Басты бет » Әдебиет » Адасқан адамдарға ақыл болдың

Адасқан адамдарға ақыл болдың

Қолыма қалам алдым сөзге лаулап,

Сұрадым әрбір жерде хабар аулап.

Белгілі Кіші жүзде бір адамсың,

Бақ-дәулет жеті атаңнан өскен қаулап.

 

Салмағы саған қатар келе алмайды,

Қай қазақ мақтанса да өзін баулап.

Руың — Жетіруда жағалбайлы,

Ары үшін жауға шапқан Малатаулап.

 

Малатау адам екен болған ұран,

Ол күнде қазақ жауы — қалмақ Сыбан.

Бұл күнде өсіп-өнген байтақ халық,

Басы өскен, бақытына жоқ-ты күмән.

 

Атаңыз мұнан соңғы Арыстанбай,

Білеміз шетке шыққан дабыстан да-ай.

Өткен жоқ баса-көктеп уақытында,

Баласы үш ананың жарысқанда-ай.

 

Ұлына қара қазақ кемдік келсе,

Қалмаған тоқтап үйде намыстанбай.

Әрі би, әрі мықты көп болыпты,

Мақтаймыз сол себепті данышпандай.

 

Құран — шын, Пайғамбар — хақ, Құдай — дара,

Адамның Алла деген көңілі сара.

Өзінің қатарынан артық туған,

Ішінде Арыстанбай атаң Қара.

 

Қонаққа қой орнына тай сойғызған,

Қарадан бергі атаң Бошыбай-ды.

Тас кескен сәтті күнде тағы жауһар,

Саз қылып илесе де жасымайды.

 

Хан ұлын қара қазақ кемітпеген,

Беркімбай онан бергі өзің атаң.

Дүния ақыретке қызмет қылып,

Атаңа есітемін тиген опаң.

 

Жетпей-ақ жиырмаға хакім болдың,

Жоғарғы хакімдерге жақын болдың.

Жол айтып құдай үшін азаматқа,

Адасқан адамдарға ақыл болдың.

 

Төменде атың шықты жоғарғы өрге,

Шыққан жоқ бұрын адам сізден төрге.

Қолыңа ту алғандай жарасады,

Артынша бақыт қонса асыл ерге.

Кердері ӘБУБӘКІР

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*