Басты бет » Мәдениет » Баба рухына тағзым

Баба рухына тағзым

Дербісәлі — 180

Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығын мерекелеуге арналған шаралар жоспарына сай ақтөбелік делегацияның Ресейдің Орынбор облысына сапары тарихты танудың тағы бір қадамы іспетті болды.

Дербісәлі Беркімбаевтың туған жері — Ойсылқарадан бастау алған қозғалыс Ресейдің көршілес облысында жалғасын тапты. Хромтаулық делегацияның құрамында аудан әкімінің орынбасары Сейітмағамбет Шілманов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұргүл Аманғалиева, «Нұр» мешітінің наиб имамы Марал Иманғали, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Ерманов бастаған ақсақалдар тобы мен бірқатар БАҚ өкілдері болды. Сондай-ақ, Ақтөбеден де арнайы топ барды.

«Әлімбет» шекара бекетінен өткен Дербісәлі Беркімбаевтың жерлестерін Орск қалалық кеңесінің депутаты Ермек Әлқұлов бастаған топ құшақ жая қарсы алып, бірден бабаның мазарына қарай бастады. Жаманқаланың жанындағы Крыловка ауылы кезінде Үрпия аталған. Дербісәлінің сүйегі осында жерленген. Ертеректе «қорымда алтын бар» деген желеумен бірнеше адам баба бейітін қазып, темір белгілерді кесіп алған. Бірақ, Құдайдың құдіретімен ол адамдардың бәрі де тағдыр тауқыметіне ұшырапты. Бұл туралы Дербісәлінің інісі Мералының шөбересі Қадіржан Мералиев айтып берді. Айтпақшы, Мералының да сүйегі ағасының жанына жерленген. Бүгіндегі кесене 2006 жылы бой көтерген.

Баба бейіті басында  аудандық «Нұр» мешітінің наиб имамы Марал Иманғали мен Ресей мұсылмандары Орталық діни басқармасы құрамындағы Орынбор облысы мұсылмандары аймақтық діни басқармасы төрағасының орынбасары Нұр хазірет Мұсақаев рухқа Құран аяттарын бағыштап, дұға қылды.

Делегация өкілдері Крыловкадағы Дербісәлі Беркімбаев атындағы №39 орта мектепті аралады. Мұндағылар 10 жыл қатарынан волейбол спортынан Д.Беркімбаев атындағы турнирдің өткізіліп келе жатқандығын айтып, бұл жарысқа хромтаулық ойыншыларды қатыстыру жағын қарастыруды ұсынды.

Дербісәлі Беркімбаев ел билеп тұрған тұсында Ор бойында мұсылманшылықтың қанат жайып, өркендеуіне үлес қосқан. Оған ол салдырған мешіт пен медресе және жатақхана дәлел. Бүгінде мұнаралы құлшылық үйіне Дербісәлі есімі берілген. Қайта жөндеу кезінде сәулетшілер Жетіру тайпасының құрметіне мешітті жеті бұрышты етіп қалаған. Мешіт тарихы хақында Орск қаласындағы жергілікті мұсылмандар діни ұйымының төрағасы Қонақбай Әлқұлов былай деді:

— Дербісәлі Беркімбаев бұл мешітті 1900 жылы салдырған. Мешіт 3 ғимараттан тұрады. Алғашқысы — екі қабатты, 200 ер адамға, 50 әйел жамағатқа шақталған мешіт ғимараты. Қалған екеуі — екі қабатты медіресе мен жатақхана. 1927 жылы Кеңес өкіметінің меншігіне өткен ғимарат соғыс жылдары тұтқынға түскен немістерге шеберхана ретінде пайдаланылады. Соңынан балабақша қызметін атқарды. 1991 жылдан бастап жергілікті мұсылмандардың өтініші бойынша қайтадан мешіт болды. Медресе бүгінде асхана ретінде пайдаланылуда. Өкінішке қарай, жатақхана жекенің меншігіне өтіп кеткендіктен, оны қайтару мүмкін болмады. Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығына орай мешітке жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сапар соңында ақтөбеліктерге қонақасы дастарқаны жайылды. Онда екі елдің өкілдері даңқты тұлға турасындағы білгендерін ортаға салып, өткенге үңілу арқылы ғана ертеңге нық қадам басуға, сондай-ақ, өткен тарихты зерттеу арқылы ұрпақ бойында патриоттық сезімдерді қалыптастыруға болатындығын айтты. Сөз соңында делегация мүшелері Орск қаласынан Дербісәлі Беркімбаевқа көше атауын беру туралы ұсыныстарын жеткізді. Қала басшысының орынбасары өтінішті орындауға ықпал ететіндігіне сендірді.

Қуандық РЕЙІМОВ,

Хромтау ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*