Басты бет » Мәдениет » Өз дәуірінің өнегесі

Өз дәуірінің өнегесі

Дербісәлі — 180

Аманғали БЕРДАЛИН,

Хромтау ауданының әкімі.

Әр дәуір өз тұлғаларын өмірге әкелген. Солардың бірі — ХІХ ғасырда дүниеге келген Дербісәлі Беркімбаев. Биыл осы тұлғаның туғанына — 180 жыл. Хромтау ауданының тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері осыған байланысты Дербісәлі рухын ардақтап, мерейлі сәтті атап өтуге орай ұсыныс білдірген-ді. Хромтау ауданының әкімдігі бұл тілекті қолдап, іске кірісіп кеттік. Өйткені Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тарихымызды тереңнен қозғаудың ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі ерекше зор екендігі келелі мәселе ретінде қойылған.

Заманында Ресей патшалығына қызмет ете жүріп, халқының ертеңін естен шығармаған Дербісәлі Беркімбаев қиын мәселелерді әділ шешуге ұмтылып, елге жағымды, пайдасы тиер өз саясатын жүргізе білген. 15, 23-дистанциясы мен Ырғыз уезі бастығының көмекшісі, Ақтөбе уезіндегі ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік болуы көп міндеттерді мойнына жүктеген. Ол заманда жер дауы күрделі қалыпта болғаны белгілі. Осыны қақтығыссыз шешуінің өзі Дербісәлі Беркімбаевтың өлшеусіз еңбегін көрсетеді. Оның мәмілегерлігі, ағартушылығы бір бөлек әңгіме. Бірнеше жерде мектеп, медресе салдырған. Халқымызды имандылыққа бағыттап, тас-мешітті салуға патшаның өзінен рұқсат алып, оның құрылысын жүргізуі оңай шаруа емес. Сол секілді халықты ауыр дерттерден сақтау жолында атқарған қызметі өлшеусіз.

Қазақ «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді, бірақ болғанша қиындығын кейде естен шығарып аламыз. Осы мәселені дұрыстап ұйымдастыру үшін аудандағы мекемелердің басшыларын, ауылдық округ әкімдерін, зиялы қауым өкілдерін, ынталы топты бес рет жинап, алқалы кеңес өткіздік. Оның әрқайсысында алдағы міндеттерді шешіп, тапсырма қалай орындалып жатыр, оны бақылау, өткізуде неге басты назар аударуымыз керек, осы мәселелердің бәрі кеңінен талқыланды.

Дербісәлі Беркімбаевтың туғанына 180 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпіріндегі және көршілес Ресейден әлемге, мемлекетке белгілі ғалымдарды шақырдық. Олардың ішінде Инга Стасевич, Лариса Попова секілді ресейлік ғалымдар бар.

Шараның көлемі ауқымды. 25 тамыз күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Дербісәлі Беркімбаевтың кабинеті салтанатты түрде ашылады. Қасиетті жұмада Хромтау қаласындағы кеншілер Мәдениет үйінде ақындар айтысы өтеді. Оған тек облыс емес, республикамызға танымал болып жүрген, жеңімпаз атанған ақындар да қатысады. Мәселен, қызылордадан Мұхтар Ниязов, Оралдан Талғат Мықи, Торғайдан Тоба Өтепбаев сынды дүлдүлдер келеді.

Ал сенбі күні Дербісәлі ескерткішінің ашылу салтанаты болады. Одан соң дәуір тұлғасына арналған көрмені халық тамашалай алады. Кеншілер Мәдениет үйінде «Д.Беркімбаев тұлғасы және тарихи дәуір» атты конференция өтеді. Онда бірнеше ғалым осы тақырыпқа байланысты баяндама жасайды.

Сонымен қатар, Хромтау қаласының жанындағы табиғаты көркем жерге 16 киіз үй тігіледі. Онда өткізілетін шаралар да белгіленген. Халқымыз мұндай үлкен еске алу шараларында ат шабыс, қазақша күрес секілді спорт түрлерін ұмытпаған. Биылғы бәйгеде Қостанай, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының шабандоздары өз сәйгүліктерінің бағын сынайды. Ат спортының Республикалық Федерациясы өкілдері қолайлы жерді белгілеп берді. Кімнің тұлпарының бағы жанады, сол бәйге барысында анықталмақ. Сол секілді жұртшылықтың тамашалайтыны қазақша күрес. Облыстық спорт басқармасының басшылығымен бұған әр ауданнан боз кілем үстінде күш сынасатын палуандар қатыспақ. Бұл жерде айта кетер нәрсе, түйе палуандар сайысы болғандықтан, салмақ дәрежесіне қарамайды. Тіпті келушілер арасынан кілемге шығып, күш атасын танымасты көрсетем деушілер болса, оларға да мүмкіндік беріледі.

Мұндай шараны өткізу көпшілікті ұйымдастырумен атқарылмақ. Осы ретте селолық округ әкімдіктері, мекеме басшылары үлкен үлес қосып, бабаны еске алуға орай қызмет көрсете білді. Және бір айтар нәрсе, баба ұрпақтары — қоғам қайраткері Арынғазы Беркімбаев пен Ізбақ Өмірзақов, өлкетанушы Баянғали Құлтаев күні-түні тынымсыз жұмыс жасады. Әсіресе, осындай ұлттық, елдік шаруаларға меценаттық жасауда үнемі ерекше көзге түсіп жүретін қолы ашық Арынғазы Беркімбаев бұл жолы да сол қайраткерлігін тағы бір танытты. Сондықтан шараны өткізуге белсенділік танытқан осындай азаматтарға алғысымыз шексіз. Ақпараттық қолдауға демеушілік жасаған кәсіпкер Қайырғали Арыстанғалиевтың да еңбегін атап айтқан жөн.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*