Басты бет » Әдебиет » Дереке, көшкенің — айт, қонғаның — той

Дереке, көшкенің — айт, қонғаның — той

Ер салдым біссімілла деп қоңыр атқа,

Қауышпақ Дерекемдей асыл затқа.

Араға екі қонып, келдім қала,

Арнайы Дерекемнің қолын ала.

Алаштың азаматы басын қосып,

Жиылып жатыр екен ылғи дана.

Қауыштым Ақтөбеде Дерекеме,

Жігітке қыдыр келмей бақ қона ма?!

Болмаса кешегі өткен Әбілқайыр,

Бағына қара қазақ шақ бола ма?

Дереке, көшкенің — айт, қонғаның — той,

Сойылған құрметіңе жылқы мен қой.

Қасабың бейне аят қаттан асқан,

Япырмау, бұл не деген кеңшілік ой.

 

ДЕРБІСӘЛІ СҰЛТАНЫМ

Хат жазушы Әкімәлі ақының,

Бес атаға жаңа келді жақының.

Назар салып істің тентек, мақұлын,

Әрдайымда жолын ашар сұлтаным.

 

Бізге керек сізден алу сананы,

Теңізіміз тарауы көп салалы.

Орда көрмей бидің есі шамалы,

Әрдайымда жолын ашар сұлтаным.

 

Құдай үшін екі мешіт салдырып,

Имандыққа ғұлама ишан алдырып.

Жәрдем етіп дін шырағын жандырып,

Екі жағын бірдей тұтқан сұлтаным.

 

Он жетіде болыстыққа ілініп,

Асау сойып, ақ ордалар тігіліп.

Ақ патшаға мәшһүр болып білініп,

Зор чин алып, медаль таққан сұлтаным.

 

Дүниеде не көрмеді басыңыз,

Билік көрді досың түгел, қасыңыз.

Үлкендіге келіп жатты жасыңыз,

Ғұмырыңызға жүз тілектес, сұлтаным.

 

Қарттығыңа халқың сырттан қайғылы,

Алып тұрсың үш жүздегі бәйгені.

Сапарлап жол шегесің қай күні,

Алаш ұлын «аһ» ұрғызып сұлтаным.

 

Ерім едің тұлпар мінген, ту алып,

Тірлігіңе жүрміз сырттан қуанып.

Сіз кеткен соң аққан теңіз суалып,

Халқың шөлдеп, сусап қалар сұлтаным…

Әкімәлі ҚАРЖАУҰЛЫ

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*