Басты бет » Мереке » Мереке

Мереке


Жанат Әскербекқызы

Екі дүние – бірі онда, бірі мұнда

Екі дүние – бірі онда, бірі мұнда –
Байлаулы әлем осынау бір ұғымға.
Ондағысын білмеймін, мұндағысы
Пенделіктің бұлқынар құрығында.

Орындалсын мақсат пен арман мейлі,
Есті сана егіліп «жалған» дейді.
Уысымда ұстармын дегендерің
Уысында үгіліп қалған дейді.

Бұ дүние – болғаны кештік ғұмыр,
Үрей жүрер тылсымнан естіп күбір.
Қуаныш пен қасірет – бәрі сәттік,
Түңіле алсаң жалғаннан өстіп түңіл!

Жұлдыз көрдім әп-сәтте ағып өткен,
Айды көрдім қабағын қағып өткен.
Аспан жаққа қарадым…о, дүние!
Бұ дүниеден баз кешіп бәрі кеткен.

Екі дүние арасы қас-қағымдық,
Екі дүние – тек біздік, басқа кімдік…
Төбесінен күркіреп күндер ауған
Тау да мұңлық, дариға-ай, тас та мұңлық.

…Назымды айтып болғам жоқ жалғанға әлі –
Алдамшы боп, адыра қалған бағы.
Пенде жүрер ұзақ жол, анығында –
Қас пен көздің арасы… бар болғаны…

***

Елена Әбдіхалықова

Бүгін көктем… ертең күз…

Жел айдаған желкенбіз.

Тағдырымыз болжаусыз

Бағы тұман  өркенбіз….

Бүгін жасыл, сұр – ертең…

Жұтағанда жылы өлкем,

құларымды білсем де,

бір үмітпен күнелтем.

Бүгін жұмсақ,  ертең тас …

Жел ықтырған желкен жас,

Кім біледі қай жақта

қалатынын  көркем бас?!

Бүгін көктем… алда  күз

Соңымызда қалды аңыз

Біз туралы айтар ма,

бүршік жарған  таң-қауыз?

Бүгін шуақ… ертең  мұз..

Жел шайқаған желкенбіз…

Көрер біреу бар ма екен,

Кім боларын ертеңгі із?!

Бүгін көктем, ертең күз…

Күрсініп сыр шертерміз …

Құстар салған әуендей

қамығармыз ертең біз…

***

Жанар Нұрғали

Сағындым сізді…

(Ақын Жұматай Жақыпбаевқа)

Сағындым сізді…

Көрмегем, көкте көремін.

Ләйладай қызды

Жүрегің, өпкен өлеңің…

Оқыр ем  мың жыр,

Алматыда да емеспін.

Қояр ем бір гүл,

Алыс қой  сіздің  белес тым.

Айналды-ау дертке,

Көрінбей көзге Ләйлаңыз,

Қараймын көкке,

Іздеп жүр ме деп айдан із.

Кеттіңіз ерте,

Өртеген сезім-мұңыңыз?!

Ләйладай ерке,

Соғып тұр жүрек-жырыңыз…

Сағындым сізді…

Көрмегем, көкте көремін…

***

Нәзира Бердалы

Кештерде кейбір

Бұлым да бұлым бұрымым бар ед

Белімді құшып жататын.

Аналар көріп, ырым қылар ед,

Бабалар беріп батасын.

Жалғыздығым тек жырыма сыйып,

Қызықтырмайтын жай тегін.

Жусан иіс шашым жыныма тиіп,

Желкеден қидым, қайтейін?

Шашбаусыз менің сымбатым — сән бе?

Қазақ ем «бұрым — мүлік» дер.

Жыныма тиген шашым ба, әлде

Шашыма ғашық жігіттер?

Әйтеуір әкем қатты да қатты үн,

Деді анам: «Түрін, жақсартып…»

Сол күні сосын солқылдап жаттым,

Сұлу болудан бас тартып.

«Жайнадың» дейді гүлдей солсам да,

Күл болсам дейді «лауладың».

Шөпжелкелердің бірі болсам да

«Қодарлардан» құтыла алмадым.

Бұлым да бұлым бұрымым бар ед,

Кестім бе екен бекерге?

Біреулер содан сырымды ұғар ед,

Ұғылмай енді кетем бе?

Аңшылар әлі құрады тұзақ,

Кей ағам кетті ұсақтап.

Кештерде кейбір жылаймын ұзақ,

Кесілген шашты құшақтап…

***

Нұрлыхан Айтова

Бақытты болуға ниеттен

Төрің

Тақымға бұйырған пейішсің,

Өрің

Өзіңнің өреңмен түйіссін.

Өңге

Өңкей бір қуаныш ұйыссын,

Сен де

Бақытты болуға тиіссің.

Жасан,

Нұрыңа шашуын күн себер.

Қашан

Сәт сылқым күлерін білсе егер,

Әріден

Жаға алмай, жана алмай мың сөнер,

Пәлі де!

Ғайыппен лайықтас Шын Шебер!

Арай

Күлімдеп иерде жиектен

Тарай,

Нұр құйып сүйерге күй еккен.

Алаңдар

Жай көп қой жүрегің би еткен,

Адамдар,

Бақытты болуға ниеттен!

***

Гүлжайнар Қалдина

Ана сөзі

Жанарымның жарығынан жаралған,

жаратқанның сыйын құштым құндақтап.

Әлдиімнің әсерімен таралған,

Тамылжыған таңым да аппақ,

түн де аппақ.

Әнім,

сәнім,

жаным да енді жүдемес,

(Ана атты ардақты атқа ырғақ тап).

Төрт бөлінген түнгі ұйқым да түк емес,

Өзегіңе өң бергенім тым тәтті-ақ.

Уысыңда мен қалаған бақ-несіп,

Ұртыңдағы ұрттам сүтпен нұрландың.

Анаңа да мекен болған ақ бесік,

Шынашақтай иесімен ырғалды.

Құйтақандай қожайыным — бөбегім,

Тыншымасаң — бар бұйрықтан зоры сол.

Тал бесікке бүгінгі ие сен едің —

анаңның да өткен күнгі қонысы ол.

Уысыма ырыс толған игі күн,

Анаң уыз татқан сәттен бөбегім.

Өз өмірім,

өзіме сай биігім,

тәбәрікке тартылғаны — өлеңім.

Саған берер асыл сыйым — сол ғана,

Жыр суырдым жүрегімнің тұсынан.

Жұмақ жаққа алған күні жолдама,

Жарығымды жалғарсың деп ұсынам…

***

Лаура Тельманқызы

Сіз жайлы

Сол сәттерім санама сіңіп әр күн,

Миыма маза бермей, тығылар мұң.

Өткенді, Сізді еске түсірдім де,

Күліп алдым.

Сыйқымды алып қанша бұл сұмдығым,

Тығылдым түнегіне тылсым түннің.

Кешегі күнді, сізді сағындым да,

Күрсіндім мың.

Күндерімді зарыққан топшылар кім,

Мен, бәлкім, есіңізде жоқ шығармын.

Өткенімді тағы аңсап, өкіндім де,

Өксіп алдым.

Тек ойыма сол кезді түйіп әр күн,

Жағалауға біз жүрген жиі бардым.

Сізбен түскен суретке ұзақ қарап,

Сүйіп алдым.

Ұмыттырған түгі жоқ бұ қаланың,

Сүйреткенмен өткенім, құламадым.

… Бүгінде сізбен аттас жанды көрсем,

Қуанамын.

***

Бақытгүл Бабаш

Алғашқы махаббатқа хат

Әдемі тізбек әріппен,
Әдіптеп жазып атыңды.
Әр күні ыждағаттықпен,
Күтетін едім хатыңды.
Көрші ұл бізге дәнекер,
Балалық, бәлкім? Әлде не…
Бір күні сәлем-сырыңды,
Оқытып қойды әкеме.

«Анау әнші ұл ма?
Жетістің…
Жүрегің жылап қалады-ау…»
Сол күннен біз де кетістік,
Сол күннен жаным жаралы.
Сол еді сезім алғашқы,
Ұқтырған мұңның не екенін.
Болған соң бақыт таңы алыс,
Бұйдасын бұзғам желкеннің.

Сен қайда, қазір мен қайда?
Екеуміз – екі терезе.
Өткен күн қолын бұлғай ма,
Сезімге қақсып кенезе.
Әкем де кеткен, тойымда
Тоғытып тілек айта алмай.
Таусылмас тірлік ойыны,
Меселді жүр ме қайтармай?

Жарығым, баққа лайық,
Қызыңа қойып атымды,
Сол серттен әлі айнымай,
Сақтадың ба екен хатымды?
Өткенді мен де аңсадым,
Өксіген түнде кезім мың.
Есімді алып қанша күн,
Есімде қалған сезімім…

***

Назгүл Бердіқожақызы

Сіз…

Баянын тауып бақыттың,
Балбырап сезім-ол кетті.
Жұлдыздар жауған жақұт түн
Жанымды менің тербетті.

Аңқаңыз кеуіп, сағына
Аласаруға, қалайсыз?
Ұялшақ қыздың жанына
Ұрыншақ көзбен қарайсыз.

Сөзіңіз неткен ізгі еді,
Сескеніп қалдым, жиып бой.
Мендегі сезім сіздегі
Сабырсыз ойдан биік қой.

Бақытыңды арнап бұл қызға,
Баябан шөлден жетіп ең.
Баянға бейіт тұрғызба,
Жаурайды ол желдің өтінен.
Үңілмеңізші жүрекке
Құлап кетесіз, өтінем!

Тұрмастай болып құлайсыз
Шыңырауын құздың мекендеп.
Еңіреп сонда жылайсыз
Неге жолықтым екен деп.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*