Басты бет » Әдебиет » Шекарадағы ой

Шекарадағы ой

Шекара. Кеден. Көксегені көк,

Сапардың сырын екшеледі көп,

Бір ғасыр бұрын қазақтың жері еді,

Саясат солай тексереді бек.

Бабамның жері, жатсынба мені.

 

Көрмеген мұндай қарсылықтарды,

Көзімнен моншақ шашылып қалды,

Жаманқаланы  көрсем бе деген

Көңілім кенет басылып қалды.

 

Керемет самал есетін еді,

Керуендетіп қазақ көшетін еді,

Бөкенбай батыр сарбаздарын да,

Ұмытты ма бұл жер Есетін енді.

 

Жайық пен Ордың тоғысқан жері —

Төлеген, Жібек танысқан еді.

Ер Сәрке мұнда қарыс жер үшін

Қалмақ, башқұртпен алысқан еді.

 

Бабам бар деп  қанатын қомдай,

Жетсем бе дейді  тағаты қалмай.

Дербісәліні білмейміз дейді

Сағынып бар жұрт баратын, Алла-ай…

 

Тұрғандар көп-ақ азаннан әлі,

Кедергі болып жазаланғаны,

Кімің бар мұнда, барасың қайда?

Қинайды солай мазалағаны,

Бабамның жері, жатсынба мені.

 

Аңызды тыңдап ғұламасынан,

Шырқалатын-ды құмар асыл ән,

Дербісәлінің тас мешітінің

Естілді Құран мұнарасынан.

 

Ассалаумағаләйкүм,

Бабам мен Далам!

Құшақтап жатқан бір-бірін.

Ақтөбе жақтан келді ғой балаң

Бір аунап түсші, түрейін көктің түндігін.

 

Қарайды бізге таңырқап қалаң,

Жайықтың бойы жаңа ұрпақ-ғалам.

Жусаныңды иіскеп, Атамекенім,

Қайтейін бірақ, жабырқап барам,

Бабамның жері, жатсынба мені…

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ.

Жаманқала-Ақтөбе.  

                                                                              

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*