Басты бет » Басты жаңалықтар » Нұртас — бас бәйге иегері

Нұртас — бас бәйге иегері

Ақтөбеде І республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әндер байқауы өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігі алаңында өткен салтанатты шарада жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.

Жарыстың мақсаты — халық музыкасын заман ағымына сай өңдеп, төл өнерімізді жаңа форматта ұсыну, ән өнерін дамыту, дарынды өнерпаздарды халыққа кеңінен насихаттау.

Байқаудың қазылар алқасына ҚР Композиторлар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлы төрағалық етті. Сондай-ақ, қазылар құрамында ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова, Марат Әйтімов, ҚР мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнеловтер болды.

Жиында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірінші рет ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығын тілге тиек етті.

Жыл басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаны белгілі. Осы стратегиялық маңызға ие мақаладағы бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген мәдени іс-шаралар өткізіліп жатыр. Рухани жаңғыруды мақсат еткен шаралардың бір парасы бүгін, міне, Ақтөбеде де ұйымдастырылуда. Байқау тектен-текке «Жібек жолы» аталған жоқ. Ұлы Жібек жолының қазақ елі үшін қандай маңызға ие екенін жақсы білеміз. Керуен жолдарының тарамдалған жүйесі Батыс пен Шығыс мәдениеттерін байланыстырды. Жолдың біршама үлкен бөлігі Қазақстан мен Орта Азия арқылы өтті.

Бүгінгі байқауға қатысушыларға ақтөбеліктердің атынан алғысымды білдіремін. Мәдениетіміз бен әдебиетіміз, спорттағы жетістіктеріміз еліміздің абыройын әрдайым асқақтата берсін, — деп облыс әкімі жеңімпаздарды марапаттады.

Байқау қорытындысында бас бәйгені Нұртас Омаров (Ақтөбе қаласы) иеленді. Оған 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. І орынды алматылық Қазыбек Әбу жеңіп алса (300 мың теңге), ІІ орынды қызылордалық өнерпаз Әйгерім Өмірбек (150 мың теңге) еншіледі. Ал жерлесіміз Еркебұлан Құмаров пен батысқазақстандық Айдана Орынғалиева  ІІІ орынға (75 мың теңге) ие болды. Сондай-ақ, Сейіт Бағдат (Ақтөбе) пен Арайлым Жукенова (Қарағанды) дипломант атанды.

Айта кету керек, сайыста біздің өңірмен бірге Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды облыстарынан жалпы 15 өнерпаз бақ сынады. Олар Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жыраулардың — Қызыл, Батақтың Сарысы, Наурызбек, Кердері Әбубәкір, Молдабай, Шернияз сал, Нұрпейіс Байғанин, Бәкір Тәжібаевтың шығармаларын эстрадалық бағытта орындады.

Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің түлегімін. Ұстазым — Марат Әйтімов. Биыл Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетін тәмамдадым. Университеттегі ұстазым — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанат Омарбаев. Қазір Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісімін.

Байқауда Молдабайдың «Молдабай» әнін эстрадалық бағытта орындадым. Бұл әнді көбіне Арқа жақтың әншілері орындайды. Сол дәстүрден көп алшақтаған жоқпыз. Жаңарғаны, ерекшелігі — әннің өңделуі. Әнді әрлеп, өңдеген — колледждегі курстас досым Мұрат Кулетенов, — дейді «Жібек жолы» І республикалық байқауының бас бәйге иегері Нұртас Омаров.

Байқау соңы гала-концертке жалғасты. Кеш қонақтары әнші Ерболат Құдайбергенов, «Алашұлы» тобы ақтөбеліктер мен қала қонақтарына әннен шашу шашты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*