақпашы дарытпады. Руслан Валиуллин тастаған тәуір пасты Игорь Зенькович пайдалана алмай қалды. Әйтеуір бірінші таймның бірінші бөлігі негізінен ақтөбеліктердің шабуылдарымен өрнектелді. Сондай сәттердің бірінде, 26-минутта алаң иелері допты қақпа сыртына аударып жіберді де, бұрыштаманы орындауға Томаш Шимкович келді. Ол допты қақпаның дәл алдына әуелете тастады да, қалың топтың ортасынан Игорь Зенькович суырыла көтеріліп, допты баспен соқты, жібек торды дір еткізді — 0:1.

Көкшетаулықтар, әрине, есепті теңестіруге тырысып бақты. Бірақ қонақтардың қарқынын әлсіретерліктей ештеңе ойлап таба алмады. Оның есесіне олар алғашқы 30-минуттың шамасында 3 ескерту қағазын алып тынды. Ал ақтөбеліктер қауіпті жортуылдарды үдете түсті. Сондай қызу шақтардың бірінде, 34-минутта Руслан Валиуллин тастаған допты іліп алған Душан Савич қарсыластар қақпасына қарай құлдырай зулады. «Оқжетпестің» қорғаушыларына шалдырмаған шабуылшы қарсы жүгірген қақпашы Руслан Абжановты да салқынқандылықпен қапы қалдырды — 0:2.

Соңғы минуттарда Бағдат Қайыров пен гол авторы Душан Савичтің ескерту қағазын алып қалғандары болмаса, бірінші тайм жерлестеріміз үшін оң аяқталды.

«Оқжетпес» екінші таймда да қонақтарды тықсырарлықтай өзгеріс жасай алған жоқ. Алаңда тағы да «Ақтөбе» футболшылары ойқастай қимылдады. Сондай қимылдардың біріне тосқауыл қоймақшы болған көкшетаулық қорғаушы Георгас Фрейдгеймас өз айып алаңында Душан Савичті шалып құлатуға мәжбүр болды да, пенальти белгіленді. Әйтсе де қақпашы Руслан Абжанов бұл жолы Игорь Зенькович соққан допты шеберлікпен қақшып түсті. Кездесу уақытының соңғы ширегінде «Оқжетпестің» бас бапкері Виктор Пасулько үш ойыншыны алмастырды. Бірақ алаңға тыңнан шыққан футболшылар да көп ештеңе өндіре алмады. Ақтөбелік қорғаушылар қателіктерге бой алдырмағанын былай қойғанда, сол қатардағы Бағдат Қайыров пен Руслан Валиуллиннің соққалары есепті одан әрі еселей түсе жаздады. Рас, кездесу барысында Виталий Гошкодеря, Тимур Досмағамбетов, Әлібек Бөлешов тәрізді көкшетаулық футболшылар «Ақтөбе» қақпасын нысанаға алып бақты. Бірақ қақпашы Самат Отарбаев пен қорғаушылар «өртті» лезде сөндіріп отырды.

Осылайша 6 тур бойы жеңіске жете алмай келе жатқан «Ақтөбе» 25-турда сырт алаңнан үш ұпай олжалап, турнир кестесіндегі соңғы орыннан екі саты жоғарылады, «Оқжетпес» пен «Ақжайықтың» алдына шықты. Сондай-ақ осы турдың алдында «Ақтөбенің» ашық жаттығуына қатысып, сын пікірлер айтқан, осы кездесуде Шучье стадионында дауыстары командаға күш-жігер қосып отырған жанкүйерлер де қанағаттанғандық сезіммен оралды.

«Оқжетпес»-«Ақтөбе» — 0:2

Гол авторлары: Игорь Зенькович, 26-минут (0:1); Душан Савич, 34-минут (0:2).
59-минутта он бір метрлік айып добын орындаған Игорь Зенькович қақпашыдан айласын асыра алмады.

Ескерту қағазын алғандар:К.Колчак, 5-минут, Т.Досмағамбетов, 7-минут, Р.Абдулин, 27-минут, Г.Фрейдгеймас, 58-минут («Оқжетпес») — Б.Қайыров, 43-минут, Д.Савич, 44-минут, С.Симович, 60-минут («Ақтөбе»).

«Окжетпес»: Руслан Абжанов, Александр Козлов (Сергей Шафф, 63-минут), Лукас Марио Хорват, Гогита Гогуа, Георгас Фрейдгеймас, Виталий Гошкодеря (Максим Федин, 73-минут), Тимур Досмағамбетов, Александр Марочкин, Талғат Адырбеков, Әлбек Бөлешев, капитан (Игорь Юрин, 77-минут), Ренат Абдулин.

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Олександр Воловик, Душан Савич (Муарем Муарем, 88-минут), Томаш Шимкович, Джозеф Нейн, Слобадан Симович, Кристиан Колчак, Игорь Зенькович, Бағдат Қайыров, Кирилл Шестаков, капитан (Асланбек Кәкімов, 90+2 минут), Руслан Валиуллин (Бауыржан Байтана, 89-минут).

26 тамыз 2017 жыл. Щучье кенті. «Жақсы» спорт клубының стадионы. 250 адам.

Чемпионат басталғалы«Ақтөбе» 25 кездесу өткізіп, 5 рет ұтты, 7 рет тең ойнады, 13 ойында жеңіліп қалды. 28 гол соғып, өз қақпасына 38 доп жіберіп алды. Ұпай саны — 22.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович — 9 доп (2 допты пенальтиден соқты);

Юри Мамуте — 3;

Душан Савич — 3;

Бауыржан Байтана — 2;

Кирилл Шестаков — 2;

Жуниньо — 1;

Кассиано — 1;

Витор Жуниор —1;

Марко Обрадович — 1;

Томаш Шимкович — 1;

Джозеф Нейн — 1.

(Үш допты қарсыластарымыз өз қақпаларына өздері соғып алды: Д.Чертов, «Оқжетпес»; С.Граховац, «Астана»; Б.Шадманов, «Тараз»).

Енді турнир кестесіне келсек, алғашқы топты әзірге ешкімге жеткізбейтін бестік құрайды: «Астана» — 57 ұпай, «Қайрат» — 56 ұпай, «Ордабасы» — 45 ұпай, «Ертіс» — 37 ұпай, «Тобыл» — 35 ұпай. Бір ескерерлігі, «Астананың» басқа командалардан екі ойыны кем.

6-7 орындардағы «Қайсар» мен «Тараз» 29 ұпайдан жинады.

8-9 орын иелері — 27 ұпайы бар «Шахтер» мен 25 ұпайы бар «Атырау».

«Ақтөбе» 22 ұпаймен 10-орынға көтерілді.

11-12 орындарды 21 ұпаймен «Оқжетпес», 20 ұпаймен «Ақжайық» бөлісіп тұр.

26-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда ойнайды. 10 қыркүйек, жексенбі күні жерлестеріміз Қарағандының «Шахтерін» қабылдайды.

Басқа ойындар:

9 қыркүйек, сенбі

«Астана» (Астана) — «Атырау» (Атырау)

«Ақжайық» (Орал) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

10 қыркүйек, жексенбі

«Қайрат» (Алматы) — «Қайсар» (Қызылорда)

«Ордабасы» (Шымкент) — «Тараз» (Тараз)

«Ертіс» (Павлодар) — «Тобыл» (Қостанай)

Ертай АШЫҚБАЕВ. 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*